Home Blog Page 8

Түркістанда бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралды

0

Түркістан қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қалалық мәслихатының мәжіліс залында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

 

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары Аманжол Бекбол, Мадияр Әліпов, қала әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков, қалалық мәслихат депутаттары мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелерді Ғаппар Сарсенбаев ашып, жүргізді.

 

Отырыстың күн тәртібінде 2025 жылғы қалалық бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралды.

 

Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол баяндама жасап, бюджет қаржысының игерілуі мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.

 

Жиын барысында депутаттар өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті ұсыныстар назарға алынды. Отырыс қорытындысында қабылданған шешімдердің қала экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Түркістан облысы полициясында жедел кеңес өтті

0

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған жедел кеңес өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Дәстүрлі жиында Мемлекет басшысының тапсырмалары мен ІІМ-нің нұсқаулары, қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңірдегі криминогендік ахуал жан-жақты сараланды.

 

Кеңеске Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров төрағалық етті. Күн тәртібінде жедел-қызметтік қызметтің қорытындылары талданды, оның ішінде алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі қылмыстарына қарсы күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.

 

Криминалдық полиция басқармасының, тергеу басқармасының, анықтау басқармасының, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары баяндамаларын тыңдап, анықталған кемшіліктер мен оны жою бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша департамент бастығы тиісті қызметтердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуге, сондай-ақ 25 мамыр — «Соңғы қоңырау» іс-шараларын өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге ерекше назар аударылды.

 

Кеңес соңында жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылып, қызметкерлерге бақылауды күшейту, заңсыздықтың алдын алу мен сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

ТҮРКІСТАН: Түлкібаста жаңа темір жол бекеті салынып жатыр

0

Түлкібас ауданында жаңа темір жол бекеті салынып жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түлкібас станциясындағы жаңа теміржол бекетінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа екі қабатты вокзалдың құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатынла аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы барды.

 

Жоба аясында ескі бекет ғимараты толықтай бұзылып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа нысан салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Нысан биыл қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде.

 

Жаңа вокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи үлгіде жобаланған. Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арналған қолжетімді жағдай қарастырылған. Ана мен бала, күту залы, асхана сынды жолаушыларға қажетті инфрақұрылымдар енгізілген.

 

Сонымен қатар, аудан басшысының тапсырмасымен теміржол бекеті аумағын абаттандыру жұмыстары да жүреді. Жергілікті әкімдіктің қаржыландыруы аясында 2544 шаршы метр аумаққа асфальт және бетон жабындысын төсеу, жарықшамдар қою, кіші архитектуралық ескерткіштерді орнату, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, автотұрақты таңбалау және қоршау жұмыстары жүргізіледі.

 

Сондай-ақ, теміржол вокзалы жобасы аясында өтпелі көпірді жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Маусым айында көпірді сырлау, құлаған және зақымданған бөліктерін қайта бетондау, сондай-ақ жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілетін болады.

Түркістан облысында 500 мыңға жуық оқушы жазғы демалыспен қамтылады

0

Түркістан облысында биыл 500 мыңға жуық оқушы жазғы демалыспен қамтылады , деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына байланысты және 25 мамыр – Соңғы қоңырау, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мәлімдеді.

«Облыс аумағындағы жалпы 1 106 мектепте 554 776 оқушы білім алады. Биыл 9-сыныпты 47 174 оқушы, ал 11-сыныпты 35 294 түлек бітіреді. Олардың ішінде 2 416 оқушы «Алтын белгіге», 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 535 түлек өтініш берген. Аттестаттау жиындары тек мектеп ішінде, ресми форматта өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен қаулысына сәйкес кафе, мейрамханадағы кештерге, банкеттерге тыйым салынады. Автокортеж, көше шеруі, табиғат аясындағы жиындарға жол берілмейді. Ата-аналардан ақша жинауға және сыйлық алуға қатаң тыйым салынған. Барлық іс-шаралар тек мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс. Талап бұзылған жағдайда мектеп басшыларына тәртіптік шаралар қолданылады. Сондай-ақ, биыл облыста шамамен 496 мың оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған

Сонымен қатар, 400-ге жуық дарынды оқушы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазіргі таңда «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз маршрут», «Қауіпсіз үй» акциялары жүргізілуде» — деп баяндады сала басшысы.

Сонымен қатар, брифинг барысында облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Алентаев оқушылардың мектеп бітіру кешінде қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру бойынша жоспарлармен бөлісті.

«2026 жылғы 25 мамырда облыс аумағындағы іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кең көлемді профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстарға 2000-ға жуық полиция қызметкері мен 400 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Полиция мен білім беру органдары ата-аналар және түлектер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, автокөлікпен заңсыз кортеж ұйымдастыру, жол ережесін бұзу және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударуда. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, жоғары тәуекел аймақтарда мобильді топтар тәулік бойы жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруі, мопед пен автокөлікті заңсыз басқару деректері қатаң бақылауға алынған. Демалыс орындары мен қоғамдық жерлерде рейдтік шаралар күшейтілмек» — деді спикер.

Түркістан қаласында 160 көше жөнделіп жатыр

0

Түркістан қаласында биыл 160 көше жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала әкімдігінің 2026 жылға арналған жоспарлы жобалары аясында Отырар секторына қарасты Жолымбек көшесінде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында ұзындығы 3 шақырымды құрайтын көшенің жол жабыны толық жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынуда. Қазіргі таңда көшедегі ескі асфальт қабатын фрезалау жұмыстары толық аяқталған.

 

Сонымен қатар, мердігер мекеме тарапынан аяқжол құрылысы басталған. Жоспарға сәйкес, жаңа асфальт төсеу жұмыстары биыл мамыр айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталды. Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімдігінің бастамасымен биыл жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 160 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда.

ТҮРКІСТАН: Бәйдібектегі Алмалы ауылына табиғи газ келді

0

Бәйдібек ауданындағы Алмалы елді мекені табиғи газбен қамтылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Бәйдібек ауданындағы Алмалы елді мекеніне табиғи газ берілді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, ізгі тілегін білдірді. Жиынға ауыл тұрғындары, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының өкілдері қатысты.

 

Ауылға тартылған газ құбырының ұзындығы — 9 шақырым. Қазіргі таңда аудандағы 41 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған. Биыл өңірдегі Қаратас, Тұрақты, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас, Шұқыршақ елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.

Кентауда көпбалалы аналарға төсбелгілер табысталды

0

Кентаулық көпбалалы аналарға төсбелгілер табысталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Кентау қаласында көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтіп, 10 ана төсбелгіге ие болды. Оның ішінде, 3 ана «Алтын алқа» иегері атанса, 7 анаға «Күміс алқа» табысталды. Бұл марапаттар — көпбалалы аналардың ел болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне берілген жоғары баға.

 

Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы марапаттарды табыстап, аналарды құттықтады. Ол отбасы құндылықтарын нығайтуда, ұрпақ тәрбиесінде және елдің демографиялық өсімін қамтамасыз етуде аналардың еңбегі зор екенін жеткізді. Айта кетсек, жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жеті және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар «Алтын алқа», ал алты бала дүниеге әкелген аналар «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталады.

Түркістанда қоян-қолтық жекпе-жектен ҚР ТЖ министрінің кубогына арналған III турнир аяқталды

0

Түркістанда қоян-қолтық жекпе-жектен ҚР ТЖ министрінің кубогына арналған III турнир аяқталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің кубогы жолында қоян-қолтық ұрыстан III турнир аяқталды. Екі күн бойы еліміздің барлық өңірлерінен келген төтенше жағдайлар ведомствосының үздік спортшылары үздіктер атағы үшін бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін, төзімділік пен кәсіби шеберліктерін көрсетті.

 

Турнир қызметкерлердің спорттық рухын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жауынгерлік даярлықты жетілдіруге арналған маңызды алаңға айналды. Тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер барысында қатысушылар ерік-жігерін, сабырлылығы мен жеңіске деген ұмтылысын танытты.

 

Командалық есеп нәтижесінде жүлделі орындар осылай бөлінді: І орын Түркістан облысы, ІІ орын Қарағанды облысы, ІІІ орын Алматы қаласы.

Турнирдің басты мақсаты – қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене және жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайту.

 

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.

Түркістанда мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

0

Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, сала мамандары марапатталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, кәсіби мерекемен құттықтады. Ол мәдениет пен өнердің еліміз үшін орны зор екенін айтып, өңірде осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Күні кеше ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен атқарып алдық. Елдің абыройын көтеретін осы игілікті істердің барлығы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі деп сеніммен айта аламын. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Түркістан қаласынан бөлек, облыстың басқа аймақтарында да мәдениет саласында оң өзгерістер байқалады. Өткен жылдың өзінде аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүруде. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Театрларымызда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештерді жұрт назарына ұсынып келеді. Өнер байқауларындағы жетістіктерден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге де гастролдік сапарлар ұйымдастырылуда. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Европада өнер көрсетіп, ел даңқын асқақтатты. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы бүгінгі дәуірге жеткен өнер мен мәдениет саласының дамуындағы үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Мерекелік шарада өңір мәдениетінің дамуына еңбегі сіңген сала мамандарына «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды. Сондай-ақ бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар табыстады. Кәсіби мереке қарсаңында «Музейлер шеруі» байқауы ұйымдастырылған болатын. Бүгін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Ерназаров байқау жеңімпаздарын марапаттап, жүлдегерлерге автокөлік пен бағалы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік кешке жиналған қауым ең алдымен «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы промо-роликті тамашалады. Ал «Алтын тамыр» би ансамблі «Өнер» хореографиялық қойылымын сахналап, кештің сәнін келтірді. Сондай-ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетсек, бүгінде киелі шаһар облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға өткен жылы ерекше мәртебе берілді. Ал биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Өңірде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Алдағы уақытта да Түркі әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда мәдениеттің өркендеуіне бағытталған шаралар өткізу жоспарлануда.

«Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі: Түркістан облысының 30-ға жуық кәсіпорны өңірдің өндірістік әлеуетін таныстырды

0

Түркістан облысының 30-ға жуық кәсіпорны «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесінде өңірдің өндірістік әлеуетін таныстыруда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі басталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан көрмеде еліміздің барлық өңірлерінен 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі өз өнімдерін таныстыруда. Биылғы көрме ауқымы жағынан өткізілу тарихындағы ең ірі көрме ретінде ерекшеленуде.

Аталған көрмеге Түркістан облысынан 25 кәсіпорын қатысып, өңірде өндірілетін өнімдердің кең ауқымын көпшілік назарына ұсынуда. Түркістан облысының кәсіпорындары көрме аясында өңірдің өндірістік және экспорттық әлеуетін паш етіп, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуде. Қатысушылар қатарында азық-түлік өндірісі саласындағы табиғи шырын, сүт және шұжық өнімдерін, газдалған сусындар мен балмұздақ өндіретін кәсіпорындар бар. Сонымен қатар құрылыс материалдары, кабель өнімдері, металл конструкциялары, химиялық өнімдер мен арнайы жұмыс киімдерін шығаратын кәсіпорындар да өз өнімдерін ұсынуда.

Атап айтқанда, көрмеде «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС табиғи алма шырынын, «AYKAN» ЖШС «Эмир» ірімшігін, «ҚАРҚЫН-2030» ЖШС шұжық және ет өнімдерін, «Шораев» ЖК арнайы қорғаныш аяқ киімдерін, «Нұр-Агро 73» ЖШС мақта өнімдерін, «BEIBARS BOTTLERS» компаниясы RC Cola сусындарын, «Балмуздак» ЖШС «Ленгерское» балмұздағын, «QazEcoPack» ЖШС скотч және стрейч-пленка өнімдерін, «QAZAQ BITUM Processing» компаниясы битум өнімдерін, «Trans Cable» ЖШС кабель өнімдерін, «Quraq Group» ЖШС жұмсақ жиһаз өнімдерін және өзге де кәсіпорындар өз өнімдерін таныстыруда.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау мәтінінде Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударып отырғаны, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік шаралардың жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.

Бүгінде Түркістан облысында өндіріс саласын дамыту, импортты алмастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «ULTTYQ ÓNIM – 2026» көрмесі өңір кәсіпкерлері үшін жаңа серіктестер табуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға мүмкіндік береді.

Көрме аясында панельдік сессиялар, нетворкинг алаңдары, тәжірибе алмасу және B2B-кездесулер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ франчайзинг, команда қалыптастыру, салық салу және бизнесте жасанды интеллектіні пайдалану тақырыптарында тегін шеберлік сабақтары өткізілуде.

Бұдан бөлек, келушілер үшін танымал әртістер мен блогерлердің қатысуымен концерттік бағдарлама, «Халық таңдауы» онлайн-байқауы және арнайы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылған.

Айта кетейік, «Ulttyq Ónim» – мемлекеттік қолдау алған қазақстандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерін таныстыруға және ілгерілетуге бағытталған ірі көрме алаңдарының бірі. Көрмеде азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, машина жасау, медициналық өнімдер, жиһаз, арнайы киімдер мен қаптама өнімдері ұсынылуда.

2025 жылдың өзінде Үкімет тарапынан «Даму» қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 13 мың жобаға қолдау көрсетілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталды. Сонымен қатар кәсіпорындар тарапынан 27,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке шамамен 2 трлн теңге көлемінде салық түсімдері түсті.

Көрме 2026 жылғы 24 мамырға дейін жалғасады.