Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін су ресурстарын үнемдеу және заманауи суару технологияларын кеңінен енгізу міндеттерін айқындады. Үкімет су ресурстарына түсетін жүктеменің артуына байланысты аграрлық секторда суды пайдалану тәсілдерін кезең-кезеңімен жаңғыртып, су ысырабының алдын алуға және суару тиімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау шаралары кеңейтіліп, суару инфрақұрылымы жаңғыртылуда, сондай-ақ суару жүйелеріне қажетті жабдықтардың отандық өндірісі дамып келеді. Егіндік суға сұранысы жоғары әрі трансшекаралық су көздеріне тәуелді өңірлерге ерекше көңіл бөлінуде. Жүзеге асырылып жатқан шаралар шаруалардың суды тиімді пайдаланатын заманауи суару технологияларына көшуіне мүмкіндік беруде, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Үш жылда 237 мыңнан 700 мың гектардан астамға дейін
Мемлекет басшысының суармалы жерлерде жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтті.
Осыған орай, 2023 жылы заманауи суару жүйелері шамамен 30 мыңға гектар алқапқа енгізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 152,8 мың гектарды, 2025 жылы 153,6 мың гектарды, ал 2026 жылдың басынан бері 158,8 мың гектарды құрады.

