Home Blog Page 6

ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданының әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

0

Сарыағаш ауданының әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, ауданның 19 тұрғынын қабылдады. Кезектілік тәртібімен ұйымдастырылған қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жан-жақты қарастырды.

Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік сала, тұрғын үй, инфрақұрылым және өзге де жеке мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі алдымен ғимараттың бірінші қабатына түсіп, тұрғындармен тікелей жүздесіп, олардың талап-тілектерін мұқият тыңдады.

– Біздің басты мақсатымыз – қабылдауға келген азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын заң аясында қарап, мүмкіндігінше оң шешілуіне ықпал ету. Әрбір мәселе заң талаптарына сәйкес қарастырылуы тиіс, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Қабылдау барысында бірқатар тұрғындарға заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, кейбір мәселелерді шешу мақсатында тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар аудан басшысы әрбір өтініш бақылауда болатынын және тұрғындардың мәселелері назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі жүзеге асырады. Қабылдауға eGov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.

ТҮРКІСТАН: Қазығұртта қоғамдық қауіпсіздікке қатысты шаралар күшейтіледі

0

Қазығұрт ауданында мектеп түлектеріне және жалпы қоғамдық қауіпсіздікке қатысты шаралар күшейтіледі, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Қазығұрт ауданында қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, өзекті мәселелерге дер кезінде назар аудару, келеңсіз жайттардың алдын алу – қашанда басты назарда. Осыған орай, бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов пен аудан прокуроры Руслан Абдраимовтың төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, аппарат басшысы Қанат Иматов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлыбек Нарбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Дінмұхаммед Тәліпбаев, аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а. Ғалымжан Омартай және мектеп директорлары, құқық қорғау органдары мен білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы 25 мамыр күні оқушылар тарапынан автокортеждер, көлік шеруі және өзге де рұқсат етілмеген іс-шаралардың алдын алу үшін рейдтік, түсіндіру және патрульдік бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар бітіру іс-шаралары өтетін білім беру ұйымдарының маңындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, балалар мен тұрғындар көп шоғырланатын демалыс орындарында қауіпсіздік рейдтері мен кезекшіліктерді күшейтуді жүктеді. Сондай-ақ мейрамханаларда, кафелерде, демалыс аймақтарында және табиғат аясында мектеп бітіруге қатысты іс-шараларын өткізуге тыйым салынады. Аттестат пен диплом тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.

Штаб отырысында аудан прокуроры Руслан Әлжанұлы мектеп бітірушілердің қатысуымен өтетін іс-шаралар кезіндегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті күшейту мәселелері талқыланды. Аудан аумағында мектеп бітіру кештерін, банкеттерді, автокортеждер ұйымдастыруға жол берілмейтіні атап өтілді. Жауапты өкілдер мен құзырлы орган тарапынан алгоритмге сәйкес, жұмыс жүргізу, қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазығұрт ауданында 79 мектепте 32 141 оқушы білім алуда. Оның ішінде аудандық білім бөліміне қарасты 71 мемлекеттік мектепте – 31 383 оқушы, 5 жекеменшік мектепте – 858 оқушы оқиды. Биыл 9-сыныпты – 2680 оқушы, 11-сыныпты – 2003 түлек аяқтайды. Қазығұрт ауданы бойынша 11-сынып бітірушілері арасында “Алтын белгі” үміткерлер саны — 105 оқушыны, ал үздік атестатқа үміткерлер саны — 161 оқушыны құрайды.

ТҮРКІСТАН: Қазығұрт ауданының әкімі қоғамдық қабылдау өткізді

0

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов “AMANAT” партиясының ғимаратында тұрғындармен жеке кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелерді назарға алды. Қабылдауға келген азаматтар аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар маңызды ұсыныстарын жеткізді.

 

Кездесу барысында тұрғындар ең алдымен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Жеті қазына – ұлт рухы» атты рухани-танымдық іс-шараның жоғары деңгейде өткенін ерекше атап өтті. Ауқымды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүр мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын кеңінен насихаттауға зор ықпал еткені айтылды. Сонымен қатар, іс-шараның мазмұнды әрі тағылымды өтуіне аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді.

 

Қоғамдық қабылдау барысында елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері де кеңінен көтерілді. Тұрғындар жол сапасын жақсарту, ауылішілік көшелерді жөндеу, жарықтандыру және газдандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Әсіресе Қаржан ауылының тұрғындары жол, жарық және газ мәселелерінің халық тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтті.

 

Кездесуде қоршаған ортаны қорғау және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де сөз болды. Тұрғындар қоқысты қайта өңдеу жұмыстарын жүйелі жолға қойып, тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.

 

Ауыз сумен қамту мәселесі де қоғамдық қабылдаудың негізгі тақырыптарының бірі болды. Тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету халық денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді сұрады.

 

Қабылдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Қақпақ ауыл округіндегі жайылым жер тапшылығы. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар бұл мәселенің ауыл тіршілігі үшін аса маңызды екенін айтып, нақты шешімдер қабылдауды сұрады.

 

Кездесу соңында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғынның мәселесі қаралды. Найзағай түсіп, меншігіндегі 21 бас ірі қара малы қырылған азаматқа елеулі материалдық шығын келгені айтылып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті көмек көрсету және қолдау шараларын қарастыру мәселесі көтерілді.

 

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер аудан басшылығының бақылауында екені айтылып, әрбір өтініш заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатыны жеткізілді. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты мәселелерді назарға алған мұндай кездесулер ел сенімін нығайтып, өңірдің дамуына серпін беретіні анық.

ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданында модульдік спорт зал салынып жатыр

0

Бәйдібек ауданындағы Теректі ауылында модульдік спорт зал құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаев Теректі елді мекенінде бой көтеріп жатқан жабық үлгідегі жылдам салынатын модульдік спорт залдың құрылыс жұмыстарымен танысты.

 

Аталған нысан ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.

 

Құрылыс жұмыстарын «Sharbak» ЖШС-і жүргізуде. Ал техникалық қадағалаушы мекеме ретінде «Qazaqstan Expert» ЖШС-і бекітілген.

 

Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталған, жақын арада пайдалануға беріледі.

 

Нысанды аралау барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы құрылыс жұмыстарының сапасына, мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударып, жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.

ТҮРКІСТАН: Созақта жас дарын иелеріне құрмет көрсетілді

0

Созақ ауданының әкімі дарынды оқушылар мен жетекшілерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков халықаралық және республикалық білім мен өнер додаларында үздік нәтиже көрсетіп, аудан мерейін асқақтатқан дарынды оқушылар мен жетекшілерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

 

Кездесу барысында аудан басшысы жас өрендермен еркін пікір алмасып, олардың ғылым-білім мен өнер саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ талантты жастардың өнерін тамашалап, алдағы оқу және шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.

 

Қабылдауда Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен «Дарынды 1000 бала» халықаралық балалар мен жасөспірімдер өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша «Супер Бас жүлде» иеленген А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің домбыра үйірмесінен тәрбиеленушісі, Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп-интернат лицейінің 4-сынып оқушысы Өлке Гүлім Қанатқызының жетістігі жоғары бағаланды.

 

Сонымен қатар, Павлодар қаласында өткен VI республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының республикалық кезеңінде І орын иеленген «Суындық» жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Халбай Махбуба Шавкатқызының табысы аудан абыройын асқақтатқан айтулы жетістіктердің бірі ретінде атап өтілді.

 

Кездесуде «Созақ» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әбдіқадыр Ислам Ерболұлының да білім додаларындағы жетістіктері ерекше аталды. Ол VIІ республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерінің І орын иегері атанып, Астана қаласында өткен республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында жеңімпаз болып, Сүлеймен Демирел атындағы университетінің білім гранты иегері атанды.

ТҮРКІСТАН: Созақта «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» іс-шарасы өтті

0

Созақ ауданында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» флешмобы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Аудан орталығында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кең көлемді флешмоб ұйымдастырылды. Аталған шара Созақ ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп, қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді.

18 мамыр мен 8 маусым аралығында өтетін республикалық іс-шара шеңберіндегі флешмоб ауданның Орталық стадионында ұйымдастырылып, оған мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы сөз сөйлеп, қоғамдағы тұрақтылық пен берекенің негізі – отбасындағы сенім мен сыйластық екенін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір отбасында қауіпсіз орта қалыптастыру, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Нұрланұлы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдарының күнделікті назарында екенін айтып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.

Шара барысында қоғам назарын зорлық-зомбылықтың алдын алуға аудару, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен насихатталды.

ТҮРКІСТАН: Созақта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды

0

Созақ ауданында шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Созақ, Сарысу және Бәйдібек аудандарының шекаралас аумақтарында аса қауіпті зиянкес шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру мәселелері жан-жақты пысықталды. Арнайы жиынға облыстық шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын үйлестіру жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Мұхтар Ақжігітұлы, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырбек Мейірманов, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Сарысу және Бәйдібек ауданы әкімдерінің орынбасарлары, мобильдік топ жетекшісі Ербол Стамқұлов, ауыл шаруашылығы бөлімі, аумақтық инспекция, болжам орталығының басшылары мен сала мамандары қатысты.

Жиын барысында өңдеу жұмыстарының мерзімі, ұйымдастыру тәртібі, техникалық қамтамасыз ету және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылы талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Биыл Созақ ауданы бойынша жалпы көлемі 13 304 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде саяқ шегірткеге – 2 250 гектар, италиялық прус шегірткесіне – 3 090 гектар, азиялық шегірткеге – 7 964 гектар жер белгіленген.

Атап айтқанда, италиялық прус шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Жамбыл облысы Сарысу ауданы мен Құмкент ауылдық округі аралығындағы 7 шақырым және Бәйдібек ауданы мен Құмкент ауылдық округі шектесетін 8 шақырым аумақта жүргізіледі. Химиялық өңдеу науқаны бүгіннен басталды.

Аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына 6 анықтаушы, 3 бүріккіш аппарат, 4 бүріккіш көлігі, 3 трактор, 6 мотоцикл, 2 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, аумақтық инспекция, болжам орталығы, ауылдық округтер мен «Ветеринариялық қызмет» МКК тарапынан қосымша 16 маман тартылып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы атқару бағытында тиісті шаралар үйлестірілді.

Республикалық делегация Ордабасы ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

0

Республикалық делегация Ордабасы ауданының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты республикалық конференция аясында республикалық мәслихат депутаттарынан құралған делегация Ордабасы ауданына арнайы келіп, ауданның өндірістік және туристік әлеуетімен танысты.

 

Іс-сапар барысында қонақтарды арнайы аудан әкімі Азат Оралбаев қарсы алып, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен маңызды жобаларды жан-жақты таныстырды.

 

Алдымен делегация мүшелері Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» өндірістік кешенінде болып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Өндіріс орнында сүт өнімдерін өңдеу технологиясы, кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігі мен өнім сапасын бақылау жүйесі көрсетілді. Қонақтар өңірдегі өндіріс саласының даму қарқынына оң бағасын білдіріп, мұндай кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

 

Одан әрі делегация Темірлан ауылындағы этноауылға барды. Ұлттық нақышта безендірілген этноауылда қонақтарға халқымыздың салт-дәстүрі насихатталып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Бұл өз кезегінде ауданның туристік әлеуетін танытуға бағытталған тағылымды кездесу болды.

 

Сапар аясында меймандар Қажымұқан Мұңайтпасұлы музейіне арнайы ат басын бұрып, тарихи тұлғаның өмір жолы мен рухани мұрасымен танысты. Музейдегі тарихи жәдігерлер мен құнды деректер қонақтардың қызығушылығын арттырып, ұлттық тарихқа деген құрметті тереңдете түсті.

 

Аталған кездесу өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттауға, ішкі туризмді дамытуға және өзара тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

ТҮРКІСТАН: Ордабасыда құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізілді

0

Ордабасы ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Ордабасы ауданында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді. Кездесулерге білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және әлеуметтік сала өкілдері қатысты.

 

Аталған шараға Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, орталықтың бөлім басшысы Қайрат Салықбаев, аудандық прокуратураның аға прокуроры Төлеметов Шыңғыс Қыдыралыұлы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Пернебекұлы қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздік, заң талаптарын сақтау, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану, жастар арасында жат діни ағымдардың таралуының алдын алу және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.

 

Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы айтылды.

 

Шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, құқықтық және діни бағыттағы арнайы жадынамалар таратылды.

ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданына 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды

0

Ордабасы ауданы Төрткүл ауыл округінде есепті кездесу өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Төрткүл ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

 

Кездесу барысында ауыл округіндегі инфрақұрылым, жол, табиғи газ, өндіріс және ауыл шаруашылығы салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.

 

Жиында тұрғындар тарапынан табиғи газ мәселесі көтеріліп, аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Нұра елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталатыны, сондай-ақ Ақсары ауылына табиғи газ берілетіні айтылды. Нәтижесінде Төрткүл ауыл округі толықтай табиғи газбен қамтылатын болады.

Сонымен қатар алдынғы кездесуде көтерілген мәселелердің бірі — елді мекен көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.

 

Кездесу барысында Қызылжар ауылындағы мектеп маңына аяқ жол салу жөнінде тұрғындар тарапынан өтініш айтылып, бұл жоба келесі жылға өтпелі нысан ретінде жоспарланып отырғаны жеткізілді.

 

Сондай-ақ мектептің жылу жүйесін жаңарту бойынша сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқаны осы бойынша барлық қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқаны баян етілді.

 

Аудан әкімі Мемлекет басшысының инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бойынша берген тапсырмаларына сәйкес ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

 

— Қазіргі таңда ауданға 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Темірлан аймағынан өндірістік аймақ ашу жоспарлануда. Бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, бірнеше зауыт өз жұмысын жүргізуде, — деді аудан басшысы.

 

Сонымен қатар Төрткүл ауыл округінде өндірістік парк ашу бағытында жұмыстар қолға алу керек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың ауыл округінің әлеуетіне қарай жүзеге асырылатынын атап өтіп, Төрткүл аумағы ауыл шаруашылығына бейім аймақтардың бірі екенін жеткізді.

 

Сондай-ақ жуырда облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері кеңінен талқыланғанын айтып, алдағы уақытта осы бағытта Төрткүл ауыл округімен тығыз жұмыс жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

 

Кездесу барысында тұрғындар Көкарал аумағындағы су ұңғымасын іске қосу, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлердің жалақысына қатысты және Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініштерін айтты.

 

Есепті кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, сауалдарына нақты жауап алды.