HomeҚоғамОқушы денсаулығы — басты назарда: Сабақ кестесін құру ережелері

Оқушы денсаулығы — басты назарда: Сабақ кестесін құру ережелері

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидаларға сәйкес, білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастырудың басты мақсаты — сабақ кестесін жасау арқылы оқушылардың бір күн мен бір апта ішіндегі ақыл-ой еңбегіне қабілеттілігінің серпінін ескеру. Бұл талаптардың негізгі міндеті — оқушылардың артық шаршауын болдырмау, олардың денсаулығын сақтау және жоғары жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Сабақ кестесін құрудың санитариялық талаптары:
Жалпы білім беру ұйымдарындағы апталық оқу жүктемесі шекті нормалардан аспауы тиіс. Мысалы, бастауыш сыныптар үшін апталық жүктеме 24-29 сағаттан, 5- 9 сыныптар үшін 33-38 сағаттан, ал 10-11 сыныптар үшін 39 сағаттан аспауы керек.
Кесте құру барысында оқушының жұмыс қабілеттілігі ескеріледі. Бұл дегеніміз, ең күрделі пәндер (мысалы, математика, физика, химия) оқушының жұмыс қабілеттілігі ең жоғары болатын кезеңге (әдетте күннің 2, 3, 4-сабақтарына және аптаның сейсенбі-сәрсенбі күндеріне) қойылады.

Бастауыш мектепке арналған ерекшеліктер: Кіші жастағы оқушылардың (1–4 сыныптар) тез шаршауын болдырмау үшін бастауыш мектепте қосарланған сабақтарды (бір пәннен қатарынан екі сағат) өткізуге жол берілмейді.
Қоғамдық келісім: Сабақтардың саны туралы ақпарат оқушылардың ата-аналарының мүддесін ескеру мақсатында мектептің ата-аналар комитетімен міндетті түрде келісілуі қажет.

Үзілістерді ұйымдастыру талаптары:
Оқушылардың сабақтар арасында толық демалуына және жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруіне үзілістердің ұзақтығы мен оны өткізу форматы үлкен әсер етеді. Жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы қысқа үзілістің ұзақтығы кемінде 5 минутты құрайды. Үлкен үзіліс (әдетте 2-ші немесе 3-ші сабақтан кейін) 30 минутты құрайды. Бұл ретте, бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға да жол беріледі. Үзілістерді таза ауаны барынша көп пайдаланып, қозғалыс ойындарымен өткізу қажет. Бұл оқушылардың қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етіп, одан әрі сабаққа зейінін шоғырландыруға көмектеседі.

Сабақ кестесін құрудағы осы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы — білім беру процесін оқушылардың денсаулығына қауіпсіз және оңтайлы ұйымдастырудың кепілі.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

Ұқсас жазбалар