Қардың түсуі, көктайғақтың пайда болуы және ауа температурасының күрт өзгеруімен ерекшеленетін қыс мезгілінде көше жарақаттарының қаупі айтарлықтай артады. Осыған байланысты, халық арасында және қоғамдық аумақтарды күтіп ұстауға жауапты ұйымдар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігі ескертіледі.
Қоғамдық аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Ғимараттар мен құрылыстарға іргелес аумақтарды, сондай-ақ қоғамдық орындарды күтіп ұстауға жауапты басшылары қауіпсіздік талаптарын толық орындалуы тиіс. Бұл тротуарлар, баспалдақтар, жаяу жүргіншілер жолдарын қардан уақытылы тазалау, оларды көктайғаққа қарсы материалдармен (құм, тұз және арнайы қоспалар) өңдеу шараларын қамтиды.
Үй жайлардың шатырларын жүйелі түрде тексеріп, жиналған қар мен мұзды, сондай-ақ сүңгілерді қауіпсіз түрде тазалау қажет. Құлау қаупі бар жерлерде ескерту қоршаулары және ақпараттық белгілер орнатылуы қажет. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің сапалы жарықтандырылуы да ерекше назарда болуы тиіс.
Тұрғындарға табаны сырғымайтын, ойықтары терең, тұрақты аяқ киім кию ұсынылады. Көктайғақ учаскелерді айналып өтуге, қар немесе мұз сүңгілері құлауы мүмкін ғимараттарға жақын жүрмеуге кеңес беріледі. Сырғанақ жерде жүрген кезде ұялы телефонды пайдаланбау қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Ата-аналар мен мұғалімдер қыс мезгіліндегі көшедегі қауіп-қатерлерді түсіндіріп, олардың шатыр маңындағы қауіпті аймақтарда ойнамауын, жол жанына жақын жерлерде сырғанамауын және көктайғақта жүгіріп, секірмеуін қадағалауы тиіс.
Жеке сақтық шараларын сақтау және ұйымдардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы қысқы кезеңдегі көше жарақаттарының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Искаков

