Home Blog Page 72

ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ПАТРИОТТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0

Түркістанда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық ән байқауы өтті, деп хабарлайды qulager.kz.

Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық патриоттық ән байқауы ұйымдастырылды. Шараға өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген, жасы 60-тан асқан ардагерлер қатысып, өз орындаушылық шеберліктерін көрсетті.

Іс-шараның ашылуында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшы орынбасарының м.а. Мұқағали Кенжетайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың негізгі мақсаты – Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жас ұрпаққа жеткізу, елге деген сүйіспеншілік пен батырлық рухты дәріптеу, ардагерлердің ерлігін ұлықтап, патриоттық өнерді кеңінен насихаттау болды. Қатысушылар патриоттық тақырыптағы әндерді жанды дауыспен орындап, олардың шеберлігі дауыс мүмкіндігі, көркемдік мазмұн және сахна мәдениеті бойынша бағаланды. Сонымен бірге дуэт, трио және квартет форматындағы өнер көрсетуге мүмкіндік берілді.

Байқау жоғары деңгейде өтіп, нәтижесінде Бас жүлдені Шардара ауданынан келген Нұрлан Адамбеков иеленді. І орын Созақ ауданынан қатысқан «Сырлы Созақ» квартетіне бұйырды. ІІ орын Ордабасы ауданынан Құрманәлі Жылқыбайға және Жетісай ауданынан Алима Жолдыбаеваға берілді. ІІІ орын Сайрам ауданынан Жақсыбай Оңалбекке, Төлеби ауданынан «Нұрлы шуақ» отбасылық дуэтіне, сондай-ақ Қазығұрт ауданының «Мейірім» тобына табысталды.

Сонымен қатар, байқаудың арнайы жүлде иегерлері мен дипломанттары марапатталып, қатысушыларға сыйлықтар берілді.

Бұл патриоттық ән байқауы ардагерлердің өнерін дәріптеп қана қоймай, жас буынға өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосатын маңызды мәдени шара болып есептеледі.

 

ТҮРКІСТАН: Сайрамда мектептер арасындағы турнир бастау алды

0

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы «Қайрат» спорт кешенінде “Ауыл” партиясының Түркістан облыстық өңірлік филиалы мен “Мұрагер” бейбітшілік шартты әскери күштері ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Тәуелсіздік күніне орай оқушылар арасында “Жас сарбаз-тәуелсіз ел тірегі” тақырыбында алғашқы әскери дайындық бойынша мектептер арасындағы турнир бастау алды.

Іс-шараның ашылу салтанатына өңірлік филиалдың төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмуратов Төрегелді Оразалыұлы қатысып, жасөспірімдерге сәттілік тілеп, патриоттық тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.

Турнир – жас ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеріп, спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды дода.

Түркістандағы Р.Сеитметов театры биыл толағай табыстарға қол жеткізді

0

Түркістандағы Р.Сеитметов атындағы сазды-драма театры биыл 150-ге жуық спектакль сахналаған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналады. Сондай-ақ, театр репертуары осы жылы 6 жаңа қойылыммен толықты. Оның үшеуі ересектерге арналса, қалғаны балаларға арналған. Бұл туралы брифингте театр директоры Арман Алиев мәлімдеді.

 

«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Театр ұжымы 2025 жылы жалпы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысты. Одан бөлек, гастрольдік іс-сапарларда болды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістан елінің Дели, Пенджап, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздар Ресей елінің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды»,- деді Арман Алиев.

 

Сондай-ақ, брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев өнер ұжымы ел ішінде де біршама жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның ішінде, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысқан. Онда Д.Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен қатысып, Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен театр әртісі Кәмшат Аштекова мараппаталған. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталған.

 

Айта кетейік, 2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.

ТҮРКІСТАН: Кентауда қос қабатты спорт кешенінің құрылысы басталды

0

Кентау қаласында заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Кентау қаласында заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде нысанда іргетас құю, темір бағаналардың қаңқасын орнату және кірпіш қалау жұмыстары  жүргізіліп жатыр.

 

Замануи спорт кешені 2 қабатты. Мұнда үлкен әмбебап спорт залы, күрес және бокс залдары, шығыс жекпе-жектеріне арналған және көркем гимнастика залы, киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын және санитарлық және қызметкерлерге арналған бөлмелер қарастырылған. Кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін 1000-ға жуық спортшы жаттыға алады деп жоспарлануда.

 

Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қала әкімі нысанның алғашқы кірпішін өзі қалап, құрылысшыларға жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

 

Қазақстан мен Иран арасында 8 құжатқа қол қойылды

0

QULAGER.KZ. Қазақстан және Иран президенттерінің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті, деп жазады Ақорда.

 

Қазақстан және Иран президенттерінің қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт;

 

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктерді автокөлік арқылы халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

 

  1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы;

 

  1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;

 

  1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Актілерді және жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі мемлекеттік ұйымы арасында зияткерлік меншік саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

 

  1. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Жол және қала құрылысы министрлігі арасындағы көлік, транзит және логистика салалары бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

 

  1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Денсаулық сақтау және медициналық білім беру министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

 

  1. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентiнiң телерадио кешенi» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мен Иран Ислам Республикасы радиохабар тарату және телевизия ұйымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.

Қазақстан мен Иран президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

0

QULAGER.KZ. Қазақстан мен Иран президенттері  кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп жазады Ақорда.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде Иранмен ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз, – деді Президент.

 

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қатынастары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.

– Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту – ортақ міндет. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды, – деді Иран Президенті.

 

Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды.

– Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.

 

Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған.

Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр.

Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.

Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артқан.

Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылды.

 

Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады

– Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Тараптар екі елдің рухани құндылықтарын кеңінен таныстыру үшін алдағы жылдары Мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.

Мемлекет басшысы мен Иран Президенті келіссөз жүргізді

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді, деп жазады Ақорда.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта «Көрші тату болса – құт» деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы – ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұқсас. Ықпалдастығымыз ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ елі әрдайым Иранды қолдайды, арамызда ешқандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мәселе жоқ. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалуда, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл – әрине, өте жақсы жетістік. Бірақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет, – деді Президент.

 

Масуд ПЕЗЕШКИАН:

– Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын, – деді Иран Президенті.

“Кітап – руханият өзегі” акциясы аясындағы рухани сый

0

“Ауыл” партиясының Сайрам ауданы бойынша аумақтық ұйымның төрағасы Жайлаубеков Есіркеп Оразбекұлы өзі білім алған №20 С.Сейфуллин атындағы мектепке арнайы барып, оқушыларға үлкен қуаныш сыйлады.

Акция барысында жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, рухани дүниесін байыту мақсатында түрлі жанрдағы 200 дана кітап мектеп кітапханасына тарту етілді.

Бұл игі бастама – жастарды кітап оқуға баулып, оқу мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Оқушылар мен ұстаздар қауымы құнды сыйлық үшін өз алғыстарын білдірді.

 

Ата-аналарды қорғаудан – қауіпсіз балалық шаққа

0

Шымкент университетінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім министрлігі және “Ауыл” партиясының бірлесуімен “Ата-аналарды қорғаудан – қауіпсіз балалық шаққа” атты үш күндік семинар-кеңес өз жұмысын бастады.

Бұл басқосудың негізгі мақсаты – ата-аналарды қолдау арқылы балалардың қауіпсіз, бақытты және дені сау ортада өсуіне жағдай жасау. Сарапшылар, педагогтар, дәрігерлер мен қоғам белсенділері бала құқығы, отбасылық құндылықтар, психологиялық қауіпсіздік және ана мен бала денсаулығы сияқты маңызды тақырыптарды талқылауда.

Осындай бастамалар еліміздегі отбасы институтын нығайтып, жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашады.

Туризм мен демалыс мәдениетін арттыру мәселесі талқыланды

0

«Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Қалмуратов Төрегелді Оразалыұлының жетекшілігімен жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Кездесуге Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі директоры Нұржігіт Сағадат Оразалыұлы, сондай-ақ Ақсу-Жабағылы ұлттық паркінің ғылыми бөлімінің мамандары қатысты.

 

Жиын барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы демалушыларға жасалған жағдайлар мен экотуризмді дамыту мәселелері талқыланды. Табиғатты қорғау мен туризмді ұштастыру бағытында бірқатар ұсыныстар айтылып, нақты тапсырмалар берілді.

 

Төрегелді Оразалыұлы табиғи байлықтарымызды сақтай отырып, келушілерге қолайлы жағдай жасау – ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңірдің экотуристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асыру қажеттігін жеткізді. Кездесуде өзекті аймақтардың мәселесі де сөз болып, маңызды ой-пікірлер ортаға салынды.

 

Табиғатты аялау – ұлттың рухани байлығы мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік! Сондықтан мәселені жүйелі қолға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар барысы атқарылатын болады.