Сайрам ауданында өндірістік парк бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Сайрам ауданында өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, ауданға қарасты Ақбұлақ ауылдық округінде заманауи үлгідегі 5 өндірістік парктің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Өндірістік нысандардың жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болса, жоба үшін 1,9 гектар жер телімі бөлінген.
Жоспарға сәйкес, өндірістік парктер толық іске қосылғаннан кейін 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді.
Аталған жоба өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға және аудан экономикасының дамуына тың серпін беруге бағытталған. Өндірістік алаңдар заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тиімді жұмыс жүргізуге барлық қажетті жағдайлар жасалмақ.
Сонымен қатар, өндірістік парктерде түрлі бағыттағы кәсіпорындарды орналастыру көзделуде. Бұл жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс көлемін арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

