Home Blog Page 2

ТҮРКІСТАН: Саурандық отбасыға баспана кілті табысталды

0

Сауран ауданында бір отбасыға баспана кілті табысталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Сауран ауданы, Ибата елді мекенінде көпшілікке қуаныш сыйлаған тағылымды шара өтіп, бір отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.

 

Аталған тұрғын үй Ибата елді мекенінің 1989 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен салынып, ел бірлігі мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналды. Түлектер туған жерге деген жанашырлық танытып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлады.

 

Шара барысында аудан әкімі игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, мұндай бастамалардың қоғамдағы ынтымақ пен ауызбіршілікті нығайтудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.

 

Жаңа баспана барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіліп, отбасының жайлы өмір сүруіне қолайлы мүмкіндік жасалған. Қоныс иелері көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін шынайы алғыстарын жеткізді.

Түркістан мен Гуйчжоу провинциясы арасында байланыс орнатылды

0

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.

 

Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, цифрлық технологиялар, туризм және өндіріс салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

 

Қанат Қайыпбек меймандарға алғыс білдіріп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды.

 

– Түркістан облысымен бауырластық қарым-қатынас орнатуға танытқан қызығушылықтарыңыз біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда өңірімізде шетелдік инвесторлардың табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау тетіктері толық жасалған. Қытай мен Еуропа елдері арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 85%-ы Түркістан облысының аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзит дәлізіне тиесілі. Мұнымен қоса, Орталық Азия өңірін Ресей және Сібір аймағымен байланыстыратын стратегиялық теміржол магистральдары да біздің облыс арқылы өтеді. Ал заманауи Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы ағынын сапалы қамтамасыз етуге толық қауқарлы. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі аясында біздің өңірде жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін 180 миллионнан астам тұтынушысы бар ауқымды нарық ашық. Бұл нарықта тауарлардың, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етілген, сондай-ақ кедендік баж салығы қолданылмайды. Бүгінгі таңда облыста инвесторларға қажетті инженерлік-коммуникациялық желілері толық тартылған жер учаскелерін ұсынатын 21 индустриалды аймақ қызмет көрсетеді. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер бар. Өңірде жоғары технологиялық және терең өңдеу өндірісін жолға қоятын жобалар үшін «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр – деді әкім орынбасары.

 

Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян Түркістан қаласының көркі мен туристік әлеуетін жоғары бағалады. Ауыл шаруашылығы, туризм, көліктік-логистика, білім, сауда және өзге де салалар бойынша әріптестік орнатып, инвестиция салуға мүдделі екенін жеткізді.

 

Кездесу соңында тараптар өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті. Алдағы уақытта екі өңір арасында бауырластық туралы келісімге қол қою бастамасы көтеріліп, осы бағытта жұмыстар жүргізілетін болды.

 

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келе жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы көпірдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

0

Мақтаарал ауданындағы А-15 республикалық автомобиль жолындағы көпірдің құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Аталған нысан аудан аумағындағы ең ірі елді мекендердің бірінде орналасқан және өңір тұрғындары үшін маңызды көлік инфрақұрылымының бірі саналады.

 

Жобаның жалпы ұзындығы 168,6 метрді құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 25,4 метр, ал жолдың ені – 9 метр. Инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны – 358 миллион теңге.

 

Көпір құрылысындағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Пірімбетов арнайы жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келді.

 

Сапар аясында ол мердігер мекеме – «TM-Bussine group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда нысанда бірқатар маңызды жұмыстар толық орындалған. Атап айтқанда, жеңіл автокөліктердің қозғалысын үзбеу мақсатында уақытша айналма жол өткелі салынды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жол белгілері орнатылып, инженерлік-коммуналдық желілердің орындары ауыстырылды. Бұдан бөлек ескі көпір құрылымдарын демонтаждау жұмыстары жүргізілді.

 

Бүгінде құрылыс алаңында жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, көпірдің қадалы іргетасын дайындау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, арматуралық қаңқаларды тоқу, қажетті тереңдікте ұңғымаларды бұрғылау және бетон құю процестері атқарылуда. Бұл жұмыстар көпірдің беріктігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Нысанда өндірістік кесте бойынша қажетті жұмысшы күші мен арнайы техникалар жеткілікті көлемде жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен талаптарға сәйкестігі тапсырыс беруші мекеме, техникалық қадағалау мекемесі және ұлттық сапа орталығы тарапынан тұрақты әрі қатаң бақылауда.

 

Жауапты мамандардың мәліметінше, көпірді күрделі жөндеу жұмыстары өндірістік жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беру көзделіп отыр.

 

Айта кетейік, аталған жоба өңірдегі көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсартуға, сондай-ақ республикалық маңызы бар жол бойындағы көлік қозғалысының үздіксіз қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізеді.

Түркістан облысында үшем дүниеге келді

0

Түркістан облысындағы №2  перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облыстық №2 облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 32 аптасында алғашқы үшем дүниеге келді. Үш сәби де — қыз балалар. Нәрестелердің туған кездегі салмақтары 1775 грамм, 1990 грамм және 1850 грамм болды.

 

Сәбилердің анасы — Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылының 38 жастағы тұрғыны Оринбаева Турсунай. Мамандығы — дефектолог-логопед. Әкесі Оринбаев Мамуржан еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Бақытты отбасы бұған дейін де үш бала тәрбиелеп отыр: екі қыз және бір ұл.

 

Дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге сәйкес анаға кесарь тілігі арқылы ота жасап, сәбилерді аман-есен босандырып алды. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын туған нәрестелердің жағдайы тұрақты. Үшемдерге туыстары Сафия, Садия және Самия есімдерін қойған.

 

Анасының айтуынша, жүктіліктің 14 аптасында №2 облыстық перинаталдық орталықтың Ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер үшем күтіп отырғанын айтқан. Бұл жаңалықты естіген сәтте ерекше толқыныс пен қобалжу сезімін бастан өткергенін жеткізді.

 

Үшемдер 22 тәуліктен кейін үйлеріне 2018 грамм, 2010 грамм және 2008 грамм салмақпен шығарылып отыр. Осы уақыт аралығында сәбилер нәрестелер жан сақтау бөлімшесінде және арнайы күтімді қажет ететін нәрестелер бөлімшесінде қажетті медициналық бақылаудан өтіп, жағдайлары толық тұрақтанған.

 

Бүгінде ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Ақ халатты абзал жандар сәбилерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірге бейімделуіне жан-жақты қолдау жасаған.

 

Салтанатты шығарып салу рәсімінде отбасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді. Үшемдердің дүниеге келуі тек отбасы үшін ғана емес, аудан тұрғындары үшін де үлкен қуанышқа айналды.

 

Мәліметке сәйкес, №2 облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылы 3 үшем дүниеге келген. Ал 2026 жылдың басынан бері орталықта 1810 нәресте өмірге келсе, соның ішінде алғашқы үшемдер және 35 егіз тіркелген.

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады

0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорда.
Жеңіс Қасымбек Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.
Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар.
Бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Елорданың қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталуда.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты.
Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ.
Қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы баяндады.
2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НӨСЕР ЖАУЫННАН КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА ӘРІ ТҰРАҚТЫ

0
Түркістан облысының Төлеби және Қазығұрт аудандарының кей аумақтарында нөсер жауын-шашын салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласына жаңбыр суы жиналып, тұрғындар үшін уақытша қолайсыздық туындады. Қазіргі таңда жауын-шашын тоқтап, жағдай тұрақталған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданында 3 тұрғын үйдің ауласы мен 1 жеке тұрғын үйге, ал Қазығұрт ауданындағы Қ.Мәмбетұлы және Жіңішке ауылдарында бірнеше үйдің ауласына жаңбыр суы кірген. Шығын анықталған жағдайда, оны демеушілер есебінен өтеу мәселесі әкімдік тарапынан қарастырылады.
Аталған аумақтарда суды бұру және су тасқынының алдын алу бағытында жедел жұмыстар жүргізілді. Апаттың салдарын жоюға 100-ден астам адам, 20-ға жуық техника және 14 мотопомпа жұмылдырылған. Арнайы жұмысшы топтар күшейтілген режимде жұмыс атқарды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қазығұрт ауданына арнайы барып, ахуалды бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Елді мекендерде кешенді жұмыстар ұйымдастырылып, барлық тиісті қызметтер толық жұмылдырылған.
Аймақтағы су нысандары мен өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.

ТҮРКІСТАН: Сайрамда өндірістік парк бой көтеріп жатыр

0

Сайрам ауданында өндірістік парк бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Сайрам ауданында өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, ауданға қарасты Ақбұлақ ауылдық округінде заманауи үлгідегі 5 өндірістік парктің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Өндірістік нысандардың жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болса, жоба үшін 1,9 гектар жер телімі бөлінген.

 

Жоспарға сәйкес, өндірістік парктер толық іске қосылғаннан кейін 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді.

 

Аталған жоба өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға және аудан экономикасының дамуына тың серпін беруге бағытталған. Өндірістік алаңдар заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тиімді жұмыс жүргізуге барлық қажетті жағдайлар жасалмақ.

 

Сонымен қатар, өндірістік парктерде түрлі бағыттағы кәсіпорындарды орналастыру көзделуде. Бұл жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс көлемін арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

ТҮРКІСТАН: «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» турнирі Жетісайдан бастау алды

0

«TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар турнирі Жетісай ауданында өз бастауын алды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар турнирі Жетісай ауданында өз бастауын алды.

Жобаның ашылуына ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев пен аудан әкімі Серік Мамытовтың қатысты.

«Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, тәртіпті, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жобаның жоғары деңгейде өтуіне Жетісай ауданының әкімдігі мұрындық болды. Жас буынның бойында жауапкершілік, патриотизм, заңға құрмет пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал ететін ауқымды бастамаға ауданның 14 пен 35 жас аралығындағы 200-ге жуық жас қатысып, бекітілген ережеге сәйкес белтемірге тартылып, қоссырықта жаттығу жасады. Жерден қолды бүгіп-жазу арқылы өзара мықтыларды анықтады. Айта кетейік, сайысқа қатысушылардың ең жасы 14 жаста болса, ең қарт қатысушы 76 жаста.

Сондай-ақ жоба аясында спорттық жарыстармен қатар танымал спортшылар, фитнес-жаттықтырушылары мен ұйымдастырушылар тарапынан жиналғандарға ақпараттық-түсіндіру кездесулері, мотивациялық алаңдар, профилактикалық әңгімелер және жастармен ашық диалогтар ұйымдастырылды.

Шара барысында жастарған дропперліктің қауіптілігі, банк карталарын бөтен адамдарға пайдалануға берудің заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндіріліп, қатысушыларды қаржылық алаяқтықтан сақ болуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға шақырылды.

Жоба аясында бекітілген кестеге сәйкес облыстың барлық аудан-қалаларында өтетін жарыстың аудандық кезеңдерінің үздіктері шілде айында ҚР жаңа Конституциясының қабылдану күні қарсаңында финалдық кездесулерде жеңімпаздарды анықтайтын болады. Оза шапқандар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, сайысқа қатысуға өтінімдер барлық аудан-қалалардағы «Жастар ресурстық орталықтары» арқылы қабылданады.

ТҮРКІСТАН: Сарыағашта өндірістік парк құрылысы қарқынды жүріп жатыр

0

Сарыағаш ауданындағы өндірістік парктің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен барлық аудан, қалада өндірістік парктер салынып жатыр. Мақсат – жұмыс орындарын көбейту. Бұл тірліктер Сарыағаш ауданында да атқарылып келеді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өндірістік парк аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейін зерделеді.

 

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы инвесторлар мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс нысандарындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Сонымен қатар жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне назар аударды.

 

Қазіргі таңда өндірістік аймақта орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарына сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңдарында қажетті инфрақұрылымдарды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасу үстінде.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын өндірістік алаңдар салынды.

 

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгеге, индустриялды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар аудандар мен қалаларда 214 гектар аумаққа шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл аймақтарда 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда. Нәтижесінде, 5 218 жұмыс орны құрылмақ. Осы бастама аясында өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Түркістанда заң мен құқық саласындағы жетістіктер сараланды

0

Түркістанда заң мен құқық саласындағы жетістіктер сараланған жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістандағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық соттың судьялары, мамандандырылған әкімшілік сот судьялары, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар мен жеке сот орындаушылар, өңірлік департаменттер мен басқармалар басшылары, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілдері қатысты.

 

Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов ашып, әкімшілік әділет саласының еліміздегі құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызын атап өтті. Ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге жол ашқанын айтты.

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, аталған заңның халықтың құқықтарын қорғаудағы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты арттырудағы рөліне тоқталды.

 

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі – осы стратегиялық бағыттағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Әсіресе, «тыңдалу құқығы» қағидатының енгізілуі қандай да бір шешім қабылданар алдында азаматтың пікірі ескеріліп, уәжі тыңдалып, мәселені жан-жақты қарау тәжірибесін қалыптастырды. Өткен бес жыл ішінде Кодекстің қабылдануына орай, мемлекеттік басқару жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Халық пен мемлекеттік орган арасындағы ашық диалог нығайды. Өтініштерді қарау сапасы артты. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі арта түсті. Әрине, бұл жетістіктердің артында судьялардың, заңгерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Сіздер заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осынау мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге абырой тілеймін! Әділдік туы желбіреген Тәуелсіз Қазақстанымыз заң үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің әлемдік озық үлгісіне айнала берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

 

Маңызды жиында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев құттықтау сөз сөйлеп, әкімшілік әділет жүйесінің құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі орнына назар аударды. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құқықтық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне тоқталды.

 

Жиын барысында әкімшілік әділет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

 

Дөңгелек үстелде әкімшілік әділет жүйесінің бес жыл ішіндегі жетістіктері, сот тәжірибесіндегі жаңашылдықтар, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы тиімді тетіктер мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Қатысушылар әкімшілік соттардың қоғамдағы сенімді арттыру мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі жыл сайын күшейіп келе жатқанын атап өтті.