Қарнақ ауылында жыл бойы жұмыс істейтін гидропоникалық ферманың құрылысы басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қарнақ ауылында көкөніс, салат, түрлі жидектер өндіруге бағытталған, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи гидропоникалық ферманың құрылысы басталды.
Жоба — ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір экономикасын нығайту мақсатында қолға алынған. Аталған нысан Қарнақ ауылындағы Өндіріс парк аумағында бой көтеруде.
Жаңа өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, өнімді маусымға тәуелсіз түрде, тұрақты өсіруге мүмкіндік береді. Бұл экологиялық таза әрі сапалы өнім көлемін арттыруға, сонымен қатар ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға жол ашады.
Қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков құрылыс барысымен танысып, кәсіпкерге әкімдік тарапынан қажетті қолдау жұмыстары жүргізілетінін, сондай-ақ, алдағы уақытта да Өндірістік парк аумағынан өз кәсіптерін бастайтын кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Өндіріс орны толық іске қосылғанда Қарнақ ауылы тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артады. Сонымен қатар, гидропоника технологиясы су ресурстарын үнемді пайдалануға және ауыл шаруашылығына инновациялық тәсілдерді енгізуге жол ашады. Айта кету керек қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасымен кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыру мақсатында Қарнақ ауылынан арнайы 10 гектар жер бөлінді. Бүгінде онда бірнеше кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыруды жоспарлауда.

