Түркістан облысында 476 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан Түркістан қалалық емханасына жоспарлы тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтардың орын алғаны анықталды. Тексеру кезінде қызмет алушы азаматтардың өтініштерін қараудан негізсіз бас тартқан жағдайлар белгілі болды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар жүйелі түрде жалғасып келген.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту туралы» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында өтініштің медициналық ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталып тіркелгені туралы хабарлама немесе өтінішті қараудан бас тартқандығы туралы дәлелі болуы тиіс. Сонымен қатар, «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес, өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда оның нақты себептері көрсетілуі міндетті. Алайда, тексеру барысында бұл талаптардың сақталмағаны белгілі болды.
Мәселен, қызмет алушы осы жылы 13 ақпанда eGov.kz порталы арқылы емханаға тіркелуге өтініш берген. Бірақ, емхана тарапы қызмет көрсетуден бас тартқан. Порталда мекеменің бас тарту себептері көрсетілгенімен, іс жүзінде өтініштердің басым бөлігіне «Ошибочный запрос» деген жалпылама жауап берілген. Мұндай тәсіл қызмет алушыларға бас тарту себептерін түсінуге және оларды жою арқылы қайта өтініш беруге мүмкіндік бермейді. Былтыр дәл осындай 2931 заңбұзушылық орын алса, жыл басынан бері 476 өтініш қараусыз қалдырылған.
Тексеру қорытындысы бойынша департамент тарапынан тиісті ұсыныстар енгізіліп, нәтижесінде 476 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Ержан ҚАРЫМСАҚОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

