HomeЖаңалықТҮРКІСТАН: Жас сарбаздар алғаш рет оқу-атыс жаттығуларын орындады

ТҮРКІСТАН: Жас сарбаздар алғаш рет оқу-атыс жаттығуларын орындады

Түркістан облысында мерзімді әскери қызметшілер штаттық қарудан алғашқы практикалық атыстарын өткізді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері штаттық қарудан алғашқы практикалық атыстарын өткізді.

 

Осы көктемде Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан шақырылған жас сарбаздар әскери ант қабылдамағанымен, бастапқы жалпыәскери дайындық курсынан өтіп үлгерді. Жас буын қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, оны қолдану тәртібін, қауіпсіздік талаптарын және бақылау атыстарын орындау ережелерін меңгерді.

 

Тәжірибелік сабақтар тәжірибелі нұсқаушылар мен бөлімше командирлерінің жетекшілігімен өткізілді. Атыс жаттығуының негізгі мақсаты – мергендік дағдыларын, дұрыс көздеуді және жауынгерлік қарумен сенімді жұмыс істеуді қалыптастыру.

 

Полигонда ұйымдастырылған сабақтар әскери қызметшілерді даярлаудың бірнеше кезеңін қамтып, алдағы қызметті сапалы атқаруға қажетті базалық машықтарды қалыптастыруға бағытталған.

 

Жас сарбаздардың басым бөлігі үшін бұл автоматтан алғаш рет оқ ату тәжірибесі болды. Толқынысқа қарамастан, көптеген әскери қызметшілер жақсы нәтиже көрсетіп, командирлердің оң бағасына ие болды.

 

— Автоматты алғаш рет қолына алған сарбаздардың көбі жақсы нәтиже көрсетті. Қазірдің өзінде олардың бойынан Отанның сенімді қорғаушысы болуға деген әлеует байқалады, — деді мотоатқыштар батальонының командирі майор Бексұлтан Шүкірқалиев.

 

Өз әсерімен Әлібек Ұзақбаев та бөлісті. Маңғыстау облысынан шақырылған сарбаздың айтуынша:

 

— «Өз нысаналарыңнан, Атыңдар!» пәрменінен кейін біз үйретілгендей көздеп, шүріппені баяу бастық. Алғашқы секундтарда толқу, қарудың тебуі мен құлақтағы шу сезілді. Бірақ кейін өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. Бұл мен үшін әскери істі меңгерудегі маңызды кезең әрі төзімділікке сын болды.

 

Бөлімше командирлері жас сарбаздардың әскери іске деген қызығушылығы жоғары екенін және кәсіби дағдыларын жетілдіруге ұмтылысын атап өтуде. Алдағы уақытта жас жауынгерлер әскери ант қабылдап, жауынгерлік дайындық бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады.

Ұқсас жазбалар