Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша дайындық жұмыстары пысықталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысының ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына орай әкімдік тарапынан 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Өңірде Екінші дүниежүзілік соғысының 9 ардагері тұрады. Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға санаттары бойынша 50 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсету жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздің «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша іс-шара жоспары кеңінен талқыланып, атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаеваның баяндауынша, іс-шаралар жоспары тек мерекелік күндерді ғана емес, жыл бойы орындалуы қамтылған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер саны 3 305 адам. Оның ішінде, ҰОС ардагерлері – 9. Олар Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сарам, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында тұрады. ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер саны 227 болса, тыл еңбеккерлері – 3 069. Түркістан облысында ҰОС Жеңістің 80 жылдығына орай 3 305 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсету үшін аудан, қала бюджеттері есебінен 242,0 млн.теңге қаржы қаралды.
Одан бөлек, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталатын адамдардың тізімі жасалуда. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында аудан, қала әкімдіктері арқылы әлеуметтік картасы жасақталды. Олардың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайы сараланды. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан жыл басынан 500-ге жуық ардагерге медициналық қызмет көрсетілді. Бұл қызмет жыл бойы көрсетілетін болады. Сонымен қатар «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйі» арқылы айына 400-ге жуық, жылына 7 800 егде жастағы адамдарға сауықтыру қызметтері көрсетіліп келеді.
Жиында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев іс-шара жоспары туралы баяндады. Жеңістің 80 жылдығы аясында облыста ауқымды іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, батырлардың есімдерін насихаттау мақсатында түрлі конкурстар, экскурсиялар, ғылыми-практикалық конференциялар, «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойындары, бұқаралық спорттық шаралар, әскерлердің шеруі өткізіліп, мерекелік концерттер, тақырыптық кино кештері, архив құжаттары топтамасынан көрме, кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда.
«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған пойызын іске қосу аясында ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы стансалардың тұрғындарына негізгі медициналық білікті мамандар тарапынан тегін емдеу шаралары ұйымдастырылуда.