Home Blog Page 67

Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға беру

0

Базалық станциялар – ұялы радиобайланыс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Олар әрекет ету аймағындағы ұялы телефондармен байланыста болады және сигналды қабылдау және беру режимінде жұмыс істейді. Электромагниттік сәуле – бұл базалық станцияның антенналарынан шығатын электромагниттік толқындар.

Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға беру – ұзақ және бақыланатын процесс, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық деңгейіндегі қатаң қағидалармен реттеледі. Базалық станцияны орнатуға ЭМӨ есептеулерінің нәтижелері көрсетілген, санитариялық-қорғаныш аймағының шекаралары және құрылыс салуды шектеу аймағы көрсетілген жобалау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары береді. Базалық станцияларды кез келген ғимараттар мен құрылыстарға орналастыруда қойылатын негізгі талап үй-жайда да, аумақта да электрмагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейін (10 МкВт/см2 аспайтын) қамтамасыз ету болып табылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-19 бұйрығына сәйкес, базалық станция антенналары кез келген үлгідегі қолданыстағы құрылыстарға және арнайы салынатын діңгектерге орналастырылады. Жоғары сапалы ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін базалық станциялардың антенналарынан таралатын негізгі электромагниттік энергия бір сәуледе жиналып, жақын маңдағы үйлермен қиылыспайтын етіп жіберіледі. Электромагниттік энергияны ұялы байланыстың барлық базалық станциясы емес, тек оның антенналары ғана шығарады және олар тәулігіне 24 сағат тұрақты қуат шығармайды. Базалық станциялардың қуаты осы базалық станцияның әрекет ету аймағында бір уақытта сөйлесетін немесе мобильді интернетті пайдаланатын адамдарға байланысты. Сондықтан түнде электромагниттік сәуле деңгейі нөлге тең болады.

Егер ұялы байланыстың базалық станциялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдармен берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес орнатылса, сондай-ақ пайдалану кезінде санитариялық қағидалардың талаптары сақталса, онда антенналардан таралатын электромагниттік сәуле халық денсаулығы үшін қауіпті болып табылмайды.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Көкжөтел белгілері және алдын алу

0

Көкжөтел – бұл «Bordetella pertussis» таяқшасынан туындаған, ұстаманың соңында «реприздермен» және құсумен және қалың тұтқыр қақырықты бөлумен сипатталатын қалшылдатқан жөтелдің ерекше шабуылдарымен сипатталатын жедел респираторлық бактериялық жұқпа.

Көкжөтелдің қоздырғышы ауа тамшыларымен, науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады.

Көкжөтел белгілері :
Көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балаларға қиын. Біріншіден, балада қарапайым суықтың белгілері пайда болады: мұрынның ағуы, безгек, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашығуы, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады.

Асқынулар :
Көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті.

Көкжөтелдің алдын алу :
Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинация.

Аурудың белгілері пайда болған кезде эпидемиологтар мыналарды ұсынады:
уақтылы медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдемеу, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;
бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жүргізу;
жөтелген кезде ауызды жабу, қолды жиі жуу;
ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептер мен МДБҰ-ға жібермеу ұсынылады.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Еңбек жағдайларында химиялық уланудың алдын алу

0

Химиялық улану — жұмысшылардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретін факторлардың бірі. Улы заттардың адам ағзасына тыныс алу, тері арқылы немесе асқазан-ішек жолдары арқылы түсуі өндірістік жарақаттардың немесе созылмалы аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, еңбек жағдайларында химиялық уланудың алдын алу — әрбір мекеме мен кәсіпорын үшін маңызды болып табылады.

Химиялық заттар түрлі жолдармен ағзаға енеді:
-Тыныс алу жолдары арқылы — газ, бу, шаң түрінде (мысалы, бензол, аммиак, көміртек тотығы);
-Тері арқылы — еріткіштер, қышқылдар, улы сұйықтықтар;
-Асқазан-ішек жолы арқылы — уланған қолмен тамақтану, гигиена сақтамау

Салдары:
-Жедел улану (бас айналу, жүрек айну, тыныс жетіспеушілігі);
-Созылмалы аурулар (бауыр, бүйрек, жүйке жүйесі зақымдануы);
-Онкологиялық аурулардың даму қаупі;
-Тіпті өлімге алып келуі мүмкін.

Алдын алу шаралары:

1. Жұмыс орнын ұйымдастыру
-Вентиляция жүйесін орнату және оны үнемі тексеріп отыру;
-Жабық технологиялық процестерді қолдану;
-Химиялық заттарды сақтау мен тасымалдаудың қауіпсіз ережелерін сақтау.
2. Жеке қорғаныс құралдары (ЖҚҚ)
-Респираторлар, қолғаптар, арнайы киімдер және көзілдіріктерді міндетті түрде пайдалану;
-ЖҚҚ-ны дұрыс сақтау және уақтылы ауыстыру;
3. Кәсіпорын ішіндегі бақылау және оқыту
-Қызметкерлерді қауіпсіздік техникасы бойынша тұрақты оқыту;
-Химиялық заттармен жұмыс істеу ережелерін білу және сақтау;
-Медициналық тексерулер мен жұмыс орнындағы ауа сапасын жүйелі түрде бақылау.
4. Төтенше жағдайларға дайындық
-Улану жағдайында алғашқы көмек көрсету бойынша оқыту;
-Химиялық апат кезінде эвакуация жоспарын әзірлеу;
-Арнайы жабдықтармен (душ, көз шаю құрылғылары) жабдықтау.

Химиялық қауіптердің алдын алу тек жұмыс берушінің ғана емес, әрбір қызметкердің де жауапкершілігі болып табылады. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі. Қатаң бақылау, дұрыс ұйымдастыру және жүйелі оқыту — химиялық уланулардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Карнавалдық костюмді таңдау: нені ескеру қажет?

0

Мерекелік іс-шаралар қарсаңында балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аудару қажет. Карнавалдық костюмді таңдау кезінде оның сыртқы көрінісін ғана емес, сондай-ақ материалдарының сапасын, киюге ыңғайлылығын және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін де ескеру маңызды.

Костюмнің өзі, оның ішінде бетперделер мен аксессуарлар, өткір химиялық иіс шығармауы тиіс. Бөгде иістің болуы улы бояғыштардың немесе сапасы төмен шикізаттың қолданылғанын көрсетуі мүмкін. Синтетикалық материалдардың мөлшері аз бұйымдарға немесе терімен жанасатын жерлерінде табиғи астары бар костюмдерге басымдық берген жөн. Толығымен синтетикалық костюм қолданылған жағдайда, оның ішінен мақта матадан тігілген іш киім кигізу ұсынылады.

Карнавалдық костюм әдемі ғана емес, мереке кезінде баланың белсенді қимылын ескеретіндей ыңғайлы болуы керек. Костюм баланың өлшеміне дәл сәйкес келуі тиіс. Тым ұзын етек, жеңдер немесе шамадан тыс кең пішім құлау мен жарақат алу қаупін арттырады. Киім қозғалысты шектемеуі, денені қыспауы және теріні қажамауы қажет. Жылу алмасуын да ескеру маңызды: тығыз әрі көлемді костюмдер, әсіресе жабық ғимараттарда, баланың қатты қызып кетуіне әкелуі мүмкін. Температураны реттеуге мүмкіндік беретін көпқабатты киім жиынтықтары анағұрлым қолайлы. Тігіс сапасына назар аудару қажет: тігістері түзу, ал фурнитурасы берік бекітілген болуы тиіс. Резеңкелер мен ілгектер теріні қажап алмау үшін қорғаныш элементтерімен жабдықталуы керек.

Барлық ұсақ бөлшектер (моншақтар, жылтырақтар, сәндік элементтер, баулар) мықтап бекітілуі тиіс. Олардың үзіліп кетуі, әсіресе жас балалар үшін, жұтып қою қаупін тудыруы мүмкін.

Карнавалдық костюмді сатып алу кезінде таңбалау белгілерінің және ілеспе ақпараттың болуын тексеру қажет. Сенімді өндіруші тауар туралы толық әрі шынайы мәліметті, оның ішінде материалдарының құрамын және пайдалану жөніндегі ұсынымдарды міндетті түрде көрсетеді.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Білім беру ұйымдарында тыйым салынған тамақ өнімдері: Бала денсаулығы – басты назарда!

0

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі білім беру ұйымдарындағы (мектептер, балабақшалар, колледждер) оқушылардың дұрыс тамақтануы мен денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Осы мақсатта, № ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» ережесіне сәйкес, білім беру ұйымдарының асханалары мен буфеттерінде дайындауға және сатуға қатаң тыйым салынған тамақ өнімдерінің тізбесі бекітілген.

Бұл тізім – асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алу және оқушыларға тек қана пайдалы, теңдестірілген тағамдарды ұсыну үшін негізделген.

Білім беру ұйымдарында дайындауға және өткізуге қатаң тыйым салынған өнімдер тізбесі:
Сүт және жұмыртқа өнімдері:
* Қатық, сүзбе, айран;
* Жұмсақ пісірілген жұмыртқа, глазурь жұмыртқасы, пастерленбеген жаңа піскен жұмыртқа меланжі омлеті;
* Термиялық өңдеусіз пастерленбеген сүт, сүзбе және қаймақ.
Ет, балық және шұжық өнімдері:
* Ет салмасы қосылған құймақ, флотша дайындалған макарон;
* Зельцы, форшмак, сілікпе, паштет;
* Шұжық өнімдері, ысталған ет (технологиялық өңделген ет және балық өнімдері);
* Кептірілген және кепкен балық;
* Ет кесіндісінен, қаннан жасалған орамалар, тағамдар.
Қантты және кондитерлік өнімдер:
* Кремі бар кондитерлік өнімдер;
* Қосылған қант мөлшері дайын өнімнің салмағының 5%-нан асатын тамақ өнімдері.
Фаст-фуд, қуырылған және дайын тағамдар:
* Фритюрде қуырылған өнімдер;
* Гамбургерлер, хот-догтар, пиццалар, наггетстер, чипсілер (чипсондар), тұздалған крекер;
* Тез дайындалатын құрғақ тағам концентраттарына негізделген тағамдар.
Сусындар мен дәмдеуіштер:
* Жеміс сусыны, квас, кофе және кофе сусыны;
* Ащы тұздықтар, кетчуптер, ащы дәмдеуіштер (бұрыш, желкек, қыша).
Басқа да тыйым салынғандар:
* Күрделі (төрт компоненттен көп) салаттар, қаймақ пен майонез қосылған салаттар;
* Окрошка;
* Саңырауқұлақтар;
* Өнеркәсіптік емес (үйде) дайындалған тамақ өнімдері мен консервілер;

Департамент Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті білім беру ұйымдарын осы талаптарды мүлтіксіз сақтауға және балаларға тек қана денсаулыққа пайдалы, қауіпсіз тағамдарды ұсынуға шақырады.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу

0

ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрынның бітелуі.

ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдеуге болмайды, медициналық көмекке жүгіну керек, дәрігерді үйге шақыру керек, ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ұзақ мерзімді ауру көбінесе асқынулар тудырады. Олардың ішіндегі ең көп таралғаны және қауіптісі – пневмония.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін эпидемиологиялық маусым кезінде профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу мыналарды қамтиды:
— тұмауға қарсы иммундау;
— медициналық мекемелерде «сүзгілерді» енгізу, бетперделерді қолдану, антисептиктермен қамтамасыз ету;
— ЖРВИ, тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға дәрәгерді үйге шақыру;
— мектепке дейінгі балалар мекемелерінде күнделікті таңертеңгі бақылауды енгізу,

ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды қабылдамау.

Сондай-ақ инфекцияны болдырмауға көмектесетін белгілі арнайы емес профилактикалық шаралар бар. Бөлмені күн сайын желдетіп, қолыңызды мұқият жуып, антисептик пайдаланып, ауру өршіген кезеңде адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту немесе бетперде тағу, иммунитетті нығайту, спортпен шұғылдану және ұйқы мен тамақтану сапасын бақылау қажет.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Оқушы денсаулығы — басты назарда: Сабақ кестесін құру ережелері

0

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидаларға сәйкес, білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастырудың басты мақсаты — сабақ кестесін жасау арқылы оқушылардың бір күн мен бір апта ішіндегі ақыл-ой еңбегіне қабілеттілігінің серпінін ескеру. Бұл талаптардың негізгі міндеті — оқушылардың артық шаршауын болдырмау, олардың денсаулығын сақтау және жоғары жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Сабақ кестесін құрудың санитариялық талаптары:
Жалпы білім беру ұйымдарындағы апталық оқу жүктемесі шекті нормалардан аспауы тиіс. Мысалы, бастауыш сыныптар үшін апталық жүктеме 24-29 сағаттан, 5- 9 сыныптар үшін 33-38 сағаттан, ал 10-11 сыныптар үшін 39 сағаттан аспауы керек.
Кесте құру барысында оқушының жұмыс қабілеттілігі ескеріледі. Бұл дегеніміз, ең күрделі пәндер (мысалы, математика, физика, химия) оқушының жұмыс қабілеттілігі ең жоғары болатын кезеңге (әдетте күннің 2, 3, 4-сабақтарына және аптаның сейсенбі-сәрсенбі күндеріне) қойылады.

Бастауыш мектепке арналған ерекшеліктер: Кіші жастағы оқушылардың (1–4 сыныптар) тез шаршауын болдырмау үшін бастауыш мектепте қосарланған сабақтарды (бір пәннен қатарынан екі сағат) өткізуге жол берілмейді.
Қоғамдық келісім: Сабақтардың саны туралы ақпарат оқушылардың ата-аналарының мүддесін ескеру мақсатында мектептің ата-аналар комитетімен міндетті түрде келісілуі қажет.

Үзілістерді ұйымдастыру талаптары:
Оқушылардың сабақтар арасында толық демалуына және жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруіне үзілістердің ұзақтығы мен оны өткізу форматы үлкен әсер етеді. Жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы қысқа үзілістің ұзақтығы кемінде 5 минутты құрайды. Үлкен үзіліс (әдетте 2-ші немесе 3-ші сабақтан кейін) 30 минутты құрайды. Бұл ретте, бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға да жол беріледі. Үзілістерді таза ауаны барынша көп пайдаланып, қозғалыс ойындарымен өткізу қажет. Бұл оқушылардың қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етіп, одан әрі сабаққа зейінін шоғырландыруға көмектеседі.

Сабақ кестесін құрудағы осы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы — білім беру процесін оқушылардың денсаулығына қауіпсіз және оңтайлы ұйымдастырудың кепілі.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

 Қысқы кезеңдегі жарақаттану: Алдын алу шаралары

0

Қардың түсуі, көктайғақтың пайда болуы және ауа температурасының күрт өзгеруімен ерекшеленетін қыс мезгілінде көше жарақаттарының қаупі айтарлықтай артады. Осыған байланысты, халық арасында және қоғамдық аумақтарды күтіп ұстауға жауапты ұйымдар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігі ескертіледі.

Қоғамдық аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Ғимараттар мен құрылыстарға іргелес аумақтарды, сондай-ақ қоғамдық орындарды күтіп ұстауға жауапты басшылары қауіпсіздік талаптарын толық орындалуы тиіс. Бұл тротуарлар, баспалдақтар, жаяу жүргіншілер жолдарын қардан уақытылы тазалау, оларды көктайғаққа қарсы материалдармен (құм, тұз және арнайы қоспалар) өңдеу шараларын қамтиды.

Үй жайлардың шатырларын жүйелі түрде тексеріп, жиналған қар мен мұзды, сондай-ақ сүңгілерді қауіпсіз түрде тазалау қажет. Құлау қаупі бар жерлерде ескерту қоршаулары және ақпараттық белгілер орнатылуы қажет. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің сапалы жарықтандырылуы да ерекше назарда болуы тиіс.

Тұрғындарға табаны сырғымайтын, ойықтары терең, тұрақты аяқ киім кию ұсынылады. Көктайғақ учаскелерді айналып өтуге, қар немесе мұз сүңгілері құлауы мүмкін ғимараттарға жақын жүрмеуге кеңес беріледі. Сырғанақ жерде жүрген кезде ұялы телефонды пайдаланбау қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Ата-аналар мен мұғалімдер қыс мезгіліндегі көшедегі қауіп-қатерлерді түсіндіріп, олардың шатыр маңындағы қауіпті аймақтарда ойнамауын, жол жанына жақын жерлерде сырғанамауын және көктайғақта жүгіріп, секірмеуін қадағалауы тиіс.

Жеке сақтық шараларын сақтау және ұйымдардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы қысқы кезеңдегі көше жарақаттарының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Менингококк инфекциясының алдын алу

0

Менингококк инфекциясы – әртүрлі клиникалық көріністермен – симптомсыз таратумен, мұрын-жұтқыншақ (мұрын және жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы) және менингококктық сепсис (қанға жұқтыру) түрінде өтетін, бактериядан туындайтын жіті инфекциялық ауру.
Инфекция көзі науқас адамдар және «дені сау таратушылар», яғни қандай да бір клиникалық көріністері жоқ, бірақ олар менингококк таратушысы болып табылатын адамдар.

Менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық – қыс және көктем мезгілдеріндегі маусымдылығымен сипатталады.

Инфекцияның берілу жолдары – ауа тамшы арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде).

Инфекцияның қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақсыз. Микроб науқас адаммен немесе ауру таратушымен ұзақ және тығыз қарым-қатынас кезінде жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабығы арқылы дені сау адамның организміне өтеді. Жұқтырған кезден бастап ауру басталғанға дейін бір күннен он күнге дейінгі уақыт өтеді. Науқас айналасындағы адамдар үшін аурудың бірінші күнінен бастап-ақ жұқпалы болады.

Менингит үшін аурудың кенеттен басталуы тән: кенеттен қатты бас ауру, құсу, 6-15 сағаттан кейін бөртпелер, дене қызуының 39-40°С дейін көтерілуі, қалтырау пайда болады. Жалпы әлсіздік, арқада және аяқ-қолда ауырсыну байқалады. Науқастарда шөлдеу, тәбетінің төмендеуі болады. Ауру тұмау, мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі, тонзилит сияқты салыстырмалы түрде «зиянсыз» ауруға ұқсап жеңіл түрде өтуі мүмкін. Суық тигеннен, ауырғаннан, шаршағаннан туындайтын организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі сияқты қолайлы жағдайлар пайда болғанда менингококк бастың ми қабықшасына қарқынды түрде өтеді.

Үлгі жеткізіліп, энтеровирусқа тексерілді, нәтижесі теріс. Менингококк жағдайы тіркелген жоқ.

Катаралды көріністерімен (тамақтың қызаруы, дене қызуының көтерілуі, бас ауру, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігерге қаралу және оның ұсынымдарын орындау қажет.

Әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, жүзу бассейндеріне, сауда-ойын-сауық орындарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу қажет.
Үй-жайды жиі желдету, ұйымдастырылған ұжымдарда күнделікті ылғалды тазалауды жүргізу керек.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Еркінбекова

Вакцина — инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің бірден-бір тиімді тәсілі

0

Аталған шаралар тұтас бір халықты полиомиелит қызылша, қызамық, дифтерия, тырысқақ, көкжөтел, туберкулез, «В» гепатиті сияқты инфекциялардан қорғайтын ең тиімді тәсіл. Вакцинаның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті көзін түгелдей жоюға да болады. Осылайша вакцинаны халыққа түгелдей егудің арқасында біз адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген ауруларды ұмыта бастадық.

Осыдан 30-40 жыл бұрын қызылша немесе дифтерия инфекцияларының кесірінен балалар өлімі жиі орын алатын. Жер шарындағы бар халықты жайлаған табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинаның көмегімен жойылды. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелитті жою жұмыстары кең етек алды. Айта кетелік, ең соңғы рет полиомиелит елімізде 1995 жылы тіркелді.

Ең алғашқы туберкулез және «В» гепатитіне қарсы егулер перзентханаларда жүргізіледі. Кез-келген вакцинадан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтарады. Себебі, бұл мерзім ішінде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Әлсіз дене қызуының жоғарылауы мүмкін. Адамды аурудан сақтап қалудың тиімді әдісі екпе салдыру.

Мәселен сал ауруы –өте қауіпті. Аяқ-қолы ырыққа көнбей, мүгедек болып қалуға алып келеді. Егер ауруға қарсы егілсе, ауру жеңіл түрде өтер еді, аяққа тұрып кету мүмкіндігі де бар. Екпе алмаса міндетті түрде сал болып қалады. Бөгде зат енген денеде міндетті түрде әртүрлі реакциялар орын алатыны анық. Алайда, мұндай реакциялардың зардаптары инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес.

Вакцина — инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің бірден-бір тиімді тәсілі. Препаратты қабылдаған кездегі өтпелі реакцияға бола егуден бас тарту болашақта үлкен ауруға әкеліп соғатындығын ұмытпайық.

Қауіпті аурулар кез-келген жерде күтіп тұруы мүмкін. Балаңыздың денсаулығына алаңсыз болғыңыз келсе вакцинадан бас тартпағаныңыз абзал.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов