HomeМәдениет«Ән аға-Жан аға» концерті өтті

«Ән аға-Жан аға» концерті өтті

Шымкент қаласында «Ән аға – Жан аға» атты мазмұны ерекше концерттік кеш өтті.
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен кеш қазақ вальсінің королі, дара композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға, оның таңдаулы әндерімен қатар бұрын-соңды сахнада орындалмаған туындыларын көрерменге таныстыруға арналды.
Әуезді ән мен ұлттық өнердің үндестігін айшықтаған кеш Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблі және «Тұмар» фольклорлық ансамблінің, Скрипкашылар оркестрінің сүйемелдеуімен өрбіді.

Концерттің көркін еселеген өнер майталмандары қатарында Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы, республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен филармонияның танымал әншілері мен «Фараб», «Ғасыр» би ансамблдері өнер көрсетті.

Кештің басты ерекшелігі – көрерменнің Шәмші әндерін тыңдап қана қоймай, әр шығарманың мазмұнын ашатын ерекше сахналық қойылымдарды тамашалауында болды.

Сондай-ақ, бұрын-соңды көпшілікке ұсынылмаған «Бір әнім», «Ерлердің Отаны» сынды тың туындылардың және композитордың әнінің шет тілінде орындалауы кештің тарихи әрі тағылымдық маңызын арттыра түсті.

Ұқсас жазбалар