Home Blog Page 3

Түркістан облысында нөсер жауыннан кейінгі жағдай бақылауда

0

Түркістан облысында нөсер жауыннан кейінгі жағдай бақылауда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысының Төлеби және Қазығұрт аудандарының кей аумақтарында орын алған нөсер жауын-шашын салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласына жаңбыр суы жиналып, тұрғындар үшін уақытша қолайсыздық туындады. Қазіргі таңда жауын-шашын тоқтап, жағдай тұрақтанды.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, Төлеби ауданында 3 тұрғын үйдің ауласы мен 1 жеке тұрғын үйге, ал Қазығұрт ауданындағы Қ.Мәмбетұлы және Жіңішке ауылдарында бірқатар үйдің ауласына жаңбыр суы кірген. Тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ.

 

Аталған аумақтарда суды бұру және су тасқынының алдын алу бағытында жедел шаралар қолға алынды. Жұмыстарға 100-ден астам адам, 20-ға жуық техника және 14 мотопомпа жұмылдырылған. Арнайы жұмысшы топ жұмыс атқаруда.

 

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қазығұрт ауданына барып, ахуалды бақылады. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аталған елді мекендерде кешенді жұмыстар ұйымдастырылып, тиісті қызметтер толық жұмылдырылған.

 

Аймақтағы су нысандары мен өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда.

Түркістанда 3268 түлек үлкен өмірге қадам басты

0

Түркістанда 3268 түлек үлкен өмірге қадам басты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Сыңғырла, соңғы қоңырау – 2026» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылып, мерекелік жиындарда оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды.

 

Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы Ж.Тәшенов атындағы №23 мектеп-лицейінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мерекелік шараға қатысып, педагогтер қауымын, ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.

 

Қала басшысы өз сөзінде білім – ел болашағының берік іргетасы екенін атап өтіп, жас ұрпаққа мемлекет тарапынан үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, түлектерге қандай салада жүрсе де адал еңбек етіп, туған жердің мерейін үстем ететін, ел үмітін ақтайтын саналы да бәсекеге қабілетті азамат болуға тілектестік білдірді.

 

– Бүгінгі түлек – ертеңгі ел тірегі. Сіздердің сапалы білім алып, саналы тәрбиемен қалыптасуларыңыз – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Әрқайсыңыздың биік белестерді бағындырып, туған Түркістанның абыройын асқақтататын азамат болып қалыптасатындарыңызға сенімім мол, – деп атап өтті.

 

Биыл Түркістан қаласы бойынша 59 772 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 3268 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2686 түлек қатысады. Сонымен қатар, 243 оқушы «Алтын белгіге», 254 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып, білім сапасының артып келе жатқанын көрсетті.

 

Айта кетейік, қаладағы барлық білім беру ұйымдарында өткен соңғы қоңырау салтанаты мазмұнды әрі тағылымды форматта ұйымдастырылып, шәкірттердің ұстаздарға деген құрметі мен мектепке деген ыстық ықыласын айшықтаған тәрбие сағаттарына ұласты. Мерекелік шара барысында үздік оқушылар марапатталып, ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдірілді.

Түркістан облысында Құрбан айт мейрамы ұлттық нақышта аталып өтеді

0

Түркістан облысында Құрбан айт мейрамы ұлттық нақышта атап өтіледі, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

27 мамыр – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Осыған орай Түркістан облысының мешіттерінде мерекелік іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, мешіт имамдары ұлттық нақышта киініп, мерекелік дастарқан жайылып және ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов айтты.

– Құрбан айт мейрамы биыл 27-29 мамыр аралығында атап өтіледі. Құрбан шалудың уақыты 27 мамыр күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 29 мамыр кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Түркістан облысында сағат таңғы 6:00-да басталады, — деді Ержан Сматұлы.

Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан қаласының бас имамы Исмаил Панов құрбандыққа қандай мал жарамды екенін айтып, шаруаларды айт күндері мал бағасын тұрақты ұстауға шақырды.

– Айт мейрамында кәсіпкерлерді мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге шақырамыз. Қала тұрғындары құрбан шалу барысында санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Құрбандыққа 1 жасар қой-ешкі, 2 жасар сиыр, 5 жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс орталығында 200-ге жуық мұқтаж отбасы анықталып,  21 ірі қара мал, 2 түйе мен 4 қой сойылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл өсуі де мүмкін, — деді Исмаил Ыдырысұлы.

Сондай-ақ, брифингте Түркістан облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Сүндет Жүсіпбек Құрбанның айтуынша, айт мейрамы қарсаңында өңірдегі қасапшылармен арнайы жиын өтіп, оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Онда малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және өзге де мәселелер талқыланған.

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда 1 000-нан астам медаль жеңіп алды

0

QULAGER.KZ.  2025-2026 оқу жылында Қазақстан дарынды оқушыларды қолдау жұмысын күшейтті. 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа 1,6 млн-ға жуық оқушы қатысты. Халықаралық деңгейде ел намысын 5 052 оқушы қорғады. Олар 37 олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 026 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Тағы 56 қатысушы арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Математика бағытындағы жетістіктерді бөлек атап өткен жөн. Қазақстан құрамасы Вильнюсте өткен European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанды. Салоники қаласында өткен Balkan Mathematical Olympiad жарысында команда мықты математикалық мектептері бар елдер арасында жалпыкомандалық есепте 6-орын алды.

Қазақстандық оқушылар Финиксте өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме Regeneron ISEF-ке де қатысты. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні қолдану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің білім грантын алды.

Хьюстонда өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушы арасында 12 наградаға ие болды. Күздің соңына дейін ел оқушылары тағы 10-нан астам халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады.

Қазақстанда диқандарға арналған дизель отынына цифрлық және түстік бақылау енгізілді

QULAGER.KZ. Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Жеткізілімдер бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

 

Жыл басында энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері егіс науқанына арналған 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекітті. Жеткізілімдер ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында жүргізіледі.

 

Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының бағасы өңірлердегі жеткізу станциясына дейін ҚҚС-пен бірге литріне 263 теңгені құрайды. Соңғы бағаны өңірлік операторлар айқындайды және ол литріне 281 теңгеге дейін болуы мүмкін. Бұл орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15 %-ға төмен.

 

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын бөлудің ашықтығын және оның қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін бірқатар қосымша шаралар енгізілген болатын. Атап айтқанда, жеке ПИН-кодтар белгіленіп, отынды сары, көк және қызыл түстерге бояу жүйесі енгізілді, сондай-ақ электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма құрылды.

Қабылданған шаралар дизель отынын мақсатсыз пайдалану көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеп, 21 %-ға қысқарды.

 

Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.

ТҮРКІСТАН: Түлкібас түлектері бір отбасыға баспана тарту етті

0

Түлкібастың 2006 жылғы мектеп түлектері бір отбасыға баспана кілтін табыс етті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы мектептерінің 2006 жылғы түлектері қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін тағы бір мәрте көрсетті. Тоғыз жылдан бері дәстүрге айналған игі бастама биыл да жалғасын тауып, көптің алғысына бөленді. Жүректен шыққан жақсылық жолын серік еткен түлектер баспанаға мұқтаж аудан тұрғыны, үш перзенттің анасы Салтанат Тұрсынбайға аудан орталығынан тоғызыншы баспананың кілтін табыстады.

 

Салтанат Тұрсынбай – екі жыл бұрын денсаулығына байланысты ауыр сынақты бастан өткеріп, бүгінде жұмыссыз отырған жалғызбасты ана. Үшінші перзентінің мүгедектігі бар. Тағдыр тауқыметі қабат келген осындай қиын кезеңде мектеп түлектерінің қамқорлық танытып, қолдау көрсетуі – адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды.

 

Баспана кілтін табыстау салтанатты рәсіміне аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы қатысып, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің ұйымшылдығы мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді. Аудан әкімдігі атынан жаңа қоныс иелеріне арнайы сый-сияпаттарын табыстап, ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар игі іске атсалысқан азаматтарды арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

 

Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және түлектердің ұстаздары сөз сөйлеп, шәкірттерінің елге жанашыр азамат болып қалыптасқанына ризашылықтарын білдірді.

 

Айта кетейік, Салтанат Тұрсынбай сырқаттан бұрын мектепте қызмет атқарған. Ол өзіне қолдау көрсеткен 2006 жылғы мектеп түлектеріне, сондай-ақ қиын сәтте жанынан табылып, көмек білдірген аудандық орталық аурухана ұжымына шынайы алғысын жеткізді.

Түркістан облысында қуатты күн электр станциясы салынып жатыр

0

Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысында 300 МВт қуатты фотоэлектрлік-энергия сақтау (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы партиясының қадалы іргетасын құю салтанатты рәсімі өтті. Бұл оқиға жобаның негізгі құрылыс кезеңіне толықтай көшкенін айқындады. Іс-шараға және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй және инвесторлар, энергетика саласының өкілдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.

 

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.

 

– Өткен жылдың желтоқсан айында осы жобаның іргетасын қалап, капсула салу рәсімін бірге өткізген болатынбыз. Бүгін құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастап отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы. Қуаттылығы 300 МВт болатын бұл күн электр станциясы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

 

Облыс басшысы жобаның жүзеге асуына облыс әкімдігімен қатар, Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі екенін атап өтті.

 

Кездесу барысында «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй іргетасты құю – Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Болашақта компания «Самұрық-Энерго» АҚ сияқты серіктестермен бірлесе отырып, құрылысты жоғары стандарттарға сәйкес жүргізуге күш салатынын мәлімдеді.

«Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев және өзге де жауапты тұлғалар жұмыс барысын баяндап, жобаға қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді.

 

Айта кетейік, аталған маңызды жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері жер жұмыстары толық атқарылып, күн электр станциясының кеңсе, жатын орын, қойма ғимараттары салынды. Ал бүгін негізгі қондырғыларды орнату жұмысы басталды.

 

Түркістан облысындағы 300 МВт қуатты фотоэлектрлік-энергия сақтау жобасының жалпы инвестиция көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін қол қойылған Қытай мен Қазақстан үкіметаралық негіздемелік келісімі аясында іске қосылатын алғашқы жоба. Құрылыс кезеңінде 500-дей жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына нақты серпін береді. Іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтіліп отыр. Осы арқылы өңірдің энергетикалық балансының құрылымын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның «жасыл» энергетикадағы үлесін арттырмақ. Күн электр станциясы 2027 жылы пайдалануға беріледі.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ

0
Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бүгінгі таңға мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген тексеру және талдау жұмыстарының нәтижесінде 89 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Еркеше назар аударатын мәселелердің бірі ол — мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау. Жұмыс уақыты режимін сақтау бағытында жүргізілген мониторинг нәтижесінде үстеме жұмысқа заңсыз тарту деректері анықталып, 61 мемлекеттік қызметшіге 237 сағат қосымша тынығу уақыты беріліп, тиісті өтемақылары төленді.
Сондай-ақ, Заңнамада көзделген мерзімдерде іссапар шығындарын төленбегені анықталып, 12 қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
16 мемлекеттік қызметшіге қосымша міндеттерді жүктеу барысында Заңнама талаптары сақталмағаны анықталып, тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізілген. 1 мемлекеттік қызметшіге қосымша міндеттерді атқарғаны үшін ақы төлеу ұсынылды.
Сонымен бірге кешіктірілген төлемдер үшін 13 мемлекеттік қызметшіге тиісті өсімпұлдары төленді.
Мақсат КОПЕЕВ, 
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы.

Жеке қаржылық мәліметтер құпия сақталады

0
Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 2026 жылғы 18 наурыздағы №77 нормативтік қаулысын түсіндіріп беру үшін Қазығұрт ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Руслан АБДРАИМОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Руслан Әлжанұлы, Конституциялық соттың 2026 жылғы 18 наурызда қараған ісіне қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Конституциялық Сот сол күні қараған іс аясында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы, 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарады. Бұл мәселе ерлі-зайыптылар арасындағы ортақ мүлікті бөлу кезінде банк құпиясының сақталуына байланысты туындаған болатын.
– Даудың шығуына не түрткі болды?
– Өтініш беруші неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу үшін бұрынғы жұбайының банктік шоттары туралы ақпарат алмақшы болады. Алайда, банктер заңдағы банк құпиясына сүйеніп, мұндай мәліметтерді беруден бас тартады. Осыған байланысты өтініш беруші өзінің құқықтары шектелгенін айтып, Конституциялық сотқа жүгінеді.
– Бұл істе қандай конституциялық қағидаттар қаралды?
– Мұнда екі маңызды құқықтық қағидаттың ара қатынасы қаралды. Біріншісі, ерлі-зайыптылардың теңдігі және олардың ортақ мүлікке қатысты бірлескен меншік құқығы. Екіншісі, азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауы және банк құпиясының қорғалуына қатысты.
– Конституциялық соттың ұстанымы қандай болды? 
– Соттың ұстанымы бойынша банк құпиясы әр адамның жеке өмірінің ажырамас бөлігі болып саналады. Және ол Конституциямен қорғалады. Тіпті, неке қатынастары болған жағдайда да бұл құқық сақталады. Ал, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары заңмен реттелетіндіктен, белгілі бір жағдайларда бұл құқықтардың өзгертілуі немесе тоқтатылуы мүмкін екендігі осы қаулыда көрсетілді.
– Сонымен сот қандай қорытындыға келді?
– Конституциялық сот «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы, 4-тармағын Конституцияға қайшы емес деген қорытындыға келді. Сот осы тұста бірнеше маңызды жайтты назарға алуды ұсынды. Айталық, банк құпиясы жеке өмірдің бір бөлігі болып табылатынын, ерлі-зайыптылардың теңдігі олардың жеке құқықтарын жоймайтынын, жұбайының банк шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алу құқығы жоқтығын, алайда, қажеттілік туындаса, кез келген тарап бұл ақпаратты сот тәртібімен талап ету мүмкіндігі сақталатынын көрсетті.
– Бұл шешімнің құқықтық маңызы неде деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе қоғам үшін өте өзекті әрі құқықтық тұрғыдан маңызды деп есептеймін. Өзіңіз білесіз, біз өз алдымызға Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды мақсат етіп қойдық. Бұл қағидаттың ең басты мақсаттарының бірі өзге адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпау, оны құрметтеу екенін естен шығармаған абзал. Конституциялық сот осыған байланысты қоғамдағы өзекті мәселенің біріне түсіндірме берді. Атап айтқанда, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қоғамдағы азаматтық-құқықтық қатынаста ғана емес, отбасыдан бастау алатынын көрсетті. Ең бастысы, ерлі-зайыптылардың теңдігі бір-бірінің жеке өміріне толық әрі шектеусіз қол жеткізу дегенді білдірмейтінін нақтылады. Әр азамат, тіпті, ол некеде болса да, өзінің жеке қаржылық мәліметтерінің құпия сақталуына құқылы.
Бұл нормалардың іс-жүзіндегі қолданысына келетін болсақ, бұл шешім бірнеше маңызды қағиданы нақтылап берді. Атап айтар болсақ, ортақ мүлікті бөлу кезінде дәлелдемелерді ұсыну қиын болған жағдайда сот тараптардың өтінішхаты бойынша дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Банктер туралы заңның 50-бабы, 6-тармағының б) тармақшасына, 7-тармағының в) тармақшасына сәйкес, банктер қолда бар мәлiметтерді соттарға олардың қарауындағы iстер бойынша береді. Сонымен қатар отбасылық құқықтар мен жеке құқықтардың ара жігі нақты сақталатынын айғақтап берді.
Қорыта айтқанда, Конституциялық сот осы қаулысы арқылы жеке құқықтар мен отбасы институты арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын көрсетіп берді. Банк құпиясы — тек қаржылық ақпарат емес, ол адамның жеке өмірінің бір бөлігі. Сондықтан оны қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі.
– Әңгімеңізге рақмет! 
 
Әңгімелескен Д.ТҰРСЫНҰЛЫ.

ТҮРКІСТАН: 476 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

0

Түркістан облысында 476 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан Түркістан қалалық емханасына жоспарлы тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтардың орын алғаны анықталды. Тексеру кезінде қызмет алушы азаматтардың өтініштерін қараудан негізсіз бас тартқан жағдайлар белгілі болды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар жүйелі түрде жалғасып келген.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту туралы» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында өтініштің медициналық ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталып тіркелгені туралы хабарлама немесе өтінішті қараудан бас тартқандығы туралы дәлелі болуы тиіс. Сонымен қатар, «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес, өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда оның нақты себептері көрсетілуі міндетті. Алайда, тексеру барысында бұл талаптардың сақталмағаны белгілі болды.

Мәселен, қызмет алушы осы жылы 13 ақпанда eGov.kz порталы арқылы емханаға тіркелуге өтініш берген. Бірақ, емхана тарапы қызмет көрсетуден бас тартқан. Порталда мекеменің бас тарту себептері көрсетілгенімен, іс жүзінде өтініштердің басым бөлігіне «Ошибочный запрос» деген жалпылама жауап берілген. Мұндай тәсіл қызмет алушыларға бас тарту себептерін түсінуге және оларды жою арқылы қайта өтініш беруге мүмкіндік бермейді. Былтыр дәл осындай 2931 заңбұзушылық орын алса, жыл басынан бері 476 өтініш қараусыз қалдырылған.

Тексеру қорытындысы бойынша департамент тарапынан тиісті ұсыныстар енгізіліп, нәтижесінде 476 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Ержан ҚАРЫМСАҚОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.