Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, коммуналдық салаға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау құндылықтарын дәріптеу және туған жер тазалығына деген жауапкершілікті арттыру.
Тазалық жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, шөптер орылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, Телемұнара шағын ауданында өткен сенбілікке Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Салыбек және аудан тұрғындары белсене қатысты. Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және ішкі көшелер бойында жүргізілді.
Сенбілік барысында «Ауыл» партиясы тарапынан коммуналдық сала қызметкерлеріне қолдау ретінде 50 дана шөп шабатын триммер табысталды. Бұл – еңбек адамдарына көрсетілген құрмет пен қоғамдық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев игі бастамаға қолдау білдіріп, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Жалпы сенбілікке 1100-ге жуық адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда аудан көлемінде тұрақты түрде 500 көше, 37 аялдама, 161 шақырым аяқ жол, 34 саябақ пен сквер, 50 шақырым арық-атыз және 78 шақырым ирригациялық жүйеде тазалық жұмыстары жүргізілді.

