Home Blog Page 4

Түркістан облыстық сотында ашық есік күні өтті

0

Әкімшілік әділет жүйесінің қалыптасқанына 5 жыл толуына орай Түркістан облыстық сотында студенттер үшін ашық есік күні өтті , деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2020 жылғы 29 маусымда қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Заңды күшіне енген.

 

Мемлекет Басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы №500 жарлығына сәйкес Республика бойынша мамандандырылған әкімшілік соттар, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылардағы әкімшілік алқалар құрылып, 2021 жылғы 1 шілдеден Әкімшілік әділет жүйесі өз жұмысын бастады.

 

Биыл Президент Жарлығымен бекітілген Әкімшілік әділет жүйесінің қалыптасқанына 5 жыл толып отыр.

 

Осыған орай, бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес болашақ заңгер мамандығы бойынша білім алушыларға арналған ашық есік күні өткізілді.

 

Ашық есік күніне Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнің, «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің жәнеТүркістан Болашақ көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.

 

Облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов студенттерге заң мамандығының ерекшелігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.

 

Ашық есік күні – тек таныстыру іс-шарасы ғана емес, студенттердің болашақ мамандықтарына жақындауына жол ашқан маңызды кездесу болды.

Түркістандық полицейлер 30 отбасыға құқықтық кеңес берді

0

Түркістан облысында полицейлер 30 отбасыға құқықтық кеңес берді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында Кентау қаласында профилактикалық есепте тұрған 30 отбасының тұрғылықты мекенжайлары араланып, құқықтық кеңестер берілді.

 

Полицейлер тұрғындарға отбасындағы татулықтың маңызы мен зорлық-зомбылықтың зияны туралы түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық жадынамалар таратты.

 

Акцияның негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алып, отбасындағы қауіпсіздік пен бірлікті нығайту.

«Соңғы қоңырау»: Түркістан облысында заңсыз кортеждерге жол берілмейді

0

Түркістан облысында «Соңғы қоңырау» кезіндегі заңсыз кортеждерге жол берілмейді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар орталығында «Соңғы қоңырау» іс-шаралары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг өтті. Брифингке Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Алихан Алентаев қатысып, БАҚ өкілдеріне облыс көлемінде түлектердің қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан шараларды баяндады.

 

Полиция подполковнигі А.Алентаев:

 

«Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасына байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2000-ға жуық полиция қызметкері мен 400-ге жуық қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Мектеп бітірушілер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз автокортеждер ұйымдастыруға, жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу бағытында профилактикалық шаралар күшейтілді», — деді.

 

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, мопед пен автокөлікті жасөспірімдердің басқаруы, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасын қабылдады

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Палатаның атқарған қызметі туралы мәлімет берілді.

 

Ерлан Қошанов Парламент жаңа Ата заңның нормаларын іске асыруға жол ашатын жеті конституциялық заңды сапалы әрі уақтылы қабылдағанын айтты.

 

Соның ішінде «Президент туралы», «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» және басқа да конституциялық заңдар бар.

 

Аталған жұмыс қоғам өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен ашық жүргізілді.

 

Жалпы, Мәжіліс сессиясы басталғаннан бері 89 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Олардың арасында Құрылыс, Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект, банк және банк қызметі, құқықбұзушылықтың алдын алу, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге өзгерістер енгізу, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік наградалар, ғылым мәселелері, педагог мәртебесін көтеру, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жеке сот орындаушылар қызметі және басқа да заңдар бар.

 

Қазір депутаттардың қарауында 80 заң жобасы жатыр. Оның қатарында жаңа Конституция қабылдауға байланысты рақымшылық жариялау, жол қозғалысындағы цифрландыру мен қауіпсіздік, жергілікті өзін-өзі басқару, телекоммуникация нарығын дамыту, машина жасау саласын дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру, нотариат және басқа да мәселелер туралы заң жобаларын айтуға болады.

 

Мәжіліс сессия соңына дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылымды дамытуға бөлінген қаржыны орынды жұмсау, былтырғы республикалық бюджетті игеруге қатысты Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін және депутаттардың аймақтарға сапары кезінде сайлаушылар тарапынан түскен өтініштердің нәтижелері бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

 

Мәжіліс заң шығару ісінде ашықтыққа және сарапшылық топпен ынтымақтастыққа баса назар аударады.

 

Қоғамдық палата отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыс қорытындылары, атап айтқанда, ТүрікПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа парламентаралық ұйымдармен ықпалдастық жайында баяндады.

Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті мемлекеттік сапармен келеді

0

QULAGER.KZ. 27-29 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорда.

 

Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

 

28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.

 

29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.

ТҮРКІСТАН: Сауранда мұқтаж отбасыға баспана табысталды

0

Сауран ауданында мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Сауран ауданы Құмтүйін елді мекенінде қайырымдылық пен бірлікті насихаттаған тағылымды іс-шара өтті. Сауран ауданының 1989 жылы туған азаматтарының бастамасымен баспанаға мұқтаж отбасыға арналып жаңа тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

 

Тұрғын үй кілтін табыстау рәсіміне Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, қайырымды іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

 

Іс-шара барысында тұрғын үй құрылысына белсенді қатысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Айта кетейік, аталған қайырымдылық бастамасы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін бірқатар отбасы баспаналы болып, игі жоба ел тұрғындарының қолдауына ие болған.

ТҮРКІСТАН: Мақтааралда спорт және ойын алаңшасы ашылды

0

Мақтаарал ауданында жаңа спорт және балалар ойын алаңшасы ашылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Мақтаарал ауданындағы Өркен ауылында заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Ауыл халқы көптен күткен нысанның пайдалануға берілуі тұрғындар үшін ерекше қуанышқа айналды.

 

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде Бижан Шералыұлы шағын ғана ауыл болғанымен, Өркен елді мекенінде халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, ауылда мектеп, балабақша, табиғи газ, ауыз су, жол секілді негізгі инфрақұрылым жүйелері толық тартылған. Енді балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік беретін жаңа спорт нысаны іске қосылып отыр.

 

Жаңа нысан бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтқанда, тұрғындар үшін заманауи талапқа сай қоршалған кіші футбол алаңы салынған. Жасанды көгал төселген алаң кешкі уақытта да пайдалануға қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, волейбол алаңшасы да бар. Сондай-ақ, балаларға арналған түрлі ойын құрылғылары орнатылып, сырғанақтар, әткеншектер, жаттығу құрылғылары қойылған.

 

Спортпен шұғылданушылар үшін воркаут алаңы орнатылып, тұрғындарға орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Алаң аумағы толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Бұл нысан ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына үлкен мүмкіндік береді.

ТҮРКІСТАН: Шардарада тағы бір мұқтаж отбасы баспаналы болды

0

Шардарада 20 жыл бұрынғы мектеп түлектері мұқтаж отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Шардара қаласындағы Шардара жалпы орта мектебін 2006 жылы бітірген 1988 жылы туған түлектер мұқтаж отбасыға жаңа баспана сыйлады.

 

Қайырымдылық шарасына аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов қатысып, өз сөзінде «Бүгінгі игі істеріңіз — бір әулетке ғана емес, тұтас қоғамға үлгі. Жомарттық — байлықпен емес, жүрекпен өлшенеді. Осындай ауызбіршілігі мықты, кеңпейілді азаматтар барда елдің бірлігі де, берекесі де арта береді», — деп тілегін жеткізді.

 

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары жомарт жандарды аудан әкімі Арман Қарсыбаевтің атынан Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сияпат табыстады.

Түркістанда Президент телерадиокешенінің кинолекторийі өтті

0

Түркістанда Президент телерадиокешенінің кинолекторийі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бұл ауқымды ағарту жобасы ҚР Президенті телерадиокешенінің (ТРК) 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатыр.

 

Кинолекторийлер сериясының бірінші күнінде Түркістан көрермендеріне «Арал» және «Серт» деректі фильмдері көрсетілді.

 

«Аралдың» басты кейіпкері – өмір бойы теңіз жағасында өмір сүріп, балық аулаумен айналысқан қарт балықшы Күнтуған Тұрғанбаев. Оның тағдыры арқылы фильм түсірушілер Арал теңізінің тарихын, адам мен табиғат арасындағы байланыс және соңғы онжылдықта аймақта болған өзгерістер жайын ашады.

 

Күнтуған Тұрғанбаев түсірілімге қатысу ол үшін ерекше тәжірибе болғанын айтады.

 

– Мен түсірілім тобымен бір аптадай уақыт өткіздім және ертеректе балық аулаған таныс жерлерді қайтадан көру мүмкіндігі туды. Теңіз 1960 жылдары тартыла бастады және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында біртіндеп қалпына келе бастағаны өте маңызды, – деп атап өтті ол.

 

Фильмде айтылғандай, Арал теңізінің шамамен 36%-ы қалпына келтірілді.

 

«Серт» фильмі көрермендерді Қазақстанның 2024 жылдың көктеміндегі жойқын су тасқынының салдарын қалай жеңгенімен таныстырады. Мемлекет басшысының жеке басшылығымен апат салдарынан болған залал тез арада қалпына келтірілді: жаңа үйлер салынды, инфрақұрылым қалпына келтірілді, адамдар өз үйлеріне оралды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов те фильмге жоғары баға берді.

 

– Екі фильм де өте әсерлі және эмоцияға толы болды. Күнтуған атаның тағдыры тұтас аймақтың тарихын ашады. «Серт» бірлік пен ынтымақтастықтың табиғат құбылыстарын қалай жеңгенін көрсетеді, – деп атап өтті ол.

 

Көрсетілімнен кейін көрермен фильмдерден алған әсері туралы айтты. Түркістан тұрғындары режиссура мен операторлық шеберліктің жоғары деңгейін, сондай-ақ сюжеттік баяндаудың шынайылығы мен реализмін атап өтті.

 

Түркістан тұрғыны Жанна Жайлаубайқызы «Арал» фильмін халықаралық деректі жобалармен салыстырды.

 

– Арал – тек теңіз ғана емес, сонымен қатар оның маңында тұратын адамдардың тағдыры. Күннің батуы және ақсақалдың төбеде отырып, естеліктерімен бөлісетін көріністер сияқты символикалық элементтер фильмнің көркемдік тереңдігін көрсетеді, – деп атап өтті ол.

 

Тұрғындар «Серт» фильміне де қатты әсерленіп, Президенттің қолдауы мен мемлекеттің көмегі трагедияны жеңуде шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

«Серт» фильмі қазақ қоғамының қалай біріге алатынын көрсетеді. «Фильмде тіпті ең қиын сәттерде де халықтың қайсарлығын сақтайтыны, ал мемлекет пен азаматтардың бірлескен күш-жігері дағдарысты бірлік сабағына айналдыратыны баса айтылады, – деді жергілікті тұрғын Әтіркүл Ташимова.

 

Кинолекторий сериясының екінші күнінде көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» фильмдері көрсетілді. «Travel Kazakhstan» елдің туристік әлеуетіне арналған, ал «Қуатты серіктес» Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың дамуын зерттейді.

 

Айта кетейік, Президент телерадиокешенінің «Шежіреден болашаққа» атты кинолекторий сериясы 21 мамырда Астанада ашылды.

 

Қызылорда мен Түркістаннан кейін көрсетілімдер Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.

 

Барлық фильмдер Президент телерадиокешенінің ішкі өндірістік мекемесі саналатын деректі фильмдер орталығында түсірілген. Сценарий авторы – Нұрлан Қабдай, режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.

 

Деректі көрсетілімдер аймақтық кинотеатрларда аймақтық әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылады. Кіру тегін.

 

Фильмнің соңғы көрсетілімі 25 қыркүйекте Алматыда өтеді.

Түркістанда соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтті

0

Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен дәстүрлі іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бүгін еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, түлектердің мектеппен қоштасуы ұйымдастырылуда. Түркістан облысында да бұл күн «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.

 

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы №28 мектебінде өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Шара барысында ол білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге ақжолтай тілегін жеткізді.

 

– Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Білім алып, ғылым жолында ізденіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін, – деген Ертай Кенжебекұлы үздік түлектер мен дарынды оқушыларға білім берген озат ұстаздарға құрмет көрсетті.

 

Аталған білім ордасында 2025-2026 оқу жылын 1761 оқуші аяқтап отыр. Мұндағы балалардың барлығы да талантты, дарынды, білімді. Қазіргі таңда мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. Мұнда 200-ге жуық педагог еңбек етеді. Биыл 11-сыныпты 65 түлек тәмемдаса, олардың ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік атестатқа» үміткер.

 

Салтанатты шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы түлектерге ақ жол тілеп, болашақ өмірге басқан қадамдары сәтті болуына тілек айтты.

 

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның ішінде 2 416-сы «Алтын белгіге» үміткер болса, 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім білдірген.