Home Blog Page 61

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барады

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысады, деп хабарлайды Ақорда.

 

«22 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Давос қаласына жұмыс сапарымен барады», делінген ресми ақпаратта.

Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

0

Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына 1052 спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Дүбірлі сынға еліміздің барлық өңірінен 1052 спортшы тіркеліп, сынға түсіп жатыр. Чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қасиетті Түркістан қаласына қош келідіңіздер! Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде зияткерлік спорт түрлерін, оның ішінде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.  Осы мақсатта «2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамытудың жол картасы» аясында Түркістан облысында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыстағы 20 спорт мекемесінде шахматтан 97 жаттықтырушы 2 мыңнан аса спортшымен тұрақты оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Сонымен қатар өңірде 11 шахмат үйі ашылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтарында ашық шахмат алаңдары орнатылды. Бұл – шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға бағытталған маңызды бастама. Түркістан облысы соңғы жылдары шахматтан республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастыратын орталықтардың біріне айналды. Тұрақты қолдаудың арқасында өңір шахматшыларының жетістіктері де көбеюде. Атап айтар болсақ, Асылхан Асия қарындасымыз 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Азия чемпионы атанды. Сұлтанхан Нұрислам жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Басқа да жас спортшыларымыз түрлі жарыстарда жеңістерімен қуантып жүр. Түркістандағы дода жаңа таланттардың ашылуына және отандық шахматтың дамуына серпін береді деп сенемін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, әділ ойын және жеңіс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов Түркістан төріндегі жарыстың ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың ыстық сәлемін жеткізіп, осы чемпионат арқылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жасақталатынын жеткізді.

Одан кейін облыс әкімі мен Шахмат федерациясының вице-президенті жасөспірімдер арасында топ жарып жүрген чемпиондармен бірге чемпионаттың алғашқы жүрісін жасады. Танымал чемпиондар өз қолтаңбалары қойылған шахмат тақтасын өңір басшысына салтанатты түрде тапсырды.

ҚР Шахмат федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан чемпионат 10 күнге созылады. Атап айтқанда, ұлдар және қыздар арасында 6, 8, 10, 12, 14, 16 және 18  жасқа дейінгі санаттар бойынша классика, рапид және блиц түрлерінен медальдар сарапқа салынады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, диплом және ақшалай сыйақылармен марапатталады. Жарыстың жлпы жүлде қоры – 15 млн 120 мың теңге. Әр жас санаты бойынша бірінші орынға – 250 мың, екінші орынға  – 150 мың, үшінші орынға – 100 мың теңге тапсырылады.

Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық жасөспірімдер мен мектеп оқушылары  әлем, Азия  чемпионаттарында 122 медаль жеңіп алды (52 алтын, 32 күміс және 38 қола).  Сол чемпиондар Түркістандағы чемпионатта өз мықтылықтарын дәлелдеу үшін тағы да сынға түсіп жатыр. Ел чемпиондары мен жүлдегерлері Қазақстан құрамасы сапында халықаралық додаларға қатысады.

Молдова ТМД құрамынан шығатынын жариялады

0

фото: pixabay.com

QULAGER.KZ. Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) жасалған негізгі келісімдерді денонсациялау рәсімін бастады. Бұл елге ұйым құрамынан ресми түрде шығуға мүмкіндік береді, деп жазады ERNUR.KZ.

Бұл туралы Молдованың вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді.

— Біз ТМД-дағы мүшелігімізді айқындайтын үш негізгі құжатты денонсациялау үдерісін бастадық. Олар — ұйымның Жарғысы, ТМД-ны құру туралы келісім және оған қатысты қосымша құжат. Осы құжаттар күшін жойғаннан кейін Молдованың заңды тұрғыда ТМД мүшесі болмайды. Дегенмен іс жүзінде (де-факто) қатысуымыз бұған дейін-ақ тоқтатылған. Құжаттар түпкілікті бекіту үшін парламентке жолданады, — деп түсіндірді Попшой.

Оның айтуынша, денонсациялау үдерісі үкімет деңгейінде ақпан айының ортасына қарай аяқталады, содан кейін парламент бұл мәселені президенттің бекітуіне ұсынады. Молдованың ТМД-ға деген көзқарасы 2020 жылғы президенттік сайлаудан кейін өзгере бастады. Сол кезде Майя Санду Еуропалық одақпен интеграция бағытын жариялап, Достастық саммиттеріне қатысудан бас тартқан еді. 2023 жылғы ақпанда республика үкіметі ТМД аясындағы 282 келісімнің 120-дан астамын денонсациялауды жоспарлап, ел үшін ең маңызды әрі пайдалы келісімдерді сақтап қалуды көздеген.

Молдованың бұрынғы президенті әрі Социалистер партиясының көшбасшысы Игорь Додон бұл қадамдарды сынға алып, Майя Сандудың Ресеймен және ТМД-мен қатынасты үзуге бағытталған саясаты халық мүддесіне қайшы келеді деп мәлімдеді.

Еске салайық, өткен жылдың соңында Кишинев қаласында Молдова Республикасының президенті Майя Сандудың инаугурациясы өтті. Ол қараша айында өткен сайлаудың екінші турында 55 пайыздан астам дауыс жинап, екінші мерзімге қайта сайланған. Ант қабылдағаннан кейін сөйлеген сөзінде Санду барлық қысымға қарамастан азаматтар айқын бағытты — қауіпсіздігі жоғары, дамыған әрі гүлденген еуропалық елді таңдағанын атап өтті.

АҚШ-тың әскери ұшақтары Гренландияға барады

0

фото: misbar.com

QULAGER.KZ. Солтүстік Америка аэроғарыш қорғанысы қолбасшылығының (NORAD) ұшақтары жақын арада Гренландиядағы АҚШ әскери базасына ұзақ уақыт бойы жоспарланған іс-шараларды жүргізу үшін барады, деп хабарлайды KAZINFORM.

Ұшақ Питуффик ғарыш күштері базасына континенттік Америка Құрама Штаттары мен Канададағы базалардан келеді. Мәлімдемеде іс-шаралар Даниямен үйлестірілгені және Гренландияға хабарланғаны айтылған.

— Олар АҚШ пен Канада, сондай-ақ Дания Корольдігі арасындағы берік қорғаныс ынтымақтастығына сүйене отырып, ұзақ уақыт бойы жоспарланған NORAD іс-шараларын қолдайды, — деп мәлімдеді NORAD.

Трамп Гренландияны «қандай да бір жолмен» басып аламын деп қорқыту арқылы АҚШ-тың трансатлантикалық одақтастары арасында алаңдаушылық тудырды.

ҚҰРЫЛТАЙ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАҢА КЕЗЕҢДІ БАСТАП БЕРДІ

0

Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған жиында Қазақстан Республикасының Президенті ел дамуының алдағы кезеңіне арналған салмақты әрі байыпты саяси шешімдерін жариялап, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшкен мемлекеттік құрылыс жайлы ойларымен бөлісті.

Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы осымен бесінші рет өткен Ұлттық құрылтайдың маңызына тоқталып, оның еліміздің ішкі қоғамдық үдерістерді терең саралаудағы міндетін атап өтті. Қызылорда өңірінің даму көрсеткіштерін жоғары бағалай отырып, Қазақстанның Арал теңізін құтқарудағы маңызды қадамына тоқталды. Еліміз Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік алғанын жеткізді. Суды стратегиялық ресурс деп бағалаған Мемлекет басшысы, тіршілік нәрі саласындағы түйткілдің шешімі шебер дипломатияға байланысты болатынын, Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Осы орайда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама көтергенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан өткен жылды табысты аяқтағанын атап өтті. «- Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ұлттық құрылтайдың айрықша рөліне тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті, қазақстандық қоғамды біріктірген алаңда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданғанын ерекше атап өтті. Оның ішінде әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалғаны, ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастағаны айтылды. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтіріліп, мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілгені атап өтілді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтар айқындалғаны, еліміздің идеологиялық тұжырымдамасы қабылданғаны, мәдениет пен өнер салаларын жаңғыртудың жаңа белестері белгіленгені сөз болды. Еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге танытуда іргелі қадамдар жасалғаны айтылды.

Қаратау петроглифтері сынды құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп байыпталды. Хакім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек екені сөз болып, Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет екені мәлімделді. Ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екені айтылды.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түсетінін ескерген Қасым-Жомарт Кемелұлы, халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ жиын барысында биылғы мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылатыны айтылып, бұл басқосуға әлемнің беделді ғалымдары шақырылатыны жария етілді.

Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында Отаншылдық ұғымына тоқтала отырып, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу мәселесіне қатысты ойларымен бөлісті. Мемлекеттік туымыздың үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық іс-шараларда қолданылуы мәселесін айтты. «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналғанына тоқталды. Өз еліңнің патриоты болуды азаматтық жауапкершііктің ең биік үлгісі деп атады. Жасампаз патриоттық рух күн сайынғы табанды, адал еңбекпен қалыптасатынын атап өтті. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға алатынын атап өтіп, қоғамда отбасы институтын нығайту әрқашан басымдыққа ие болатынын жеткізді. Қыз алып қашуды адам ұрлау деген сөз екенін айтып, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс деп атады. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ міндет екеніне тоқталып, еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс деп байыптады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отырғанына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, осы стратегиялық міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болатынын мәлімдеді. « — Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек», — деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтайда елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту айрықша маңызды міндет екені айтылды. Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыру, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсарту маңызды деп белгіленді. Осы орайда биыл Сарыағаш айналма жолының құрылысы қолға алынатыны, «Дарбаза — Мақтаарал» темір жол желісі толық салынатыны хабарланды.

Елдік жиында Қазақстан Республикасының Президенті отандық жүк тасымалдау авиациясын дамыту, экономикалық өсім динамикасын қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларын мемлекеттік қаржыландыру механизмдерін реформалау, көші-қон саласындағы алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою мәселелері бойынша Үкіметке және құқық қорғау органдарына нақты міндеттер жүктелді. Қазақстанның халықаралық аренадағы іс-қимылына кеңінен тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ететінін атап өтіп, ұлттық мүддені қорғауда Үкімет белсенді жұмыс істеу керек екені айтылды.

Қасым-Жомапрт Кемелұлы Тоқаев биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болатынына баса мән берді.

«-Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.
Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады.
Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.
Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр», — деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Мемлекет басшысы болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірін білдіріп, оны Құрылтай деп атауды жөн санайтынын айтты. Шын мәніндегі тиімді әрі кәсіби Парламент құруда басты мәселе санда емес, сапада болуға тиіс екені жария етілді. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келгенін жеткізді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін екені айтылып, комитет саны 8-ден аспауы керек екені мәлімделді. Сондай-ақ беріліп отырған ұсыныстарға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау Парламент келісімен жүзеге асыру мүмкін екені айтылды. Мемлекет басшысы берілген ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болғанын айта отырып, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайлануы мүмкін екенін жеткізді. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанынан хабардар екенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы, аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп санайтынын атап өтті.

«- Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын. Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын», — деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болғанына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, жааңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отырғанын айтты. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылатыны мәлімделіп, депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайтыны, одан кейін өзгерістерді мақұлдайтыны, соңында заңды қабылдайтыны жария етілді.

Парламенттік реформаға қатысты азаматтардан 500-ден астам түрлі ұсыныс түскенін мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде жүргізуге арналған кең ауқымды алаң немесе мінбер қажет екенін атап өтті. «- Осыған байланысты Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың тарихи тұрғыдан маңызды миссияларын негізінен сәтті орындап шықты деп есептеуге болады. Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Халық Кеңесі өз мәні бойынша өзге елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады. Оның құрамында еліміздегі барлық этностар, әлеуметтік топтар мен өңірлер өкілдікке ие болады. Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылады: – 42 адам – этномәдени бірлестіктерден, – 42 адам – ірі қоғамдық ұйымдардан, – 42 адам – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден жасақталады. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің өздері тарапынан сайланады. Халық Кеңесі төрағасының екі орынбасары болады, олар ротация тәртібімен, қоғамдық негізде тағайындалады. Сондай-ақ Кеңес жанынан хатшылықтың басшысы қызмет атқаратын болады», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Ұлттық Құрылтайдың соңғы отырысында Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек екені айтылды. «- Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Елдік жиын қорытындысында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасында Вице-президент институтын құру және оны Конституцияда бекіту туралы ойын жария етті. Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайтын болады. Оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысы өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасына сәйкес: Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық форумдарда, сондай-ақ шет мемлекеттердің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде таныстырады, Президенттің атынан Парламентте өкілдік етеді, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ Президент жүктеген өзге де міндеттерді орындайтын болады.

Ұлттық Құрылтайдың қорытынды отырысы ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды тарихи сәт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай жұмысын қорытындылай отырып, соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан реформалардың логикалық жалғасы ретінде ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңашылдықтарды жария етті.

Президент өз сөзінде Құрылтайдың басты миссиясы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту, жалпыұлттық диалогты жаңа сапалы деңгейге көтеру екенін атап өтті. Осы алаңда айтылған ұсыныстар мен пікірлер мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіруге, азаматтардың ел басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталды.

Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстанда қалыптасып келе жатқан жаңа саяси архитектураның негізгі өзегін нақтылап берді. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген орнықты басқару моделі. Президенттің айтуынша, бұл модель мемлекет тұрақтылығын сақтай отырып, қоғамдағы сұраныстарға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік берді.

Алтынсары Үмбетәлиев,
“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі

Президенттің Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі

0

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзін жариялады.

Қызылорда қаласы

                                                                     Құрметті қауым!

Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін.

Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық.

Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.

Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.

Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.

Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.

Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.

Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.

Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.

Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет.

Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз.

Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін. Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер.

Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек.

                                                            Қадірлі қауым!

Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.

Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.

Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі.

Қазіргі таңда жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр.

Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек.

Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн.

Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте, кейбір Құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты.

Жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе.

Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді.

Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет. Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады.

Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әріптестерімізбен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады.

Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет.

Жасампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттары өмірдің өзінен алынған деуге болады. Мысалы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық көрінісі. Бұл жайында бүгін депутат Сабильянов өте жақсы айтты.

«Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады.

Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осындай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса назар аударуымыз керек.

Түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеуге тиіспіз. Менің нені меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті.

Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге еш жол беруге болмайды. Ал мемлекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге болады. Біздің мемлекетіміз барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, ар-намысын табандылықпен қорғай береді.

Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.

Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.

                                                   Құрметті Ұлттық құрылтай мүшелері!

Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын. Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады.

Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек.

Дегенмен, басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн.

Жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында алдымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инженерлік жүйелер тартылып жатады. Осындай қателіктерге жол бермеу керек. Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салдарынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады. Бұл – басқару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қуатты дата орталықтар салуға арналған арнайы аймақтарды алдын-ала анықтап алу керек. Деректерді талдау орталықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтарда қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс.

Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз.

Біз атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ дата-орталықтар металлургия комбинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн. Сол себепті, қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс. Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспарымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алмай отырмыз.

Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын.

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын.

Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек. Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текшеметрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Мен QazaqGaz басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тапсырдым.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек.

Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйткені кеңес заманынан қалған мәліметтер әлдеқашан ескірді. Ғылым академиясындағы ғалымдарымыз қайда? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет.

Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмыстары гидроэнергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет.

Көлік-логистика кешеніне де баса назар аудару керек. Оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін емес. Қазақстанның орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Алайда, осы әлеуетті толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару керек.

Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.

Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі.

Автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Алматыны айналып өтетін темір жол құрылысы аяқталды. Мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтерді. Биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынады. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылады.

Әуе жолдарын дамыту ісі Қазақстан үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – экономикалық мәселе ғана емес, азаматтары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам.

Еліміздің аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек.

Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер.

Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпем бар. Кадрлық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкін.

Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстар қолға алынды, жаңа инвестициялық кезең басталғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес.

Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, олардың талап-тілегіне уақтылы жауап беруге жол ашады.

Соңғы кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн.

Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында да туындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген.

Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал.

Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді.

Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды. Медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразылық акциясына шығады, әлеуметтік талаптар қояды.

Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылуда. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдіктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі.

Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі.

Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізіледі. Сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Тағы бір өзекті мәселе – халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнату. Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайды, осы үдеріске белсене атсалысады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еуразия экономикалық одағына төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басымдық береміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалғаса береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еуразия экономикалық одағының құрамындағы мемлекеттердің субсидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отандық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын.

Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз.

                                                     Қымбатты жиынға қатысушылар!

Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге, яғни үш триллион долларға жетті. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін.

Күн өткен сайын өрши түскен милитаризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек.

Жалпы, дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Экономика саласында бір жоспарды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен алмастыруға болады. Ал халықаралық шарттарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз. Айтылған сөз – атылған оқ!

Біз дипломатияны халықаралық қақтығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш баламасы жоқ, ең маңызды құралы деп білеміз. Кәсіби ұстаным мен шынайы ниет болса, кез келген қақтығыстың түйінін тарқатуға болады.

Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Мұндай келісімдерді Президент Трамппен тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсінуден туындаған дипломатиялық инновация деуге болады. Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі.

Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді.

Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.

Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.

Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек.

Әлем барлық салада бірдей үлкен өзгеріске ұшырайды. Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуіміз, еш нәрседен қорықпауымыз керек. Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлдекімнен немесе әлденеден қорықсаңыздар, маған қызметтік хат жазыңыздар. Егер сіздер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резолюция қоямын. Бүкіл жауапкершілікті өзіме аламын» деп ескерттім. Осы үндеуді, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қарата айтып отырмын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уақыты келе жатыр, тіпті, басталып кетті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлемнен лайықты орнын иеленуі қажет.

                                                              Қымбатты достар!

Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мен мұны жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда атап өттім. Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.

Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.

Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ.

Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім.

Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.

Ұсыныстардың екінші бөлігі Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзыреті туралы болды. Қазіргі Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Парламенттің келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.

Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.

Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.

Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін.

Мен реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса беретін үдеріс екенін бұған дейін бірнеше рет айттым. Өзгеріс жасау мәселесі әбден пісіп-жетілгенін Жұмыс тобы аясында өткен талқылаулардың қорытындысынан анық байқауға болады. Біз заңгерлер мен сарапшылардан, қоғам белсенділерінен парламенттік реформаға қатысты бес жүзден астам ұсыныс алдық. Еліміздің жалпы конституциялық құрылымына қатысты ұсыныстар саны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кірмесе де, нақты негіздемесі бар, мұқият қарастыруды қажет ететін мәселелер де болды. Мысалы, қоғамды өңірлер мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемлекеттік билік жүйесінде болуына қатысты жайттар алаңдатады. Бұл жайында депутат бүгін Пономарев баяндады. Мұның елеусіз қалдыруға болмайтын, маңызды мәселе екені сөзсіз. Сондықтан оған мемлекет мүддесін ескере отырып, зор жауапкершілікпен қарау қажет. Жоспарланған өзгерістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі толықтырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс.

Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет.

Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.

Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі.

Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін білдірді. Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс! Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады. Тағы бір маңызды мәселе. Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құрылысына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әрдайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағидаттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың негізгі тұстарына тоқталып өттім. Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді. Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді. Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады.

                                                  Құрметті Құрылтай мүшелері!

Сіздердің әрқайсыңыз ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Елдегі өзгерістердің логикасын жақсы түсінесіздер. Саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекеттілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын күшейту. Үстірт өзгерістер жасау маңызды емес. Мемлекеттік институттардың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байланысын жақсарту маңызды.

2022 жылғы конституциялық реформалардың нәтижесінде біз саяси жүйені теңгерімді етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған шаралар қабылдадық. Заң үстемдігін нығайтып, құқықтық мәдениетті орнықтыру үшін Конституциялық сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданған соң сот үкімдері азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына көбірек шешіле бастады. Олардың өз заңды мүдделерін табысты қорғауына жол ашылды. Кассациялық соттардың құрылуы және Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Біз сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәслихаттарға түрлі идеологиялық көзқарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін атқарушы билік тармағы жаппай жаңарды. Мемлекет басшысының туыстарына басқару жүйесіндегі жоғары әрі негізгі лауазымдарды иеленуге тыйым салынуы аса маңызды конституциялық жаңалық болды. Осылайша жан-жақты өзгерістер сот, заң шығару, атқару сияқты билік тармақтарының бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де болды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік деңгейінде, яғни Президенттік институтта да елеулі өзгерістер жасалды.

Жүзеге асырылған және жоспарланып отырған өзгерістер асығыс қабылданған немесе белгілі бір жағдайға байланысты туындаған шешімдер емес. Мен бұл реформаның бәрін мемлекет мүддесінің сөзсіз басымдықтары мен халықтың игілігі тұрғысынан мұқият ойластырдым. Сондықтан бастамалардың бәрі елді жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімге арналған біртұтас стратегиясына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эволюциялық жолмен жүру, кезең-кезеңімен әрекет жасау, сондай-ақ қоғамды жаңа саяси және экономикалық ахуалға бейімдеу қажет екеніне сенімдімін. «Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған.

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді.

Қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес реформаланады. Сіздер Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар екенін білетін шығарсыздар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін.

2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымызда тұрған реформаларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Осылайша, біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз.

Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.

Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз.

Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын.

                                                              Құрметті қауым!

Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр.

Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін.

Бүгін мен Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойдым.

Ыстамбұлды қалың қар басты

0

QULAGER.KZ. Ыстамбұлдың барлық ауданында қалың қар жауып, әуе рейстерінің кешігуіне себеп болды, деп жазады ERNUR.KZ.

Жексенбі күні түстен кейін мегаполистің көптеген аудандарына, соның ішінде Мәрмәр теңізі жағалауына да қар жауды. Синоптиктердің болжамынша, бір шаршы метрге шамамен 3-7 келі қар түсуі мүмкін. Мамандар көлік қатынасында іркілістер болуы ықтимал екенін ескертті. Табиғи апаттың салдарынан қаланың шығыс бөлігінде орналасқан Сабиха Гөкчен атындағы әуежайда, негізінен ұшып шығатын рейстер кешікті. Сағат 15:00-дегі мәлімет бойынша Pegasus әуе компаниясының Парижге, Марсельге және бірқатар басқа қалаларға бағытталған рейстері бір жарым сағаттан астам уақытқа кешіктірілген.

Берлинге ұшатын рейстің жолаушысы ұшу уақыты 1 сағат 15 минутқа кешіккенін, ал әуежайдағы ақпараттық тақталарда ешқандай мәлімет болмағанын айтты. Ұшқыш кешігуді техникалық ақаумен түсіндірген. Жолаушының айтуынша, отырғызу аймағында адамдар өте көп болған, ал жолаушыларды ұшаққа жеткізетін автобустар 15 минут сайын ғана келіп отырған. Жалпы әуежайда адам көп, демалыс аймақтары мен лаунждардың барлығы лық толы болған.

Түркияның Бас метеорология басқармасы жексенбі мен дүйсенбі күндері Мәрмәр теңізі аймағында желдің екпіні сағатына 75 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Синоптиктердің болжамынша, қар 20 қаңтарға қарай тоқтап, жаңбырға ұласады. Ал 21 қаңтарда ауа температурасы +11 градусқа дейін көтеріледі.

Түркістандық теннисші әлемдік додада топ жарды

0

Траралгон қаласында теннистен өтіп жатқан «AusOpen» ашық чемпионатында түркістандық Заңғар Нұрланұлы тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Австралияның Траралгон қаласында теннистен өтіп жатқан «AusOpen» ашық чемпионатында түркістандық Заңғар Нұрланұлы тарихи нәтижеге қол жеткізді. ITF жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 12-орында тұрған Заңғар осылайша ITF J300 санатындағы турнирдің ширек финалына шықты. Ол аталған жарыстың жеке разряды бойынша 1/4 финалға жеткен алғашқы қазақстандық жасөспірім ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында турнирдің үздік сегіз ойыншысының тізіміне енді.

Сонымен қатар, түркістандық спортшы үшінші айналымда ITF Juniors рейтингінде 21-орында тұрған АҚШ өкілі Гэвин Гудты жеңді. Ендігі кезекте ойыншы жартылай финал жолдамасы үшін ITF Juniors рейтингінде 5-орында тұрған бразилиялық Луиш Гута Мигельмен кортқа шығады.

Түркістанда Ислам институты ашылды

0

Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институтының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай-қажы Өтпенов пен ел ағалары қатысып,  көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

– Президентіміз «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» – деген болатын. Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Бұл игі іске қолдау көрсеткен «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеуші азаматтарға және Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлына ерекше алғысымды білдіремін! Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы – заңдылық. Бұл оқу ордасы Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және  имамдарға терең білім берумен айналысады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров діни басқарманың Түркістан облысындағы өкілдігіне жаңа автокөлік тапсырды.

Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен кездесіп, тағылымды дәріс оқыды.

Айта кетейік, бүгінде облыста 745 мешіт және 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Ислам институтының оқу ғимаратының жалпы алаңы  1250 шаршы метрді құрайды.  Мұнда 90 орындық оқу ғимараты  мен 40 орындық кітапхана бар. Сонымен қатар жалпы аумағы 1250 шаршы метр болатын жатақхана ғимараты салынып, 45 орындық асхана қарастырылған.

Іс-шараға қатысушылар игі іске бастамашы болған облыс әкімдігіне, демеуші азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада өтеді

0
Сыр бойындағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:
2022 жылы – Ұлытауда;
2023 жылы – Түркістанда;
2024 жылы – Атырауда;
2025 жылы – Бурабайда өтті.