HomeҚоғамҚҰРЫЛТАЙ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАҢА КЕЗЕҢДІ БАСТАП БЕРДІ

ҚҰРЫЛТАЙ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАҢА КЕЗЕҢДІ БАСТАП БЕРДІ

Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған жиында Қазақстан Республикасының Президенті ел дамуының алдағы кезеңіне арналған салмақты әрі байыпты саяси шешімдерін жариялап, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшкен мемлекеттік құрылыс жайлы ойларымен бөлісті.

Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы осымен бесінші рет өткен Ұлттық құрылтайдың маңызына тоқталып, оның еліміздің ішкі қоғамдық үдерістерді терең саралаудағы міндетін атап өтті. Қызылорда өңірінің даму көрсеткіштерін жоғары бағалай отырып, Қазақстанның Арал теңізін құтқарудағы маңызды қадамына тоқталды. Еліміз Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік алғанын жеткізді. Суды стратегиялық ресурс деп бағалаған Мемлекет басшысы, тіршілік нәрі саласындағы түйткілдің шешімі шебер дипломатияға байланысты болатынын, Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Осы орайда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтергенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан өткен жылды табысты аяқтағанын атап өтті. «- Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ұлттық құрылтайдың айрықша рөліне тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті, қазақстандық қоғамды біріктірген алаңда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданғанын ерекше атап өтті. Оның ішінде әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалғаны, ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастағаны айтылды. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтіріліп, мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілгені атап өтілді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтар айқындалғаны, еліміздің идеологиялық тұжырымдамасы қабылданғаны, мәдениет пен өнер салаларын жаңғыртудың жаңа белестері белгіленгені сөз болды. Еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге танытуда іргелі қадамдар жасалғаны айтылды.

Қаратау петроглифтері сынды құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп байыпталды. Хакім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек екені сөз болып, Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет екені мәлімделді. Ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екені айтылды.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түсетінін ескерген Қасым-Жомарт Кемелұлы, халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында биылғы мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылатыны айтылып, бұл басқосуға әлемнің беделді ғалымдары шақырылатыны жария етілді.

Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында Отаншылдық ұғымына тоқтала отырып, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу мәселесіне қатысты ойларымен бөлісті. Мемлекеттік туымыздың үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық іс-шараларда қолданылуы мәселесін айтты. «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналғанына тоқталды. Өз еліңнің патриоты болуды азаматтық жауапкершііктің ең биік үлгісі деп атады. Жасампаз патриоттық рух күн сайынғы табанды, адал еңбекпен қалыптасатынын атап өтті. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға алатынын атап өтіп, қоғамда отбасы институтын нығайту әрқашан басымдыққа ие болатынын жеткізді. Қыз алып қашуды адам ұрлау деген сөз екенін айтып, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс деп атады. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ міндет екеніне тоқталып, еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс деп байыптады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отырғанына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, осы стратегиялық міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болатынын мәлімдеді. « — Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек», — деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтайда елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту айрықша маңызды міндет екені айтылды. Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыру, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсарту маңызды деп белгіленді. Осы орайда биыл Сарыағаш айналма жолының құрылысы қолға алынатыны, «Дарбаза — Мақтаарал» темір жол желісі толық салынатыны хабарланды.

Елдік жиында Қазақстан Республикасының Президенті отандық жүк тасымалдау авиациясын дамыту, экономикалық өсім динамикасын қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларын мемлекеттік қаржыландыру механизмдерін реформалау, көші-қон саласындағы алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою мәселелері бойынша Үкіметке және құқық қорғау органдарына нақты міндеттер жүктелді. Қазақстанның халықаралық аренадағы іс-қимылына кеңінен тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ететінін атап өтіп, ұлттық мүддені қорғауда Үкімет белсенді жұмыс істеу керек екені айтылды.

Қасым-Жомапрт Кемелұлы Тоқаев биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болатынына баса мән берді.

«-Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.
Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады.
Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.
Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр», — деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Мемлекет басшысы болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірін білдіріп, оны Құрылтай деп атауды жөн санайтынын айтты. Шын мәніндегі тиімді әрі кәсіби Парламент құруда басты мәселе санда емес, сапада болуға тиіс екені жария етілді. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келгенін жеткізді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін екені айтылып, комитет саны 8-ден аспауы керек екені мәлімделді. Сондай-ақ беріліп отырған ұсыныстарға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау Парламент келісімен жүзеге асыру мүмкін екені айтылды. Мемлекет басшысы берілген ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болғанын айта отырып, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайлануы мүмкін екенін жеткізді. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанынан хабардар екенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы, аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп санайтынын атап өтті.

«- Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын. Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын», — деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болғанына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, жааңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отырғанын айтты. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылатыны мәлімделіп, депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайтыны, одан кейін өзгерістерді мақұлдайтыны, соңында заңды қабылдайтыны жария етілді.

Парламенттік реформаға қатысты азаматтардан 500-ден астам түрлі ұсыныс түскенін мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде жүргізуге арналған кең ауқымды алаң немесе мінбер қажет екенін атап өтті. «- Осыған байланысты Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың тарихи тұрғыдан маңызды миссияларын негізінен сәтті орындап шықты деп есептеуге болады. Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Халық Кеңесі өз мәні бойынша өзге елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады. Оның құрамында еліміздегі барлық этностар, әлеуметтік топтар мен өңірлер өкілдікке ие болады. Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылады: – 42 адам – этномәдени бірлестіктерден, – 42 адам – ірі қоғамдық ұйымдардан, – 42 адам – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден жасақталады. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің өздері тарапынан сайланады. Халық Кеңесі төрағасының екі орынбасары болады, олар ротация тәртібімен, қоғамдық негізде тағайындалады. Сондай-ақ Кеңес жанынан хатшылықтың басшысы қызмет атқаратын болады», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Ұлттық Құрылтайдың соңғы отырысында Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек екені айтылды. «- Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Елдік жиын қорытындысында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасында Вице-президент институтын құру және оны Конституцияда бекіту туралы ойын жария етті. Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайтын болады. Оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысы өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасына сәйкес: Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық форумдарда, сондай-ақ шет мемлекеттердің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде таныстырады, Президенттің атынан Парламентте өкілдік етеді, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ Президент жүктеген өзге де міндеттерді орындайтын болады.

Ұлттық Құрылтайдың қорытынды отырысы ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды тарихи сәт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай жұмысын қорытындылай отырып, соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан реформалардың логикалық жалғасы ретінде ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңашылдықтарды жария етті.

Президент өз сөзінде Құрылтайдың басты миссиясы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту, жалпыұлттық диалогты жаңа сапалы деңгейге көтеру екенін атап өтті. Осы алаңда айтылған ұсыныстар мен пікірлер мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіруге, азаматтардың ел басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталды.

Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстанда қалыптасып келе жатқан жаңа саяси архитектураның негізгі өзегін нақтылап берді. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген орнықты басқару моделі. Президенттің айтуынша, бұл модель мемлекет тұрақтылығын сақтай отырып, қоғамдағы сұраныстарға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік берді.

Алтынсары Үмбетәлиев,
“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі

Ұқсас жазбалар