Созақ ауданында шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Созақ, Сарысу және Бәйдібек аудандарының шекаралас аумақтарында аса қауіпті зиянкес шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру мәселелері жан-жақты пысықталды. Арнайы жиынға облыстық шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын үйлестіру жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Мұхтар Ақжігітұлы, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырбек Мейірманов, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Сарысу және Бәйдібек ауданы әкімдерінің орынбасарлары, мобильдік топ жетекшісі Ербол Стамқұлов, ауыл шаруашылығы бөлімі, аумақтық инспекция, болжам орталығының басшылары мен сала мамандары қатысты.
Жиын барысында өңдеу жұмыстарының мерзімі, ұйымдастыру тәртібі, техникалық қамтамасыз ету және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылы талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Биыл Созақ ауданы бойынша жалпы көлемі 13 304 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде саяқ шегірткеге – 2 250 гектар, италиялық прус шегірткесіне – 3 090 гектар, азиялық шегірткеге – 7 964 гектар жер белгіленген.
Атап айтқанда, италиялық прус шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Жамбыл облысы Сарысу ауданы мен Құмкент ауылдық округі аралығындағы 7 шақырым және Бәйдібек ауданы мен Құмкент ауылдық округі шектесетін 8 шақырым аумақта жүргізіледі. Химиялық өңдеу науқаны бүгіннен басталды.
Аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына 6 анықтаушы, 3 бүріккіш аппарат, 4 бүріккіш көлігі, 3 трактор, 6 мотоцикл, 2 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, аумақтық инспекция, болжам орталығы, ауылдық округтер мен «Ветеринариялық қызмет» МКК тарапынан қосымша 16 маман тартылып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы атқару бағытында тиісті шаралар үйлестірілді.

