HomeҚоғамӘсемдік салоны мен шаштаразға барған кезде нені білу қажет?

Әсемдік салоны мен шаштаразға барған кезде нені білу қажет?

Қазіргі таңда тері тұтастығын бұзатын манипуляциялар — татуаж, маникюр, педикюр, пирсинг және басқа да косметологиялық қызмет түрлері кең таралған. Алайда бұл қызметтер санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Олардың қатарында вирусты гепатит В және С, папилломавирус, стафилококк, стрептококк, фолликулит, дерматит, абсцесс, тері мен тырнақ саңырауқұлақтары, педикулез, қышыма және басқа да аурулар бар. Инфекция, көбінесе, зақымдалған тері мен шырышты қабық арқылы немесе дұрыс зарарсыздандырылмаған құралдар арқылы жұғады.

 

Косметикалық және шаштараз қызметтерін көрсететін орындарда мына санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс:

Мұндай нысандар тұрғын үйлерде жеке кіреберісі болған жағдайда ғана орналасуы керек;

Жертөле қабаттары тек қосалқы немесе көмекші бөлме ретінде қолданылады;

Косметикалық кабинеттер ыстық және салқын суы бар раковинамен, қажетті құрал-жабдықтармен, бір реттік материалдармен қамтамасыз етілуі қажет;

Қызмет көрсету барысында келушінің денсаулығына зиян келтірмейтін және жеке ерекшеліктерін ескеретін тәсілдер таңдалуы тиіс.

Химиялық заттарды қолданғанда олардың технологиясы, құрамы, концентрациясы және әсер ету уақыты міндетті түрде сақталуы керек. Қолданылатын өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы шарт.

Қанмен жанасуы мүмкін барлық манипуляциялар резеңке қолғаппен жүргізілуі тиіс. Егер қызметкердің қолында ашық жара, сызат, іріңді бөртпе болса, қорғаныш құралдарын (пластырь) қолдануы қажет.

Маникюр, педикюр және косметологиялық қызметтер жеке жинақтармен орындалуы керек. Мұндай қызметтер кезінде тері мен шырышты қабық зақымдалуы мүмкін болғандықтан, барлық кезеңде қауіпсіздік шаралары толық сақталуы тиіс. Манипуляция алдында және кейін тері зарарсыздандырылуы қажет.

Құралдар бу, құрғақ ауа немесе химиялық әдіспен стерильденіп, таза жағдайда сақталуы керек. Педикюр кезінде аяқ астына салынатын жастық әр қолданғаннан кейін дезинфекциялық ерітіндімен сүртіледі. Қолға немесе аяққа арналған ванналар әр келушіден кейін жуылып, өңделеді.

Пеньюарлар тек таза сүлгімен немесе бір реттік жаға, лентамен бірге қолданылады. Әр келушіге таза киім-кешек (сүлгі, ақжайма, басқалар) берілуі тиіс. Таза және пайдаланылған киім бөлек сақталып, пайдаланылғаны қайта қолданылмайды.

Тарақтар, щеткалар, қайшылар әр келушіден кейін жуылып, дезинфекциялануы қажет. Электр ұстаралары мен косметикалық құралдардың пышақтары әр қолданған соң дезинфекция ерітіндісімен екі мәрте өңделуі керек. Барлық жуғыш және дезинфекциялау заттары арнайы жерде сақталады.

Қанмен ластанған қол немесе қолғап сабынмен жуылып, дезинфекциялануы тиіс. Қанмен ластанған қолғаптар арнайы ерітіндіге салынып, кейін жойылады.

Қызметкерлер жеке бас тазалығын сақтауы қажет. Терінің тұтастығын бұзатын қызметтерді көрсететін мамандар жұмысқа орналасарда және жыл сайын В және С гепатиттеріне тексерілуі тиіс.

Эпидемияға қарсы шаралар, тазалау және зарарсыздандыру жұмыстары үшін жауапкершілік нысан әкімшілігіне немесе иесіне жүктеледі.

 

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Еркінбекова

 

Ұқсас жазбалар