Түркістан облысында биыл 500 мыңға жуық оқушы жазғы демалыспен қамтылады , деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына байланысты және 25 мамыр – Соңғы қоңырау, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мәлімдеді.
«Облыс аумағындағы жалпы 1 106 мектепте 554 776 оқушы білім алады. Биыл 9-сыныпты 47 174 оқушы, ал 11-сыныпты 35 294 түлек бітіреді. Олардың ішінде 2 416 оқушы «Алтын белгіге», 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 535 түлек өтініш берген. Аттестаттау жиындары тек мектеп ішінде, ресми форматта өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен қаулысына сәйкес кафе, мейрамханадағы кештерге, банкеттерге тыйым салынады. Автокортеж, көше шеруі, табиғат аясындағы жиындарға жол берілмейді. Ата-аналардан ақша жинауға және сыйлық алуға қатаң тыйым салынған. Барлық іс-шаралар тек мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс. Талап бұзылған жағдайда мектеп басшыларына тәртіптік шаралар қолданылады. Сондай-ақ, биыл облыста шамамен 496 мың оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған
Сонымен қатар, 400-ге жуық дарынды оқушы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазіргі таңда «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз маршрут», «Қауіпсіз үй» акциялары жүргізілуде» — деп баяндады сала басшысы.
Сонымен қатар, брифинг барысында облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Алентаев оқушылардың мектеп бітіру кешінде қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру бойынша жоспарлармен бөлісті.
«2026 жылғы 25 мамырда облыс аумағындағы іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кең көлемді профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстарға 2000-ға жуық полиция қызметкері мен 400 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Полиция мен білім беру органдары ата-аналар және түлектер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, автокөлікпен заңсыз кортеж ұйымдастыру, жол ережесін бұзу және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударуда. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, жоғары тәуекел аймақтарда мобильді топтар тәулік бойы жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруі, мопед пен автокөлікті заңсыз басқару деректері қатаң бақылауға алынған. Демалыс орындары мен қоғамдық жерлерде рейдтік шаралар күшейтілмек» — деді спикер.

