HomeЖаңалықТҮРКІСТАН: Білім беру саласы қатаң бақылауға алынған

ТҮРКІСТАН: Білім беру саласы қатаң бақылауға алынған

Түркістан облысында 2024 жылы 498 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілген, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бүгінде Түркістан облысында мыңнан аса білім беру мекемесі жұмыс істеп жатыр. Ал сол мекемелердің қызметін облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жан-жақты бақылап отырады. Мәселен, өткен жылы департамент тарапынан 99 мектептің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріліп, көптеген әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Нақтырақ айтқанда, 5 лауазымды және 94 заңды тұлғаға жалпы 16 447 860 теңге айыппұл салынған. Барлық мектепке «Заң бұзушылықтарды жою туралы» нұсқама беріліп, білім беру қызметімен айналысатын 89 мектептің мемлекеттік лицензиясы уақытша тоқтатылған. Білім беру саласындағы осы және өзге де олқылықтар жайлы департамент басшысы Ғалымжан Алматов баспасөз жиынында айтып берді.

 

Спикердің айтуынша, 2024 жылы 498 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілген. Нәтижесінде 81 ұйым ғана сынақтан сәтті өткен. Сондай-ақ, 441 білім беру ұйымында қайта мемлекеттік аттестаттау шарасы жүргізіліп, 407 ұйым талапқа сай болған. Қалған 34 ұйымның лицензиясы заң аясында қайтарылса, 29 ұйым бару арқылы профилактикалық бақылау тізіміне енгізілген. Одан бөлек, мемлекеттік аттестаттау тізіміне енген 304 мектепте оқыту нәтижелеріне компьютерлік тестілеу жүргізіліп, 4-сыныптың 10993 оқушысы тапсырған сынақ бойынша екі мектепте, 9-сыныптың 12711 оқушысы қатысқан тест бойынша он мектепте 40 пайыздан төмен көрсеткіш тіркелген.

 

— Департамент 2024 жылы жеке және заңды тұлғалардан «Е-Өтініш» порталы арқылы түскен 328 өтінішті қарап, 45 рет жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, 40 тексеру аясында заң бұзушылық анықталып, 39 нұсқама берілді және 12 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы, былтыр 285 білім беру ұйымына қатысты әкімшілік іс қозғалып, 23 222 380 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол істердің 161-і заңды, 106-сы лауазымды және 18-і жеке  тұлғаға қатысты. «Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес» те  белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Былтыр әлеуметтік желілерге шыққан резонанстық мәселелер мен жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер бойынша жоспардан тыс 5 отырыс өткізіліп, 9 директор мен 37 педагогке ескерту, сөгіс,  қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара көрілген, — деді Ғалымжан Бауыржанұлы.

 

Спикер департамент тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы да біршама ақпарат бөлісті. Айталық, мемлекеттік лицензия беру қызметі бойынша 2024 жылы электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz және www.elicense.kz ақпараттық жүйелері арқылы 339 өтініш түскен. Оның 166-сы қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 173 өтініштен бас тартылған. Ал «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» қызметі бойынша 139 өтініш түсіп, білім туралы 63 құжатқа апостиль қойылған. Қалғандарының қайтарылуына мекен-жайдың дұрыс көрсетілмеуі, құжаттардың білім беру ұйымдарына сәйкес келмеуі сынды жағдайлар себеп болған.

 

Ғалымжан Алматов сөз соңында департамент құрылымын да таныстырды. Жалпы, мекемеде білім беру қызметін лицензиялау және білім сапасын сырттай бағалау деп аталатын екі бөлім бар. Әрбір маман өз міндеттерін атқарып, нормативтік-құқықтық актілердің орындалуына түсінік беріп отырады. Одан бөлек мамандар куратор ретінде өңірдегі аудан, қалаларға жауапты болып бекітілген. Олар өздеріне тиесілі аумақтағы мәселелерден хабардар болуы тиіс.

 

Биыл департамент қала, аудан әкімдіктері және облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып біршама жұмысты еңсеруді жоспарлаған. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша лицензия беру мен қайта ресімдеуді, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарына қатысты хабарламаларды сапалы орындау, рұқсатсыз және хабарламаларсыз білім беретін ұйымдарды анықтау, міндетті мектеп формасын сақтау бойынша жұмысты күшейту, жеке білім ұйымдарының жұмысын ерекше бақылауға алу жұмыстарын атқару жоспарланған. Одан бөлек, бұл тізімге білім сапасының динамикасын анықтау аясында бақылау және қадағалау рәсімдерінің, басқарушылық шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық актілер, әдістемелік ұсыныстар мен басқа ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою мақсатында ауылдарда орналасқан 108 мектепті 5 бағыт бойынша жаңғырту жұмыстары енгізілген.

 

— Мониторинг және бақылау іс-шараларын жүргізу бойынша биыл 474 мемлекеттік бақылау шарасын сапалы орындау, 460 білім беру ұйымын мемлекеттік аттестациядан өткізу, 10 ұйымға профилактикалық бақылау жүргізу және біліктілік талаптары сәйкестігіне 4 рет тексеру жұмыстарын атқарамыз. Сонымен қатар, білім бөлімдерінің сарапшыларымен бірге нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру жұмыстарын іске асырамыз. Атап айтсақ, бұл бағытта білім сапасы төмендеген мектептерге әдіснамалық көмек көрсету, мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар әзірлеу, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын күшейту, мектептерге озық тәжірибелерді енгізу, білім беру ұйымдарындағы материалдық және техникалық базаны жақсарту, қауіпсіздік шараларын күшеуті жұмыстары жүргізіледі, — деді департамент басшысы.

Ұқсас жазбалар