Созақ ауданының әкімі дарынды оқушылар мен жетекшілерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков халықаралық және республикалық білім мен өнер додаларында үздік нәтиже көрсетіп, аудан мерейін асқақтатқан дарынды оқушылар мен жетекшілерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы жас өрендермен еркін пікір алмасып, олардың ғылым-білім мен өнер саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ талантты жастардың өнерін тамашалап, алдағы оқу және шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.
Қабылдауда Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен «Дарынды 1000 бала» халықаралық балалар мен жасөспірімдер өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша «Супер Бас жүлде» иеленген А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің домбыра үйірмесінен тәрбиеленушісі, Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп-интернат лицейінің 4-сынып оқушысы Өлке Гүлім Қанатқызының жетістігі жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, Павлодар қаласында өткен VI республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының республикалық кезеңінде І орын иеленген «Суындық» жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Халбай Махбуба Шавкатқызының табысы аудан абыройын асқақтатқан айтулы жетістіктердің бірі ретінде атап өтілді.
Кездесуде «Созақ» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әбдіқадыр Ислам Ерболұлының да білім додаларындағы жетістіктері ерекше аталды. Ол VIІ республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерінің І орын иегері атанып, Астана қаласында өткен республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында жеңімпаз болып, Сүлеймен Демирел атындағы университетінің білім гранты иегері атанды.

