HomeМәдениетТҮРКІСТАН: «Кітап оқитын ұлт» жобасын сапалы әрі жүйелі жүзеге асыру мәселелері талқыланды

ТҮРКІСТАН: «Кітап оқитын ұлт» жобасын сапалы әрі жүйелі жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасын өңірде сапалы әрі жүйелі жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Жиында өңірдегі кітапхана саласының бүгінгі әлеуеті жан-жақты сараланып, атқарылған жұмыстар мен алдағы ауқымды міндеттер қатаң пысықталды.

 

Жиында облыс әкімі кітап оқу – өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлтқа айналудың ең төте жолы екенін айтты. Мемлекет басшысының «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан» деген сөзін негізге ала отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды формальды есеп үшін емес, сапалы деңгейге көтеру қажеттігін жүктеді.

 

– Жобаны тек қағаз жүзіндегі науқаншылдыққа айналдырмау керек. Барлық іс-шаралар ауқымды, креативті идеялармен толықтырылып, тарих пен ұлттық құндылықтарды насихаттаумен тығыз байланысуы тиіс. Тұтас өңірді қамтитын стратегиялық жоспар нақты нәтиже беруі шарт, – деді Нұралхан Көшеров.

 

Өңірдегі атқарылған жұмыстар туралы баяндаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықов бүгінгі таңда Түркістан облысында халыққа 391 кітапхана қызмет көрсетіп жатқанын жеткізді. Саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жыл басынан бері 3 ауылдық кітапхана жаңадан ашылып (Бәйдібек, Түлкібас, Сарыағаш аудандарында), 8 кітапхана заманауи жаңа ғимараттар мен мәдениет үйлеріне көшірілген.

 

Жиында саланы цифрландыру және материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аудандық және қалалық кітапханаларға облыстық «Фараб» кітапханасы қолданатын заманауи ИРБИС автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін бірыңғай орталықтандырылған жүйе ретінде енгізу қолға алынды. Жергілікті бюджет есебінен кітап қорын толықтыру көрсеткішінің арқасында жаңа әдебиеттерді сатып алу қарқыны артып, жалпы кітап қоры 6 миллионнан асты.

 

«Кітап оқитын ұлт» марафонының көрсеткіштері де кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда өңірден 13 321 оқырман марафонға қатысып кітап оқыған, ал жиналған жалпы ұпай саны 9 миллионнан асқан. Мектеп оқушылары, колледж студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, әулеттер, зияткерлер мен «Парасат» бағыты бойынша мыңдаған азаматтар белсенділік танытуда.

Кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында өңірде бірқатар инновациялық және дәстүрлі жобалар сәтті жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Жылжымалы кітапхана» жобасы арқылы шалғайдағы 34 елді мекенге, сауда орталықтарына, жастар ресурстық орталықтарына, әскери бөлімдер, оңалту орталықтары мен балалар ауруханаларына арнайы пункттер ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ «Алтын формуляр», «12 айда – 12 кітап», «Кітап үні» (көзі көрмейтін азаматтарға арналған аудио қор), «Түнгі кітапхана», «Құмсағат», «Фараб оқырман клубы» және «KoneBook» жобалары оқырмандар тарапынан жоғары баға алуда. Халықаралық ынтымақтастық аясында Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстан кітапханаларымен меморандумдар түзіліп, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылған.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне «Кітап оқитын ұлт» жобасын аудан, қала деңгейінде әрі қарай жандандырып, жұмыстарды еселеуді міндеттеді. Оқырмандар мен жастардың сұранысын жіті зерделей отырып, кітап қорын заманауи көркем, тарихи және танымдық әдебиеттермен жүйелі түрде толықтыруды қатаң тапсырды.

Ұқсас жазбалар