Түркістан қаласының әкімі темір-бетон және асфальт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан соңғы жылдары өндіріс пен шағын және орта кәсіпкерлік дамып келе жатқан жаңа экономикалық аймаққа айналып отыр. Қалада индустриялық инфрақұрылым дамып, отандық өнім өндірушілердің үлесі артуда. Осыған орай, шаһарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, өндірістік әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу — басты басымдықтардың бірі болып табылады.
Осы бағытта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік нысандарды аралау барысында «Нұр Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қуатымен танысты.
2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысады. Бүгінде өндіріс орнында жылына 10 000 дана жабын плитасын,30 000 дана темір-бетон тірегін және 50 000 тонна асфальтты сынды сапалы өнім шығарылады. Өндіріс орны қаладағы жол-құрылыс саласына қажетті материалдармен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 72 мың дана өнім өндірген.
Қазіргі таңда кәсіпорында 164 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Нұр Строй ЛТД» ЖШС шығарған өнімдердің сапасы СТ-KZ ұлттық сертификатымен дәлелденген, бұл – өндірілетін материалдардың 100% отандық екенін және халықаралық стандарттарға сай келетінін айғақтайды.
Қала әкімдігі өңірде индустриялық әлеуетті дамыту, құрылыс саласын қолдау және өндіріс ошақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өндірістік мекеме өкілдерімен жүздесу барысында Әзімбек Пазылбекұлы кәсіпорынның қызметін жоғары бағалап, отандық өнім үлесін арттыру, жұмыс орындарын көбейту және қала экономикасына қосар үлесін еселеу мәселелері алдағы уақытта да басты назарда болатынын атап өтті.