Home Blog Page 66

ТҮРКІСТАН: «MIRAS» кеңесі жылды қорытындылады

0

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің биылғы жылдағы соңғы отырысы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

        

Жұмыс жиынын  кеңес төрағасы, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева жүргізді.

 

Партия алаңында бас қосқан азаматтық қоғам өкілдері өңірдің дамуында аса маңызды орны бар мәдениет және туризм салаларының өзекті мәселелерін талқылады, рухани құндылықтарын сақтау, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және оларды тиімді пайдалану мемлекеттік саясатын іске асырудағы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 

«- Бүгінгі жиында партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында белгіленген маңызды тармақтың бірі – қасиетті және маңызды орындарға өлкетану экспедицияларын өткізу, облыстың киелі жерлерін абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды қарастыратын боламыз. Бұл басымдық өңірдің туристік әлеуетін арттырумен қатар, тарихи сананы қалыптастыруға және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосады деп білеміз. Сонымен қатар, Созақ және Бәйдібек аудандарында мәдениет және туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасалады. Аталған аудандардағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы, оларға күтім көрсету, қорғау және туристік айналымға енгізу мәселелері де бүгінгі талқылаудың негізгі өзегіне айналмақ. Бүгінгі отырыстың басты мәні – атқарылған жұмыстарды саралап, кемшіліктер мен түйткілді мәселелерді ашық талқылау, сондай-ақ алдағы кезеңге нақты міндеттер мен ұсыныстарды айқындау. Осыған байланысты баршаңызды жұмыс жиынына белсенді қатысып, салмақты пікірлер мен нақты ұсыныстар білдіруге шақырамын», — деді Қалыйма Жантөреқызы.

 

Кеңес жиынында қаралған бірінші мәселе бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сұлтанбек хабарлама жасап, партия айқындаған міндеттер шеңберінде облыстық мәдениет басқармасына 3 индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жүктелгенін хабарлады.

 

«- Облыс ауқымында 1783 тарих және мәдениет ескерткіштері тіркеуге алынған. Биылғы 11 айда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Отырар мемлекеттік қорық музейінің  құрамындағы тарихи орындарға 958,8 мың адам келді. Бірқатар тарихи орындар абаттандырылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтсе, Созақ ауданындағы Қарабура кесенесі аумағына ағаш көшеттері отырғызылып, зияратшыларға арналған шатыр қойылды, жолы ретке келтірілді. Ағаш көшеттері Ысқақ бап және Баба Түкті Шашты Әзіз кесенелерінің аумағына да отырғызылды», — деді Нұрдәулет Келдібекұлы.

 

Кеңес мүшелері тарихи орындарға келушілер санының объективтілігін сұрады. Басты тарихи мұрамыз – Қожа Ахмет Ясауаи кесенесіне келушілердің статистикасы сатылған билеттер санымен түзілетіні, қазіргі кезде кесене «Қазқайтажаңарту» РМК-мен жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарына жабылғаны айтылып, келушілердің басым бөлігі тарихи кешен сыртынан тамашалайтыны түсіндірілді. Дегенмен, Түркістанға келетін шетелдік туристер саны айтарлықтай артқаны мәлімделді.

 

Күн тәртібінде қойылған екінші мәселе бойынша Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова хабарлама жасап, ауданда барлығы 41 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсететінін айтты. Биыл аудан көлемінде 9 мәдениет мекемесі ағымдағы жөндеуден өтіп, көп жылдардан бері өзекті болып келген мәселе шешім тапқаны хабарланды. Есепті хабарламада мәдениет мекемелерінің кадрлық құрамы, ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстар, кітапхана қызметі жайлы толық ақпараттар ұсынылды.

 

Сонымен қатар тарихи маңызға ие нысандардың жай күйі, оларға күтім көрсету, абаттандыру жұмыстарының барысы айтылды. Атап өтуіміз керек, Созақ ауданында Ысқақ бап кесенесі мен медресесі, VII-X ғасырларға тиесілі қираған қорған орны, Ноғай Ишан мешіті, Ақбикеш мұнарасы республикалық маңызға ие ескерткіштер тізіміне енген болса, жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында 14 тарихи ескерткіш тізімге алынған. Аудан әкімінің орынбасары Созақ ауылдық округінде ескі қалашық орны табылғанын, оны зерттеуге, жергілікті маңызға ие тарихи ескерткіштер тізіміне қосуға  партияның «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңесі арқылы көтеруге ұсыныс білдірді. Айтылған ұсыныс кеңес құрамы тарапынан қолдау тауып, бұл мәселені облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Қалыйма Жантөреқызы өз бақылауына алды.

 

Көтерілген тақырып бойынша кеңес мүшелері Ақбикеш мұнарасының қазіргі жағдайы бойынша көптеген сауалдар қойды. Еске салатын болсақ, аталған ескерткіштің бір бөлігі биылғы қаңтарда құлаған болатын. Ескерткіштің жағдайы ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК мамандарымен бақылаудан өткізілген. Жауапты ұйымның шешімімен ескерткіштің қалған тарихи бөлігінің деңгейінде мұнараны сақтау бойынша консервация жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында  аяқталған. Қазір бұл нысанның жай-күйі сала мамандарының бақылауына алынған.   

Осы мәселе жайында кеңес мүшесі, «Oinet.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, «Рейтинг» газетінің тілшісі Аида Өтеп хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Созақ қалашығына айрықша назар аударылу керектігін айтып, осы аудандағы «Хан мазары» тарихи орны бойынша да нақты шешім қабылдануы тиіс деп білетінін жеткізді. Ақбикеш мұнарасы соңғы бес жыл ішінде екі рет құлағанын айта отырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бермей, қолайсыз ауа райынан қорғайтын жағдай жасалуы керек екеніне баса мән берді. Келушілер қатары көп Ысқақ баба кесенесінің инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту бойынша ұсынысын айтты.

 

Жиынның күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызәлиевтің есебі тыңдалды. Хабарламада аудандағы мәдениет мекемелерінің қызметімен қоса туризм саласын ілгерілету бағытында қолға алынған іргелі бастамалар туралы мағлұмат берді. Аудандағы «Аппақ ишан» мешіт-медресесі, «Ақмешіт» үңгірі, «Бәйдібек ата», «Домалақ ана», «Қос ана» кесенелері, Боралдай петроглифтері сынды тарихи және мәдени маңызға ие нысандардың сақталуы, қорғалуы, абаттандырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 

Ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына кеңес мүшесі,  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директоры-бас редакторы Абай Балажан жоғары бағасын берді. Ауданда ұлттық мәдениетке жанашырлық, тарихи мұраға қамқорлық айрықша сезілетінін атап өтті.

 

Кеңес мүшесі, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков тарихи мұраларды жөндеу мәселесі жыл сайын қайталанатын, созбалаңға түсіп, жыл сайын қаржы бөлуге ғана қызмет ететін үрдіске айналғанын жеткізді. Бұл үрдісті тоқтататын уақыт жеткенін, сақтауға келмейтін нысандар болса, орнына бастапқы қалпындағы жаңа нысандар салуға болатынын айтты. Облыстық мәдениет басқармасына базынасын жеткізе отырып, елге белгілі бірқатар азаматтарға қойылған ескеркіштерді ашуға рұқсат алу созбалаңға түсіп жатқанын  мәлімдеді. Олардың қатарында оңтүстіктегі айтыс мектебінін анасы атанған Тәушен Әбуованың, Кеңестер Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтың ескерткіштері бар екеніне тоқталды. Облыс көлемінде осы санатта 7-8 ескерткіш ашылмай отырғанын жеткізіп, облыстық мәдениет басқармасы олардың іздеушісі бола алмай жатқанына қынжылысын білдірді.

 

Кеңес отырысында айтылған барлық ұсыныстар жиынның қорытынды құжатында көрсетілетін болды. Жиынды қортындылаған Қалыйма Жантөреқызы кеңестің бүгінгі отырысы өткен жылға жасалған салмақты қорытынды, алға қойған мақсаттарымызды нақтылайтын маңызды басқосу болғанын айтты. Кіріп келе жатқан 2026 жыл елдік мұраттарды іспен дәлелдейтін, ұлт мұрасын ұрпақ санасына терең сіңіретін жыл болсын деген тілегін жеткізді.

Кентауда жыл бойы жұмыс істейтін гидропоникалық ферманың құрылысы басталды

0

Қарнақ ауылында жыл бойы жұмыс істейтін гидропоникалық ферманың құрылысы басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қарнақ ауылында көкөніс, салат, түрлі жидектер өндіруге бағытталған, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи гидропоникалық ферманың құрылысы басталды.

 

Жоба — ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір экономикасын нығайту мақсатында қолға алынған. Аталған нысан Қарнақ ауылындағы Өндіріс парк аумағында бой көтеруде.

Жаңа өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, өнімді маусымға тәуелсіз түрде, тұрақты өсіруге мүмкіндік береді. Бұл экологиялық таза әрі сапалы өнім көлемін арттыруға, сонымен қатар ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға жол ашады.

 

Қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков құрылыс барысымен танысып, кәсіпкерге әкімдік тарапынан қажетті қолдау жұмыстары жүргізілетінін, сондай-ақ, алдағы уақытта да Өндірістік парк аумағынан өз кәсіптерін бастайтын кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

 

Өндіріс орны толық іске қосылғанда Қарнақ ауылы тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артады. Сонымен қатар, гидропоника технологиясы су ресурстарын үнемді пайдалануға және ауыл шаруашылығына инновациялық тәсілдерді енгізуге жол ашады. Айта кету керек қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасымен кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыру мақсатында Қарнақ ауылынан арнайы 10 гектар жер бөлінді. Бүгінде онда бірнеше кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыруды жоспарлауда.

Түркістанда №2 жедел жәрдем бекеті пайдалануға берілді

0

Түркістанда №2 жедел медициналық жәрдем бекеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласында №2 жедел медициналық жәрдем бекеті күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

 

Қала басшысы  Әзімбек Пазылбекұлы медицина қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын дамыту, жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

 

Қараусыз қалған ғимарат қайта жаңғыртылып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Ғимаратта медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне  қолайлы жағдай жасалған.

 

Қазіргі таңда №2 жедел медициналық жәрдем бекетінде тәулік бойы 10 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 2 дәрігерлік және 8 фельдшерлік бригада қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бекетте жалпы 127 медицина қызметкері еңбек етіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы аритмология клиникасының жұмысымен танысты

0

QULAGER.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы аритмология клиникасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

 

Президент жүрек соғысының бұзылуын жедел емдеуге маманданған медициналық мекемеге барды.

 

Өңірдегі бірегей орталық жүректі радиожиілік пен криоаблация тәсілдерімен емдейді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа клиниканың кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек, соның ішінде жоғары технологиялық араласу арқылы дәрігерлік жәрдемнің толық спектрін көрсете алатыны жөнінде баяндалды.

 

Мекеме бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ 47 орындық стационар бар.

 

Орталыққа құйылған жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады.

Мемлекет басшысы Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа барды

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа барды, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында мамандандырылған әскери мектеп-интернатының қызметімен танысты.

Мемлекет басшысы оқу кабинеттері мен спорт залын аралап көрді.

Президентке мекемеде 180 бала білім алып, интернатта тұратыны жөнінде баяндалды.

Мектеп жас өскіндерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7-11 сыныптарға арналған.

Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботты техника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады.

Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартты.

Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді

0
Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
– Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал.
Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек.
Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады.
Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс.
Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесуде.
Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды

Қыс мезгіліндегі жиі кездесетін аурулар және олардың алдын алу жолдары

0

Ауа райының құбылмалылығы иммунитеттің төмендеуіне және түрлі аурулардың өршуіне себеп болады.

🦠 1. ЖРВИ және тұмау
Күзде ауа салқындап, адамдар жабық ғимараттарда көп уақыт өткізеді. Бұл вирустардың тез таралуына жағдай жасайды.
Алдын алу:
Иммунитетті күшейтіңіз (дәрумендер, дұрыс ұйқы, таза ауада серуен).
Қолды жиі жуыңыз.
Тұмауға қарсы екпе алыңыз.
🤧 2. Аллергиялық ринит
Күзде өсімдік тозаңы мен зең споралары көбейеді, бұл аллергиясы бар адамдарға қиындық тудырады.
Алдын алу:
Терезені жиі ашып желдетіңіз.
Үйді таза ұстаңыз, шаңсорғышты қолданыңыз.
Дәрігер кеңесімен антигистаминді дәрі қолданыңыз.
💧 3. Тамақ және бронх аурулары
Суық ауа, салқын сусын немесе жаңбыр астында қалу — ангина мен бронхитке жол ашады.
Алдын алу:
Жылы киініңіз, әсіресе мойын мен аяқ жылы болсын.
Суық тағам мен сусыннан бас тартыңыз.
Көп су ішіп, жылы шай ішіңіз.
💔 4. Созылмалы аурулардың асқынуы
Күзде қысымның ауытқуы мен ауа райының өзгеруі жүрек-қан тамыр және буын ауруларын күшейтеді.

Алдын алу:
Дәрігер ұсынған емді үзбей қабылдаңыз.
Дұрыс тамақтаныңыз, физикалық белсенділікті сақтаңыз.
Суықтан сақтаныңыз.

Қыс мезгілі — ағзаны қамқорлыққа алатын кезең. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, таза ауа және профилактикалық шаралар сізді көптеген маусымдық аурулардан қорғайды.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Денсаулықты нығайтатын мектептер: мәні, қағидаттары

0

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер, ақпараттық қарқын және өмір салтының күрделенуі балалар денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі – оқушының денсаулығын сақтау және нығайту. Осыған байланысты әлемнің көптеген елдерінде денсаулықты нығайтатын мектептер (ДНМ) концепциясы кеңінен қолданысқа енгізілуде.

Денсаулықты нығайтатын мектеп деген не?
Денсаулықты нығайтатын мектеп – бұл тек оқу орны емес, ол оқушылардың дене, психикалық және әлеуметтік денсаулығын кешенді түрде жақсартуға бағытталған білім беру ортасы. Мұндай мектепте барлық педагогтар, медицина қызметкерлері және ата-аналар бірлесіп, сау орта қалыптастыруға жұмыс істейді.
Негізгі мақсаттары
1. Оқушының денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу.
2. Денсаулыққа пайдалы өмір салтын қалыптастыру.
3. Жан-жақты қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын құру.
4. Психологиялық жайлылық пен әлеуметтік қолдау көрсету.
Басты қағидаттары
1. Сау орта құру
• Мектеп ғимаратының таза, желдетілген болуы
• Дұрыс жарықтандыру
• Сапалы ауыз су мен қауіпсіз тамақтану
• Спорт аймақтарының болуы
2. Денсаулықты білім арқылы нығайту
Сабақ барысында салауатты өмір салты туралы білім беру:
• дұрыс тамақтану
• қозғалыс белсенділігі
• стресс пен эмоцияны басқару
• зиянды әдеттердің алдын алу
3. Денсаулыққа пайдалы әдеттерді күнделікті енгізу
• Денсаулық сабақтары
• Спорттық жарыстар
• Арнайы белсенді үзілістер
• «Салауатты апта», «Спорт күні» секілді іс-шаралар
4. Психологиялық қолдау
• мектеп психологының жұмысы
• буллингтің алдын алу
• эмоциялық жайлылықты қамтамасыз ету
• достық қарым-қатынасты дамыту
5. Ата-аналармен серіктестік
ДНМ бағдарламасы тек мектеппен шектелмейді, ата-ананың рөлі де маңызды:
• Жиналыстар, тренингтер
• Отбасылық спорт шаралары
• Үй жағдайында дұрыс әдет қалыптастыру
Мұндай мектептердің артықшылықтары
• Оқушылардың жалпы денсаулығы жақсарады
• Сабақ үлгерімі артады
• Балаларда стресске төзімділік қалыптасады
• Мектептегі психологиялық климат жақсарады
• Қауіпсіздік деңгейі артады
• Спортқа, белсенді өмірге қызығушылық пайда болады

Денсаулықты нығайтатын мектеп – болашақтың дені сау, білімді, белсенді ұрпағын тәрбиелеудің тиімді моделі. Мұндай мектептерде оқушылар тек оқу үлгерімін арттырып қана қоймай, өмір бойы қолдана алатын маңызды дағдыларды меңгереді. Жас буынның денсаулығын қорғау — қоғамның тұрақты дамуының негізі.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Құтырма және оның алдын алу

0

🦠 Құтырма дегеніміз не?
Құтырма – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын өте қауіпті вирустық ауру. Бұл ауру ит, мысық, түлкі, қасқыр және басқа да жабайы жануарлардың тістеуі немесе сілекейі арқылы жұғады.
Егер адам уақытылы екпе алмаса – ауру өліммен аяқталады.

📌 Ауру қалай жұғады?
Ауру жұқтырған жануардың тістеуі немесе тырнауы арқылы;
Жануардың сілекейі жараға, терінің зақымданған жеріне түссе;
Сирек жағдайда – шырышты қабық арқылы (мысалы, көзге немесе ауызға сілекей түсуі).

🧠 Құтырманың белгілері (адамда):
Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жара орнының ауыруы;
Жарықтан, шудан, судан қорқу;
Аяқ-қолдың тартылуы, тыныс алудың қиындауы;
Селкілдеу, сандырақтау;
Ауру асқынған кезде өлімге алып келеді.

✅ Алдын алу шаралары
1. Үй жануарларын (ит, мысық) жыл сайын егу
Құтырмаға қарсы вакцина жылына 1 рет тегін салынады.
Бұл – жануар мен иесін қорғаудың ең тиімді жолы.
2. Бөтен және жабайы жануарлардан сақ болу
Адам қолына үйренбеген, агрессивті немесе тынышсыз жануарларға жақындамаңыз.
Балаларға үй жануарларымен қауіпсіз қарым-қатынас ережелерін үйретіңіз.
3. Тістеген жағдайда не істеу керек?
Жараны тез арада сабынды сумен 10–15 минут жуу;
Антисептикпен (йод, спирт) өңдеу;
Міндетті түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгіну;

🏥 Есте сақтаңыз!
Құтырма – алдын алуға болатын, бірақ емделмейтін ауру.
Әрбір жануар тістеген жағдай медициналық көмекке жүгінуді қажет етеді – тіпті кішкентай жара болса да!

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Жиі гипотермия кезеңінде тұмаудың алдын алу оңайырақ

0

Күзгі-қысқы кезеңде, жиі гипотермия кезеңінде тұмаудың алдын алу оңайырақ. Аурудың шыңы ауа-райының жылыдан суыққа, шуақты жылы күндерден жаңбырлы және желдіге дейін күрт өзгеретін уақытында болады. Бұл кезеңде иммунитет физиологиялық төмендейді, шырышты қабықтың жергілікті қорғанысы гипотермияға және витаминдер қорының біртіндеп таусылуына байланысты әлсірейді. Тәуекел тобына 65 жастан асқан адамдар, жас балалар және, әрине, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар жатады. Ауруды болдырмау үшін бірнеше кеңестер.

1. Қол гигиенасы тұмаудың таралуын болдырмаудың маңызды шарасы. Сабынмен жуу вирустарды жояды. Қолды жуу мүмкін болмаса, құрамында спирті бар немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдаланыңыз.
2. Егер сіз суық болсаңыз, мүмкіндігінше тезірек үйге баруға тырысыңыз жылы киініп, жылыну үшін жылы шай ішіңіз.
3. Жедел респираторлық вирустық инфекцияның белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болыңыз.Вирустар науқас адамнан сау адамға аya тамшылары арқылы (түшкіргенде, жөтелгенде, қол алысқанда) жұғады, сондықтан ауру адамдардан кемінде 1,5 метр қашықтықты сақтау қажет.
4. Масканы уақытында киіп, ауыстыру маңызды.
5. Бөлмені желдетіңіз, өйткені жабық бөлмеде вирустар өте жоғары.
6. Жеңіл киініп көшеге шықпаңыз. Ауа-райына сәйкес киініңіз. Аяғыңызды жылы ұстаңыз. Шарфтар мен шляпалар туралы ұмытпаңыз.
7. Мұрынды шайыңыз және шайыңыз.
8. Дәрігер ұсынған витаминдер мен иммуномодуляторларды қабылдаңыз.
9. Ұйқыңыз жеткілікті және жақсы тамақтаныңыз.
10. Позитивті ойлар ойлаңыз.
11. Жаман әдеттерден арылыңыз.
12. Өзін-өзі емдеуге болмайды. Ауыр асқынулардың алдын алу үшін емтихан мен емдеуді тағайындау үшін дәрігермен уақтылы кеңесу маңызды.

Есіңізде болсын! Уақытылы спецификалық вакцинация тұмаудың алдын алудың сенімді профилактикалық әдісі. Ауырған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек!

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков