XXI ғасыр — жаһандану заманы әрі Z ұрпағы бастаған уақыт. Қазіргі уақытта Z (1997-2012 жылдар аралығында туылғандар) және Альфа (2012-2020 жылдар аралығында туылғандар) ұрпақтары мектеп пен университеттерде оқуда басым. Z ұрпағы электронды гаджеттерді(планшеттер, смартфондар, 3Д құрылғылар, т.б.) кеңінен қолданғандықтан, оларды кейде Цифрлық адам деп те атайды. Ал Альфа ұрпағы дәстүрлік оқытудан анағұрлым шаршап, одан алшақтайды, және әлеуметтік желілер мен ақылды технологияларды одан әрі жиірек пайдаланады.
Жоғарыда көріп отырғанымыздай қазіргі жас өскелең ұрпақ өмірде, әсіресе, оқыту жұмыстарында жаңа технологияға мұқтаж. Яғни, оларға ақпаратты жеткізуүшін өздеріне ыңғайлы заманауи әдістерді пайдалану керек. Осы салада бірнеше әдістерді айтып кеткім келеді: сабақ барысында әртүрлі викторина-куиздер ойнату, электронды карталар мен видеолар арқылы тақырыпты бекіту, тек жаттау материалдарын емес, визуализацияға да мүмкіндік беру, т.б.
Осы салада мектеп оқушылары мен олимпиада қатысушыларына және ҰБТ-да география пәнін таңдайтын түлектерге географияны оңай әрі заманауи түсіндіру үшін біздің мектептің оқушылары Telegram платформасында GeoCraft ҚБ құрған болатынбыз. Яғни, біз ол арнада тақырыптарды оңай әрі түсінуге жеңіл болатын иллюстрациялар, сызба-диаграммалар арқылы түсіндіріп, өткен тақырыптарды бекіту үшін Kahoot платформасында апталық және айлық куиздер өткізіп отырдық. Және де айына 2-3 рет тегін және ақылы сабақтар жүргізіп отырдық. Осылайша біздің арнамыздың жазылушыларының саны күннен күнге өсті әрі географияға қызығушылықтары оянды.
GeoCraft арнасының жазбаларынан мысалдар [1]
Мысалы, жоғарыдағы жазбалардың бірінде “Колумб айырбасы” суреттелген, ешқандай сөзсіз, артық ақпаратсыз. Яғни, осы тектес суреттерді көрген оқушыларда айырбас туралы ақпарат әрі сезім болады. Тек қарау арқылы оқушылар айырбас кезінде Еуропа мен Жаңа дүние арасында қандай заттар айырбасталғанын түсіне алады. Немесе “Дельта және эстуарий” жазбасында тек 1 қысқа сөйлеммен ғана бізге толықтай айырмашылығын түсіндіріп тұр. Ал бұл айырмашылық кітапта жарты беттей алатын еді. Және де “Урбандалу жоғары облыстар” жазбасында урбандалуға анықтама беріле отырып, Қазақстанның облыстары көрсетілген. Яғни, осы тектес қысқа әрі оңай тілде жазылған жазбалар да оқушыларға оң әсер етеді, өйткені Z пен Альфа ұрпақтары ұзақ уақыт бойы бір мәліметті қабылдай алмайды.
Баранский айтпақшы “География — қоғам мен табиғат арасындағы көпір”. Сондықтан, географиядағы әрбір тақырыпты өмірмен байланыстыруға болады. Ассоциациялар оқушыларға тақырыпты түсінуге және ойында елестету, яғни, визуализациялау арқылы жаттауға тікелей оң әсер етеді. Презентация немесе видеоматериалдар арқылы сабақты бекіту өте пайдалы – өйткені ол кезде оқушының екі бірдей ақпарат алатын көзі ашылады: көзімен презентациядағы ақпаратты көрсе, құлағымен аудио немесе мұғалімді тыңдайды. Бұндай ақпарат жәй тыңдағанға қарағанда ұзағырақ сақталады.
Тағы бір тың әдіс ретінде карта-анаморфозаларды айтар едім. Карта-анаморфозалар -бұл аймақтар арасындағы көрсеткіштер айырмашылығына негізделген классикалық картаны түрлендіру арқылы жасалған арнайы карталар. Егер біз мемлекеттерді және оларға қатысты көрсеткіштерді әлемнің саяси картасында қарастыратын болсақ, онда ондағы елдердің мөлшері берілген көрсеткішке сәйкес келетіндей бұрмаланатын болады.
2022 жылдағы әлемдегі халық саны [2]
Жоғарыдағы анаморфоза-картада біз Шығыс Азия мен Африка елдерінің үлкен кеңістікті алып жатқанын байқаймыз. Осы арқылы оқушылар әлемнің қай елдерінде халық саны көп екенін анықтай алады.
Немесе табиғат апаттар туралы сабақта орман өрттерінің таралуын көрсететін SCANEX FIRE MAP [4] сайтын пайдалану. Картада дәл қазіргі немесе өткен уақыттардағы орман өрттері мен олардың аумақтарын, тіпті келтірген шығындарын да көруге болады.
SCANEX FIRE MAP сайты [4]
Және де сабақ үстінде алдыңғы таұырыпты талқылау немесе бір сауалнама алу кезінде қағаз түрінде емес, заманауи электронды онлайн Kahoot, Quizizz, т.б. сайттар қолдану оқушылардың қызығушылығын арттырады.
Қорытындылай келе, қазіргі өскелең жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Ал олардың білімді болуы тікелей ұстаздарға байланысты. Сондықтан ұстаз өзіне түскен осы жауапкершілікті түсіне отырып, оқушыларға қиын болған дәстүрлі әдістерден оқыту процесі тез жүруі үшін бас тартып, немесе жаңа әдістермен ұштастыра білуі керек деп ойлаймын. Онымен қосы қазіргі заман талап ететін сыни ойлау, миға шабуыл секілді әдістерді де сабақ үстінде қолдану нұр үстіне нұр болушы еді.
Бастами Арғын Ержанұлы, Түркістан ер Білім-инновция лицейінің география пәні мұғалімі
[1] https://t.me/geocraft_kz
[2] https://worldmapper.org/maps/?sf_paged=2
[3] https://www.ventusky.com
[4] https://fires.ru