Ордабасы ауданы Төрткүл ауыл округінде есепті кездесу өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Төрткүл ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында ауыл округіндегі инфрақұрылым, жол, табиғи газ, өндіріс және ауыл шаруашылығы салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.
Жиында тұрғындар тарапынан табиғи газ мәселесі көтеріліп, аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Нұра елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталатыны, сондай-ақ Ақсары ауылына табиғи газ берілетіні айтылды. Нәтижесінде Төрткүл ауыл округі толықтай табиғи газбен қамтылатын болады.
Сонымен қатар алдынғы кездесуде көтерілген мәселелердің бірі — елді мекен көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.
Кездесу барысында Қызылжар ауылындағы мектеп маңына аяқ жол салу жөнінде тұрғындар тарапынан өтініш айтылып, бұл жоба келесі жылға өтпелі нысан ретінде жоспарланып отырғаны жеткізілді.
Сондай-ақ мектептің жылу жүйесін жаңарту бойынша сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқаны осы бойынша барлық қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқаны баян етілді.
Аудан әкімі Мемлекет басшысының инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бойынша берген тапсырмаларына сәйкес ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
— Қазіргі таңда ауданға 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Темірлан аймағынан өндірістік аймақ ашу жоспарлануда. Бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, бірнеше зауыт өз жұмысын жүргізуде, — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар Төрткүл ауыл округінде өндірістік парк ашу бағытында жұмыстар қолға алу керек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың ауыл округінің әлеуетіне қарай жүзеге асырылатынын атап өтіп, Төрткүл аумағы ауыл шаруашылығына бейім аймақтардың бірі екенін жеткізді.
Сондай-ақ жуырда облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері кеңінен талқыланғанын айтып, алдағы уақытта осы бағытта Төрткүл ауыл округімен тығыз жұмыс жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар Көкарал аумағындағы су ұңғымасын іске қосу, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлердің жалақысына қатысты және Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініштерін айтты.
Есепті кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, сауалдарына нақты жауап алды.

