HomeҚоғамТҮРКІСТАН: Мақтааралда спорт және ойын алаңшасы ашылды

ТҮРКІСТАН: Мақтааралда спорт және ойын алаңшасы ашылды

Мақтаарал ауданында жаңа спорт және балалар ойын алаңшасы ашылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Мақтаарал ауданындағы Өркен ауылында заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Ауыл халқы көптен күткен нысанның пайдалануға берілуі тұрғындар үшін ерекше қуанышқа айналды.

 

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде Бижан Шералыұлы шағын ғана ауыл болғанымен, Өркен елді мекенінде халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, ауылда мектеп, балабақша, табиғи газ, ауыз су, жол секілді негізгі инфрақұрылым жүйелері толық тартылған. Енді балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік беретін жаңа спорт нысаны іске қосылып отыр.

 

Жаңа нысан бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтқанда, тұрғындар үшін заманауи талапқа сай қоршалған кіші футбол алаңы салынған. Жасанды көгал төселген алаң кешкі уақытта да пайдалануға қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, волейбол алаңшасы да бар. Сондай-ақ, балаларға арналған түрлі ойын құрылғылары орнатылып, сырғанақтар, әткеншектер, жаттығу құрылғылары қойылған.

 

Спортпен шұғылданушылар үшін воркаут алаңы орнатылып, тұрғындарға орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Алаң аумағы толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Бұл нысан ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына үлкен мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар