Фото:depositphotos.com
Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеген.
Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
Айта кетейік, бірнеше сағат бұрын Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, оқыс апат орын алған болатын.
ТЖМ мәліметінше, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніште іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жетінші қызметкердің денесі табылды.
Ведомство мәліметінше, барлық жеті жұмысшының денесі жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылған. ТЖМ жедел штабында ашылған жедел желіге осы уақытқа дейін 23 қоңырау түскен. Бұған дейін ТЖМ авариялық-құтқару қызметтері алты жұмысшының денесін тапқанын, жетінші жұмысшыны іздеу жалғасып жатқанын хабарлаған болатын. Еске салсақ, дүйсенбі күні Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалған болатын. Кейіннен кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс үзілгені хабарланды.