Home Blog Page 5

Түркістан облысында 35 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

0

Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен дәстүрлі іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Биылғы салтанатты жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Түлектерге тәртіп пен қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді.

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға арнайы қатысып, Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары мен оқушыларын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтады. Жас түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздар қауымының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ризашылығын жеткізді.

 

– Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен және «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – балалық шақтың алтын дәуренімен қимай қоштасып, үлкен өмірге алғашқы сенімді қадам жасайтын сәт. Бұл күн – жүректе мәңгі сақталатын естелік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білімді ұрпақ – еліміздің басты байлығы, мемлекетіміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізі», деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – жай ғана мамандыққа апарар жол емес. Білім – адамды биікке көтеретін күш. Қазіргі заман – білім мен бәсекенің заманы. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, жаңа технология, ғылым мен инновация дамыған дәуірде табысты ел болудың бір ғана жолы бар. Ол – сапалы білім, еңбекқор ұрпақ және озық ойлы жастар. Сондықтан сендерге артылар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Біз сендердің білімді, рухы мықты, туған жерін сүйетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуларыңа сенеміз. Биыл облыс бойынша 35 мыңнан астам түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың арасында «Алтын белгіге» үміткер 2416 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер 3141 түлек бар. Бұл – шәкірттердің талабы мен табандылығының, ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Сендер – Тәуелсіз Қазақстанның ең еркін, ең ақылды, ең батыл буынысыңдар. Осыдан бірер күн бұрын ғана Түркістанда өткен түркі мемлекет басшыларының тарихи Саммитінде біз қаламызды Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде паш еттік. Енді сол ұлы тарихты алға сүйрейтін де, Түркістанды заманауи мегаполиске айналдыратын да – сендерсіңдер! Ешқашан армандаудан қорықпаңдар! Бүгінгі әлем – IT, жасанды интеллект, стартаптар мен жаһандық инновациялар заманы. Диплом алу – мақсат емес, білімді өмірде қолдана білу, креативті болу – басты тренд. Өздеріңе сеніңдер, бойларыңдағы жастық жалынды еліміздің, туған жеріміздің дамуына бағыттаңдар. Нағыз патриотизм – сөзде емес, білім мен еңбекте. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Түлектерімізге жарқын болашақ тілеймін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

 

Түркістан облысы – республика бойынша білім саласында көш бастап тұрған серпінді өңір. Биыл облыста 1 106 орта мектебінде 554 мыңнан астам бала білім алып, оқу жылын аяқтады. Бұл көрсеткіш ел бойынша жалпы оқушы санының (3 млн 900 мың) 14,2 пайызын құрайды.

 

2025-2026 оқу жылы өңір үшін жемісті жыл болды. Бұл оқу жылында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2 416-сы «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер, 3 141 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім білдірген.

 

2025-2026 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы тұңғыш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды. Сонымен қатар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқаулардың облыстық кезеңіне жалпы 5 980 оқушы қатысып, 2 691 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңіне 330 оқушы жіберілді. Нәтижесінде 169 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Халықаралық олимпиадаларға 21 оқушы қатысып, 14 оқушы жүлделі орындарға ие болды. 9-11 сыныптарға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 74 оқушы қатысып, 20 оқушы жүлделі орынға ие болды.

 

АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы FIRST LEGO League Challenge категориясы бойынша әлемнің топ 5 қатарына еніп, Champions Award финалисті атанып жүлделі II орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияда өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі II орынға ие болды. Жарысқа 56 елдің жас инженерлері қатысты.

 

Бұл жетістіктер – Түркістан облысында білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау, халықаралық деңгейдегі жобалар мен олимпиадаларға қатысуына мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

 

Түркістан облысының білім саласындағы оң көрсеткіштері – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың ізденісінің, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі.

 

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Оның 16-сы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы арқылы салынған.

 

МӘМС: Түркістан облысында 1 787 047 адам сақтандырылған

0

МӘМС жарнасын төлемегендерге камералдық бақылау басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамту көрсеткіші тұрақты түрде артып келеді.

 

2026 мамыр айына Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны – 2 085 921 адам. Оның ішінде 1 787 047 адам (85,7%) сақтандырылған болса, 298 874 тұрғын (14,3%) сақтандырылмаған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сақтандырылмаған азаматтар саны 92 679 адамға (23,6%) азайған. Атап айтқанда, 2025 жылғы мамыр айында бұл көрсеткіш 391 553 адам болса, 2026 жылғы мамырда 298 874 адамды құрады.

 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Д және Е санаттарына жататын азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жергілікті бюджет есебінен жарналар төлене бастауымен МӘМС жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда медициналық көмекке жүгінбеген азаматтардың шартты сақтандырылған мәртебесі заңда белгіленген мерзімнен өткеннен кейін автоматты түрде тоқтатылып жатқанына назарды аударамыз.

 

Қор филиалының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар арасында МӘМС жарналарын уақытылы төлемеу жағдайлары жиі тіркелген.

 

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, Түркістан облысында 33 818 азаматқа МӘМС төлемдері бойынша өсімпұл есептеліп, оның жалпы сомасы 247,9 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, жарналарды тұрақты төлемеген 21 609 салық төлеушінің жеке кабинеттеріне камералдық бақылау хабарламалары жолданған. Хабарлама алғандардың басым бөлігі білім беру саласының қызметкерлері екені анықталған.

 

Мамандардың айтуынша, мәртебені сақтау үшін МӘМС жарналары мен аударымдарын үздіксіз әрі уақытылы төлеп тұру қажет. Соңғы 12 айда төлемдерде үзіліс болған жағдайда азаматтар медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алмайды.

 

Сондай-ақ, ұзақ мерзімді еңбек демалысына шыққан қызметкерлер үшін МӘМС төлемдерін әр ай бойынша бөлек рәсімдеу аса маңызды. Егер еңбек демалысы бірнеше айды қамтыса, жұмыс беруші төлемдерді әр кезеңге жеке есептеп бөлек аударуы тиіс.

 

Қор мамандары МӘМС жүйесі азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік тетік екенін атап өтеді.

 

ТҮРКІСТАН: Қазығұртта 1000 адам қатысқан интеллектуалды ойын өтті

0

Қазығұртта 1000 адам қатысқан «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қазығұрт ауданында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында дәстүрлі «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды.

 

Зияткер жастардың басын біріктірген ауқымды жоба Қазығұрт ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратураның қолдауымен өткізілді. Ашық аспан астында өткен білім бәйгесіне мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер және түрлі сала мамандарынан құралған 200 команда, 1000-ға жуық жас қатысты.

 

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар мұндай ауқымды интеллектуалды алаңдар жастардың жан-жақты дамуына, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

 

Ал аудан прокуроры Руслан Абдраимов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтіп жатқан бұл сайыс жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әділдік пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама екенін жеткізді.

 

Аталған сайыстың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ елімізде интеллектуалды ортаны қалыптастыру.

 

Сайысқа қатысушы командалар 3 кезең бойынша өз бақтарын сынады. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған командаларға қаржылай сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, 1-орынды Қарақозы Әбдалиев атындағы мектеп командасы иеленді. Жүлде қоры – 300 мың теңге. 2-орын Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының командасына бұйырып, оларға 200 мың теңге табысталды. Ал 3-орынды «Дарын» мектебі командасы жеңіп алып, 100 мың теңге сыйақымен марапатталды.

 

«AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл 9-рет ұйымдастырылып отыр. Білімділер бәйгесі – жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ерекше алаңға айналды.

ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Халық әуені» жобасы аясында рухани кеш өтті

0

Ордабасы ауданында «Халық әуені» жобасы аясында рухани кеш өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Ордабасы ауданында ұлттық өнер мен руханиятты дәріптеуге бағытталған «Халық әуені» мәдени жобасы аясында тағылымы мол рухани кеш ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның демеушілігімен өткен жоба өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.

 

Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық өнерді ел ішінде кеңінен дәріптеу, сондай-ақ өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру.

 

Тағылымды кешке Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған өнерпаздар арнайы қатысты. Құрметті қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз Темірлан ауылындағы «Этно ауылда» қарсы алып, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті. Ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар өнерпаздар Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесіне барып, құран бағыштап, музей жұмысымен танысты.

 

Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеш барысында қазақтың дәстүрлі әндері мен халық жүрегінен орын алған шығармалар орындалып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

 

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнер майталмандарына аудан халқы атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар қазақ өнерінің көрнекті өкілі Алтынбек Қоразбаевқа  құрмет көрсетілді.

 

Кеш соңында өнерпаздардың әсерлі әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, рухани шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

Түркістанда Әзербайжан туын жерден көтерген оқушыға ерекше құрмет көрсетілді

0

Түркістанда Әзербайжан туын жерден көтерген оқушыға ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан қаласында жел ұшырып құлатқан Әзербайжан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, құрметпен орнына қойған 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлын Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы арнайы қабылдады.

Жасөспірімнің азаматтық ұстанымы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметі жоғары бағаланды. Кездесу барысында ПД бастығы Арыстанғани Заппаров жасөспірімнің азаматтық ұстанымы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметін жоғары бағалап, мұндай әрекет өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен мәдениетінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Нұрсұлтанға рухани құндылықтарды насихаттайтын жазушы Шерхан Мұртазаның кітабын сыйға тартты. Арыстанғани Заппаров оқушыға алдағы оқуына сәттілік тілеп, оның елге қызмет ететін білімді әрі саналы азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Базарбайұлы бұл кездесудің өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, көрсетілген құрметке ризашылығын жеткізді. Айта кетейік, Түркістан қаласында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам тарапынан оң бағасын алған болатын.

Оқушының бұл әрекеті Қазақстанмен қатар Әзербайжан жұртшылығының да ықыласына ие болып, екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықтың жарқын үлгісі ретінде бағаланды. Аталған кездесу жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН »: Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды

0

Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, коммуналдық салаға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау құндылықтарын дәріптеу және туған жер тазалығына деген жауапкершілікті арттыру.

Тазалық жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, шөптер орылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, Телемұнара шағын ауданында өткен сенбілікке Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек және аудан тұрғындары белсене қатысты. Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және ішкі көшелер бойында жүргізілді.

Сенбілік барысында «Ауыл» партиясы тарапынан коммуналдық сала қызметкерлеріне қолдау ретінде 50 дана шөп шабатын триммер табысталды. Бұл – еңбек адамдарына көрсетілген құрмет пен қоғамдық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев игі бастамаға қолдау білдіріп, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Жалпы сенбілікке 1100-ге жуық адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда аудан көлемінде тұрақты түрде 500 көше, 37 аялдама, 161 шақырым аяқ жол, 34 саябақ пен сквер, 50 шақырым арық-атыз және 78 шақырым ирригациялық жүйеде тазалық жұмыстары жүргізілді.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістанда жалпықалалық сенбілік өтті

0

Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері белсенді қатысып, қоршаған ортаны көркейтуге жұмылды.

 

Сенбілік барысында қызметкерлер бекітілген аумақтарды қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы 50-ден астам қызметкер қатысып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орынға шығарылды.

 

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру және өңірдің көркеюіне үлес қосу. Ұйымдастырушылар мұндай тазалық шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтты.

ТҮРКІСТАН: Мырзакентте жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастырылып жатыр

0

Мырзакентте жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастырылуда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Мақтаарал ауданында елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, аудан орталығы Мырзакент кентінде көркейту және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мадиходжаев, Әл-Фараби және Жеңіс көшелерін қамтитын жаңа аяқжол құрылысы. Ұзындығы 650 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, мектеп оқушылары, қарттар мен күнделікті жаяу қатынайтын тұрғындар үшін бұл нысанның маңызы зор.

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков пен кент әкімі Мамыр Бейсенбаев аталған құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен кеңінен танысты. Қазіргі таңда қызыл сызық аумағында орналасқан 5 тұрғын үйдің қоршаулары бұзылып, аяқжолдың жиек тастарын орнату жұмыстары жүргізілуде екен.

Құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударған Бижан Шералыұлы жауапты сала мамандарымен бірге инфрақұрылымдық жүйелердің орналасуын зерделеп, аяқжол құрылысына кедергі келтіріп тұрған газ желілерін ауыстыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тұрғындармен тілдесіп, жобаның маңыздылығын түсіндірді.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, қоршауларын жылжытуға келісім берген тұрғындарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауданның келбетін жақсартып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да оң әсерін тигізеді.

Айта кетейік, Мырзакент кентінде алдағы уақытта да абаттандыру, жол инфрақұрылымын жаңарту және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

ТҮРКІСТАН: Мақтаарал ауданының әкімі тұрғындардың мәселелеріне қатысты тапсырмалар берді

0

Мақтаарал ауданының әкімі тұрғындардың мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

«Amanat» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы ғимаратында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қоғамдық қабылдау өткізді.

Жиынға партияның аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, тиісті сала басшылары қатысты.

Қоғамдық қабылдауға келген аудан тұрғындары әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын қамқоршылардың жағдайы, оларға көрсетілетін қолдау тетіктері мен әлеуметтік мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындар елді мекенде балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін жаңа футбол алаңшасын салу қажеттігін жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімі Бақыт Асанов әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік қолдау мәселесіне қатысты заң аясында көрсетілетін көмектер мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларға байланысты ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтып, футбол алаңшасын салу мәселесін қарастыру үшін жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, олардың заң талаптарына сәйкес шешілу жолдары қарастырылатын болды.

Айта кетейік, мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, халықтың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Аудан басшылығы алдағы уақытта да тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың ұсыныс-пікірлеріне тұрақты түрде назар аударатынын жеткізді.

ТҮРКІСТАН: Сарыағашта жол бойын абаттандыру бойынша кеңейтілген жұмыс жиыны өтті

0

Сарыағаш ауданында кеңейтілген жұмыс жиыны өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев төрағалығымен Сарыағаш қаласының аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойын сәулеттік талаптарға сай абаттандыру және көріктендіру мәселелері бойынша кеңейтілген жұмыс жиыны өтті.

Жиынға Сарыағаш қаласының әкімі Айыпхан Ешанқұл, сәулет және құрылыс, қала құрылысы бөлімдерінің жауапты мамандары, сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері қатысты.

Кеңес барысында А-15 автожолы бойындағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, сондай-ақ санитарлық талаптарды сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Аудан басшысы өз сөзінде аталған жобаның негізгі мақсаты – қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және сақтау, жол бойындағы инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіру, сонымен қатар өңірге келетін туристер үшін қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыру екенін атап өтті. Осы бағытта барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау қажеттігі қатаң ескертілді. Іс-шаралар жоспарын әзірлеу, сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.