«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің биылғы жылдағы соңғы отырысы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Жұмыс жиынын кеңес төрағасы, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева жүргізді.
Партия алаңында бас қосқан азаматтық қоғам өкілдері өңірдің дамуында аса маңызды орны бар мәдениет және туризм салаларының өзекті мәселелерін талқылады, рухани құндылықтарын сақтау, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және оларды тиімді пайдалану мемлекеттік саясатын іске асырудағы ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«- Бүгінгі жиында партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында белгіленген маңызды тармақтың бірі – қасиетті және маңызды орындарға өлкетану экспедицияларын өткізу, облыстың киелі жерлерін абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды қарастыратын боламыз. Бұл басымдық өңірдің туристік әлеуетін арттырумен қатар, тарихи сананы қалыптастыруға және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосады деп білеміз. Сонымен қатар, Созақ және Бәйдібек аудандарында мәдениет және туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасалады. Аталған аудандардағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы, оларға күтім көрсету, қорғау және туристік айналымға енгізу мәселелері де бүгінгі талқылаудың негізгі өзегіне айналмақ. Бүгінгі отырыстың басты мәні – атқарылған жұмыстарды саралап, кемшіліктер мен түйткілді мәселелерді ашық талқылау, сондай-ақ алдағы кезеңге нақты міндеттер мен ұсыныстарды айқындау. Осыған байланысты баршаңызды жұмыс жиынына белсенді қатысып, салмақты пікірлер мен нақты ұсыныстар білдіруге шақырамын», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Кеңес жиынында қаралған бірінші мәселе бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сұлтанбек хабарлама жасап, партия айқындаған міндеттер шеңберінде облыстық мәдениет басқармасына 3 индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жүктелгенін хабарлады.
«- Облыс ауқымында 1783 тарих және мәдениет ескерткіштері тіркеуге алынған. Биылғы 11 айда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Отырар мемлекеттік қорық музейінің құрамындағы тарихи орындарға 958,8 мың адам келді. Бірқатар тарихи орындар абаттандырылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені жаңғыртудан өтсе, Созақ ауданындағы Қарабура кесенесі аумағына ағаш көшеттері отырғызылып, зияратшыларға арналған шатыр қойылды, жолы ретке келтірілді. Ағаш көшеттері Ысқақ бап және Баба Түкті Шашты Әзіз кесенелерінің аумағына да отырғызылды», — деді Нұрдәулет Келдібекұлы.
Кеңес мүшелері тарихи орындарға келушілер санының объективтілігін сұрады. Басты тарихи мұрамыз – Қожа Ахмет Ясауаи кесенесіне келушілердің статистикасы сатылған билеттер санымен түзілетіні, қазіргі кезде кесене «Қазқайтажаңарту» РМК-мен жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарына жабылғаны айтылып, келушілердің басым бөлігі тарихи кешен сыртынан тамашалайтыны түсіндірілді. Дегенмен, Түркістанға келетін шетелдік туристер саны айтарлықтай артқаны мәлімделді.
Күн тәртібінде қойылған екінші мәселе бойынша Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова хабарлама жасап, ауданда барлығы 41 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсететінін айтты. Биыл аудан көлемінде 9 мәдениет мекемесі ағымдағы жөндеуден өтіп, көп жылдардан бері өзекті болып келген мәселе шешім тапқаны хабарланды. Есепті хабарламада мәдениет мекемелерінің кадрлық құрамы, ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстар, кітапхана қызметі жайлы толық ақпараттар ұсынылды.
Сонымен қатар тарихи маңызға ие нысандардың жай күйі, оларға күтім көрсету, абаттандыру жұмыстарының барысы айтылды. Атап өтуіміз керек, Созақ ауданында Ысқақ бап кесенесі мен медресесі, VII-X ғасырларға тиесілі қираған қорған орны, Ноғай Ишан мешіті, Ақбикеш мұнарасы республикалық маңызға ие ескерткіштер тізіміне енген болса, жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында 14 тарихи ескерткіш тізімге алынған. Аудан әкімінің орынбасары Созақ ауылдық округінде ескі қалашық орны табылғанын, оны зерттеуге, жергілікті маңызға ие тарихи ескерткіштер тізіміне қосуға партияның «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңесі арқылы көтеруге ұсыныс білдірді. Айтылған ұсыныс кеңес құрамы тарапынан қолдау тауып, бұл мәселені облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Қалыйма Жантөреқызы өз бақылауына алды.
Көтерілген тақырып бойынша кеңес мүшелері Ақбикеш мұнарасының қазіргі жағдайы бойынша көптеген сауалдар қойды. Еске салатын болсақ, аталған ескерткіштің бір бөлігі биылғы қаңтарда құлаған болатын. Ескерткіштің жағдайы ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК мамандарымен бақылаудан өткізілген. Жауапты ұйымның шешімімен ескерткіштің қалған тарихи бөлігінің деңгейінде мұнараны сақтау бойынша консервация жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында аяқталған. Қазір бұл нысанның жай-күйі сала мамандарының бақылауына алынған.
Осы мәселе жайында кеңес мүшесі, «Oinet.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, «Рейтинг» газетінің тілшісі Аида Өтеп хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Созақ қалашығына айрықша назар аударылу керектігін айтып, осы аудандағы «Хан мазары» тарихи орны бойынша да нақты шешім қабылдануы тиіс деп білетінін жеткізді. Ақбикеш мұнарасы соңғы бес жыл ішінде екі рет құлағанын айта отырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бермей, қолайсыз ауа райынан қорғайтын жағдай жасалуы керек екеніне баса мән берді. Келушілер қатары көп Ысқақ баба кесенесінің инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту бойынша ұсынысын айтты.
Жиынның күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызәлиевтің есебі тыңдалды. Хабарламада аудандағы мәдениет мекемелерінің қызметімен қоса туризм саласын ілгерілету бағытында қолға алынған іргелі бастамалар туралы мағлұмат берді. Аудандағы «Аппақ ишан» мешіт-медресесі, «Ақмешіт» үңгірі, «Бәйдібек ата», «Домалақ ана», «Қос ана» кесенелері, Боралдай петроглифтері сынды тарихи және мәдени маңызға ие нысандардың сақталуы, қорғалуы, абаттандырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына кеңес мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директоры-бас редакторы Абай Балажан жоғары бағасын берді. Ауданда ұлттық мәдениетке жанашырлық, тарихи мұраға қамқорлық айрықша сезілетінін атап өтті.
Кеңес мүшесі, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков тарихи мұраларды жөндеу мәселесі жыл сайын қайталанатын, созбалаңға түсіп, жыл сайын қаржы бөлуге ғана қызмет ететін үрдіске айналғанын жеткізді. Бұл үрдісті тоқтататын уақыт жеткенін, сақтауға келмейтін нысандар болса, орнына бастапқы қалпындағы жаңа нысандар салуға болатынын айтты. Облыстық мәдениет басқармасына базынасын жеткізе отырып, елге белгілі бірқатар азаматтарға қойылған ескеркіштерді ашуға рұқсат алу созбалаңға түсіп жатқанын мәлімдеді. Олардың қатарында оңтүстіктегі айтыс мектебінін анасы атанған Тәушен Әбуованың, Кеңестер Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтың ескерткіштері бар екеніне тоқталды. Облыс көлемінде осы санатта 7-8 ескерткіш ашылмай отырғанын жеткізіп, облыстық мәдениет басқармасы олардың іздеушісі бола алмай жатқанына қынжылысын білдірді.
Кеңес отырысында айтылған барлық ұсыныстар жиынның қорытынды құжатында көрсетілетін болды. Жиынды қортындылаған Қалыйма Жантөреқызы кеңестің бүгінгі отырысы өткен жылға жасалған салмақты қорытынды, алға қойған мақсаттарымызды нақтылайтын маңызды басқосу болғанын айтты. Кіріп келе жатқан 2026 жыл елдік мұраттарды іспен дәлелдейтін, ұлт мұрасын ұрпақ санасына терең сіңіретін жыл болсын деген тілегін жеткізді.

