HomeСпортТҮРКІСТАН: Отырарлық кәсіпкер туған жеріне спорт алаңшасын тарту етті

ТҮРКІСТАН: Отырарлық кәсіпкер туған жеріне спорт алаңшасын тарту етті

Отырарлық кәсіпкер туған жеріне жаңа спорт алаңшасын салып берді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Отырар ауданының Көксарай ауылында ауыл жастарының игілігіне арналған жаңа футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи талапқа сай салынған спорт нысанының пайдалануға берілуі ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды.

 

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары, жастар және спортсүйер қауым қатысты.

 

Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз сөйлеп, жастардың денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ауыл жастарына арнап жаңа спорт алаңын салып берген ауыл жанашыры, кәсіпкер Нұржан Нұрілдәұлына ризашылығын білдіріп, бұл игі істің жас ұрпақтың жарқын болашағына жасалған қамқорлық екенін атап өтті.

 

Қазақы дәстүрге сай ауыл ақсақалдары кәсіпкерге шапан жауып, сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Нұржан Нұрілдәұлы көрсетілген құрмет үшін ауыл тұрғындарына алғысын айтып, туған жердің өркендеуі жолындағы игі бастамаларға алдағы уақытта да қолдау көрсететінін жеткізді.

Мерекелік шараның басты сәті – жаңа футбол алаңының лентасын қию рәсімі болды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, кәсіпкер Нұржан Нұрілдәұлы және ауыл ақсақалдары нысанның лентасын қиып, алаңның ресми ашылуын жариялады.

 

Жаңа спорт нысанының ашылуы ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға серпін береді. Бұл – ел болашағы саналатын жастарға жасалған нақты қолдау мен туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі.

 

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа алаңды аралап көріп, ауыл жастары арасында ұйымдастырылған жолдастық футбол кездесуін тамашалады. Жиналған қауым жаңа спорт нысаны ауыл өміріне тың серпін беріп, болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне жол ашатынына сенім білдірді.

Ұқсас жазбалар