HomeҚоғамАуыл халқын алаңдатқан ауру мәселесі талқыланды

Ауыл халқын алаңдатқан ауру мәселесі талқыланды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экологиялық, Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестердің бірлескен жұмыс жиыны болып өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігінде өткен жиында өңіріміз табиғи ошағы саналатын лейшманиоз ауруы таралуының алдын алу мәселелері,  жануарлар арасында індет таралуының алдын алу және биоқауіпсіздік талаптары сақталуының ахуалы, ветеринариялық қызметтің экологиялық аспектілері қаралды.

Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселенің өзектілігіне тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, лейшманиоз ауруының таралуы жөнінде партия көмегіне жүгінген азаматтардың саны артып жатқанына тоқталды. Аурудың табиғи таралу аймағы ретінде Шардара, Арыс, Отырар аумақтары белгілі болғанымен, өткен жылы аурудың осы түріне шалдыққан азаматтардың қатарында Жетісай, Келес, Сауран, Түлкібас аудандарының және Кентау, Түркістан қалаларының тұрғындары болғаны айтылды. Облыс бойынша 2023 жылы лейшманиоз диагнозы қойылған науқастардың саны 29 болса, 2024 жылы осы дертке шалдыққан азаматтардың саны 123 адамға жеткенін немесе бір жылда науқастар саны төрт есеге артқанын айтты.

Табиғи-ошақтық эндемия індеті таралуының алдын алуға қоғам болып жұмылу маңызды. Аса өзекті мәселеге арналған жиынды облыстық партия филиалы жанындағы Экологиялық, Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестердің бірлескен жұмыс жиыны форматында өткізу ұйғарылғаны түсіндірілді.

Аталған мәселе бойынша Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды хабарлама жасап, өткен жылы тері лейшманиозымен сырқаттанған науқастардың 79 жағдайы – Отырар ауданында тіркелгенін айтты. 13 жағдай Шардара ауданында тіркелсе, 9 жағдай – Арыс қаласының аумағында тіркелгенін жеткізді. Облыс көлемінде тіркелген басқа барлық жағдайлар – аталған үш аумақтан әкелінген деген деректі жария етті.

«Лейшманиоз диагнозы қойылған науқастардың барлығы облыстық дерматовенерологиялық диспансерде ем қабылдады. Оның ішінде 66 науқас стационарлық ем қабылдаса, 55 науқас амбулаториялық жағдайда емделді. 2025 жылға лейшманиоз жұқтыру  жағдайымен  науқастар  тіркелген жоқ», — деп мәлімдеді Бауыржан Нұрланұлы.

Партия өкілдерінің қызу талқысына түскен тақырып бойынша Түркістан облыстық санитарлық–эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың есебі тыңдалды. Департамент басшысы тері лейшманиозы аурушаңдығы бойынша Шардара, Отырар аудандары және Арыс қаласының барлығы 33 елді мекені зоонозды-тері лейшманиоз ауруының табиғи ошақтары болып табылатынын жеткізді. Кәсіби маман ауру лейшмания жұқтырған москиттердің адам шағуынан кейін дамитынын, терінің зақымдануымен сипатталатынын, науқас денесінде түйіндер, жаралар және тыртықтар пайда болуымен ерекшеленетінін түсіндіріп берді. Зоонозды тері лейшманиозы инфекциясының көзі – кеміргіштер, негізінен үлкен құмтышқандар болып табылатынын атап, инфекцияның инкубациялық кезеңі орташа есеппен 2-4 апта, 1 аптадан 1,5 айға дейін созылатынын айтты.

Дезинсекция, дератизация жұмыстары Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 33 елді мекеннің ішіндегі эпидемиялық критерий негізінде 5 жылдан бері аурушаңдық тіркелген 23 елді мекенде жүргізіліп жатқаны мәлімделді. Жиын барысында департамент тарапынан жүргізілетін дезинсекция жұмыстары тек тұрғын үйлерді қамтумен шектелетіні белгілі болды. Зиянкестермен күресте көшелер, ылғалды жерлер, шабындықтар, елді мекен аумақтарына кіретін өзге де жерлер назардан тыс қалып жатқанына партия өкілдері алаңдаушылығын білдірді.

Тұрғындардың мазасын алған аса өзекті мәселе жөнінде ұсыныстары мен пікірлерін білдірген комиссия мүшелері ауру жұқтырған адамда терең тыртық іздерін қалдыратын індетпен күресте кешенді алдын алу жұмыстарын белгілеу қажет деп пайымдады. Отырар ауданының бір ғана Көксарай елді мекенінде осы дертпен 118 адам науқастанғанына алаңдаушылығын білдірді. Аурудың табиғи ошақтары саналатын елді мекендерде осы дерттен емдеудің қыр-сырын білетін мамандар бригадасын жасақтау туралы ұсыныстар айтылды. Медицина мамандары бұл ауруды емдеудің бекітілген протоколы қарастырылмағанын айтып, ауру тарайтын ошақтарды залалсыздандыруға баса мән беру керектігіне тоқталды. Эндемиялық аймақ тұрғындарын скринингтен өткізіп, ауру белгілерін ерте анықтауда тест сынамаларын алу керектігі де айтылды. Жиынға қатысушылар ауруды мейлінше жеңіл еңсеруде емдеу протоколын белгілеу, қажетті дәрі-дәрмек сатып алу мәселелері бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстар беру маңызды екеніне тоқталып, әр мемлекеттік орган, жергілікті әкімдіктер, өңірдің ғылыми әлеуеті, кәсіби мамандар облыстық партия филиалына өз ұсыныстарын беретін болып келісті.

Аурудың таралуын тежейтін фактор ретінде, жәндіктердің таралуына тосқауыл қоюда тазалықты сақтау аса маңызды болмақ. Осы орайда, аурудың таралуының алдын алуда түрғын үйлерді дезинсекциядан өткізу, жаппай тазалық сақтау мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәслихат депутаттары да тартылатын болады. Кеңес мүшелері сондай-ақ ауру ошағы болып отырған аймақтарда кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ауру таралуының алдын алуда іс-қимыл алгоритмін белгілеу қажет деген байламға келді. Бұл бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, ең бірінші кезекте атқарылуы тиіс міндеттер белгіленбек. Зиянкестермен күресте арнайы жасақтар құру бойынша да ұсыныстар берілетін болады.

Партия алаңында қаралған мәселе бойынша Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев те ұсыныстарын білдіріп, лейшманиоз ауруының таралуына тосқауыл қою, шіркеймен, шегіртке және кене      сынды зиянкес жәндіктермен күрес жүргізуде паразитология, энтомология ғылыми бағыттары бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуы тиіс екеніне тоқталды. Ғылымға негізделген профилактикалық жұмыстарға баса мән беру керектігін айтып, бұл бағытта арнайы гранттар қарастырудың маңыздылығын жеткізді. Зиянкестермен күресте елді мекендерде арнайы станциялар құру, бригадалар жасақтау қажет екенін білдірді. Дәл қазіргі жағдайда бұл жұмыстарды ауыл әкімдіктері өздерінің шағын бюджеті есебінен, тазалық жұмыстарын жүргізу шеңберінде атқарып отырғанын айтты.

Жиында қаралған екінші мәселе – жануарлар арасында індет таралуының алдын алу және биоқауіпсіздік талаптары сақталуының ахуалы, ветеринариялық қызметтің экологиялық аспектілері жайлы Түркістан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлама жасады. Басқарма басшысы 2025 жылы аса қауіпті аурулардың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 10 түрлі ауруларға қарсы 19,8 млн. доза вакцина егу жоспарланғанын жеткізді. Құтыру, аусыл, сібір жарасы, нодулярлы дерматит, эхинококкоз, туберкулез, эктима сынды ауруларға қарсы егу жұмыстары бүгінге дейін 95 пайызға орындалғанын атап өтті. Малдан тарайтын адам денсаулығына аса қауіпті ауру түрлерін бақылауда ұстауда бірқатар кешенді жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді.

Кеңес мүшелері қарасан ауруының таралу ахуалы, субсидиялардың бөлінуі, вакциянация жұмыстары, елді мекендерде мал өлекселерін тастау орындары, иесіз ит және мысықты аулау мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді, олардың бірқатары жиын қорытындысымен қабылданған хаттамалық тапсырмаға енгізілді.

Ұқсас жазбалар