HomeҚоғамЖеке қаржылық мәліметтер құпия сақталады

Жеке қаржылық мәліметтер құпия сақталады

Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 2026 жылғы 18 наурыздағы №77 нормативтік қаулысын түсіндіріп беру үшін Қазығұрт ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Руслан АБДРАИМОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Руслан Әлжанұлы, Конституциялық соттың 2026 жылғы 18 наурызда қараған ісіне қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Конституциялық Сот сол күні қараған іс аясында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы, 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарады. Бұл мәселе ерлі-зайыптылар арасындағы ортақ мүлікті бөлу кезінде банк құпиясының сақталуына байланысты туындаған болатын.
– Даудың шығуына не түрткі болды?
– Өтініш беруші неке бұзылғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу үшін бұрынғы жұбайының банктік шоттары туралы ақпарат алмақшы болады. Алайда, банктер заңдағы банк құпиясына сүйеніп, мұндай мәліметтерді беруден бас тартады. Осыған байланысты өтініш беруші өзінің құқықтары шектелгенін айтып, Конституциялық сотқа жүгінеді.
– Бұл істе қандай конституциялық қағидаттар қаралды?
– Мұнда екі маңызды құқықтық қағидаттың ара қатынасы қаралды. Біріншісі, ерлі-зайыптылардың теңдігі және олардың ортақ мүлікке қатысты бірлескен меншік құқығы. Екіншісі, азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауы және банк құпиясының қорғалуына қатысты.
– Конституциялық соттың ұстанымы қандай болды? 
– Соттың ұстанымы бойынша банк құпиясы әр адамның жеке өмірінің ажырамас бөлігі болып саналады. Және ол Конституциямен қорғалады. Тіпті, неке қатынастары болған жағдайда да бұл құқық сақталады. Ал, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары заңмен реттелетіндіктен, белгілі бір жағдайларда бұл құқықтардың өзгертілуі немесе тоқтатылуы мүмкін екендігі осы қаулыда көрсетілді.
– Сонымен сот қандай қорытындыға келді?
– Конституциялық сот «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы, 4-тармағын Конституцияға қайшы емес деген қорытындыға келді. Сот осы тұста бірнеше маңызды жайтты назарға алуды ұсынды. Айталық, банк құпиясы жеке өмірдің бір бөлігі болып табылатынын, ерлі-зайыптылардың теңдігі олардың жеке құқықтарын жоймайтынын, жұбайының банк шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алу құқығы жоқтығын, алайда, қажеттілік туындаса, кез келген тарап бұл ақпаратты сот тәртібімен талап ету мүмкіндігі сақталатынын көрсетті.
– Бұл шешімнің құқықтық маңызы неде деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе қоғам үшін өте өзекті әрі құқықтық тұрғыдан маңызды деп есептеймін. Өзіңіз білесіз, біз өз алдымызға Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды мақсат етіп қойдық. Бұл қағидаттың ең басты мақсаттарының бірі өзге адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпау, оны құрметтеу екенін естен шығармаған абзал. Конституциялық сот осыған байланысты қоғамдағы өзекті мәселенің біріне түсіндірме берді. Атап айтқанда, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қоғамдағы азаматтық-құқықтық қатынаста ғана емес, отбасыдан бастау алатынын көрсетті. Ең бастысы, ерлі-зайыптылардың теңдігі бір-бірінің жеке өміріне толық әрі шектеусіз қол жеткізу дегенді білдірмейтінін нақтылады. Әр азамат, тіпті, ол некеде болса да, өзінің жеке қаржылық мәліметтерінің құпия сақталуына құқылы.
Бұл нормалардың іс-жүзіндегі қолданысына келетін болсақ, бұл шешім бірнеше маңызды қағиданы нақтылап берді. Атап айтар болсақ, ортақ мүлікті бөлу кезінде дәлелдемелерді ұсыну қиын болған жағдайда сот тараптардың өтінішхаты бойынша дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Банктер туралы заңның 50-бабы, 6-тармағының б) тармақшасына, 7-тармағының в) тармақшасына сәйкес, банктер қолда бар мәлiметтерді соттарға олардың қарауындағы iстер бойынша береді. Сонымен қатар отбасылық құқықтар мен жеке құқықтардың ара жігі нақты сақталатынын айғақтап берді.
Қорыта айтқанда, Конституциялық сот осы қаулысы арқылы жеке құқықтар мен отбасы институты арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын көрсетіп берді. Банк құпиясы — тек қаржылық ақпарат емес, ол адамның жеке өмірінің бір бөлігі. Сондықтан оны қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі.
– Әңгімеңізге рақмет! 
 
Әңгімелескен Д.ТҰРСЫНҰЛЫ.

Ұқсас жазбалар