«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында, соңғы 3 жылда Түркістан облысында 255 млрд. теңгені құрайтын 81 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 5300-ден астам жұмыс орны ашылды. Осы кезең ішінде 87 мектеп, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт пен амбулатория, 7 спорттық нысан, 2 оңалту орталығы салынды.
Партия ықпалымен 57 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен, 126 елді мекен табиғи газбен қамтылды. Негізгі жабдықтарының тозуы қауіпті деңгейге жеткен №5 Кентау жылу энергоорталығы толығымен модернизациядан өтіп, пайдалануға берілді.
Жол құрылысы саласында жергілікті маңызы бар 773 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 24 шақырымды құрайтын Түркістан-Кентау бағытындағы автомобиль жолы толықтай жаңартылды. Түркістан-Шәуілдір автомобиль жолын реконструкциялаудың І және ІІ кезеңдері аяқталды.
Сондай-ақ партияның кешенді жоспарында қамтылған Түркістандағы «Ана мен бала» орталығының, Сарыағаштағы көпбейінді аурухананың және облыстың оңтүстік аудандары үшін стратегиялық маңызға ие ұзындығы 102 шақырымдық Сарыағаш айналма жолының құрылыстары басталды.
Осы мазмұндағы атқарылған және қолға алынған жұмыстар партияның өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтынын айқын көрсетті. Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңде, өңірлік Жол картасына 136 индикаторлық көрсеткіш пен 568 іс-шара енгізілді. Осы жоспар қабылданған үш жыл ішінде межелі көрсеткіштердің 61 пайызы немесе 344 іс-шара толығымен орындалды.
Ағымдағы жылға жоспарланған 108 іс-шараның орындалуы бақылауға алынды. Облыс аумағында партияның ерекше қадағалауында тұрған және бюджет есебінен салынып жатқан 31 әлеуметтік маңызы бар нысанда партиялық бақылау бекеттері қойылып, құрылыстың барлық кезеңдеріне қадағалау күшейтілді.
Түркістан облысы халқының 75 пайызы ауылдық аумақтарда тұратынын ескерсек, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың өзегі – ауылды дамыту екені айқын. Осы ерекшелікке сәйкес, «AMANAT» партиясының ауылға бағдарланған жобалары облыс тұрғындарының жаппай қолдауына ие болды. Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы үш жылда республикалық бюджеттен 30,2 млрд. теңгеге 3 790 жоба қаржыландырылып, 4 600-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы арқылы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оны тиімді айналымға енгізу жұмыстары қарқын алды. Жоба аясында 2022-2025 жылдар аралығында 1,8 млн. га. жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 950 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Партия бастамасының игілігін облыстағы 312 елді мекеннің тұрғындары көрді. Биыл 41 мың гектар жерді қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге дейін нақты 10 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

