Түркістан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстандағы табиғи мұраны қорғау ісінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан бірегей қорықтың мерейтойына табиғат жанашырлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және түрлі сала өкілдеір қатысты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты қорықтың ғасырлық тойымен құттықтады.
– Баршаңызды қазақтың мақтанышына айналған «Ақсу-жабағылы» қорығының 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Түркістан өңіріне ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Өйткені «Ақсу-Жабағылы» – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш құрылған мемлекеттік табиғи қорық. Бір ғасыр бойы бұл қасиетті мекен табиғатты қорғау ісінің және ғылым мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың да үлкен мектебіне айналды. Сол жылдары қорық аумағын сақтау және оны кеңейту мәселесіне тікелей ықпал еткен мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың еңбегін бүгін зор құрметпен атап өтеміз. Бүгінде Ақсу-Жабағылының 131 мың гектардан астам аумағында табиғаттың қайталанбас байлығы сақталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи мұраны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде міндеттер жүктеген болатын. Осы міндеттер аясында өңірімізде экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту, табиғи мұраны насихаттау және экотуризм инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Жер мен судың қадірін білу, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Осы қасиетті мекеннің табиғи байлығын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізейік! – деген Нұралхан Көшеров қоршаған ортаны қорғау, табиғи мұраны сақтау және «Ақсу-Жабағылы» қорығының ғасырлық тарихын ұлықтауға үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев сөз сөйлеп, мерейтойдың маңызына тоқталды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның табиғи мұра бойынша сарапшысы Елина Мальцева да өз ой-пікірлерін білдірді.
Салтанатты іс-шара облысымыздың өнер ұжымдары мен әнші, бишілерінің концерттік бағдарламасымен өрнектелді.
Айта кетейік, «Ақсу-Жабағылы» қорығында 52 сүтқоректі, 299 құс, 11 бауырымен жорғалаушы, 3 қосмекенді түрі және жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1 312 түрі кездеседі. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 41 түрі бар. Ақсу шатқалы, тау көлдері, мұздықтар мен ерекше ландшафттар бұл өлкенің табиғи құндылығын одан әрі арттыра түседі. Қорықтың халықаралық деңгейде мойындалуы да – ғасыр бойы тер төккен ғалымдар мен қорықшылардың ерен еңбегінің жемісі. Халықаралық үйлестіру кеңесінің 27-сессиясында қорық ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Ал 2016 жылғы 17 шілдеде Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан «Батыс Тянь-Шань» трансшекаралық табиғи аумағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізіліп, оның әлемдік табиғи құндылығы халықаралық деңгейде мойындалды.

