Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде SAIRAM-SU TRAIL 2026 халықаралық тау жүгіру жарысы ұйымдастырылды. TURKISTAN ENERGY бастамасы аясында өткен спорттық шараға 700-ге жуық кәсіби спортшы мен әуесқой қатысты.
11 қазанда өткен жарысқа Қазақстанның бес облысынан, Орталық Азия және ТМД елдерінен, соның ішінде Ресейден келген жүгірушілер қатысты. Сондай-ақ АҚШ-тан бір спортшы арнайы келді. Жанкүйерлер мен қонақтарды қосқанда, іс-шараға жиналғандардың жалпы саны 1000-ға жуықтады.
Сайрам-Судың көркем табиғаты аясында өткен жарыста қатысушылар 5 және 8 шақырымдық қашықтықтар бойынша бақ сынады. Сайыс кәсіби спортшылармен қатар, жүгіруді енді бастаған әуесқойларға да өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты.
Жарыстың негізгі мақсаты – Түркістан облысының табиғи әлеуетін таныту, экологиялық және спорттық туризмді дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау әрі өңірге туристер тарту. Әртүрлі елдер мен аймақтардан келген қатысушылардың басын қосқан шара Түркістанның халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу мүмкіндігін де көрсетті.
Іс-шараны өңірдің туристік әлеуетін дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында жұмыс істейтін «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Мұндай жарыстар өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті кәсіпкерлікке серпін беріп, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және басқа да туристік қызметтерге сұранысты ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге ұлттық табиғи парктерде жауапты туризм мәдениетін қалыптастыруға және табиғи байлықты сақтаудың маңызын насихаттауға мүмкіндік береді.
SAIRAM-SU TRAIL 2026 жарысы Түркістан облысында тау және оқиғалық туризмді дамытуға, өңірдің табиғи көрікті жерлерін кеңінен танытуға бағытталған бастамалардың бірі болды.

