Түркістан қаласында отандық өндірушілердің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге, өткізу арналарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялар мен сауда алаңдарының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында өңірлік бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық өнімнің өткізілуін кеңейту және кәсіпорындардың экспортқа шығуына қажетті жағдайлар жасау мәселелері қаралды.
Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайыпбек Қайыпбек сөз сөйлеп, өңір кәсіпкерлігін дамыту және өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, экспорт көлемін ұлғайтуды және қазақстандық тауарлардың жаңа сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Осы міндеттерді іске асыруда мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылы шешуші мәнге ие. Сондықтан Кеңестің жұмысы нақты мәселелерді талқылаумен шектелмей, оларды жүйелі түрде шешуге бағытталуы тиіс. Бүгінде Түркістан облысының экспорттық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Соңғы үш жылда облыс экспорты 142%-ға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – өңірдегі өндірістің кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділіктің артып, сыртқы нарықтарға бағдарланған кәсіпорындар санының өсіп келе жатқанының нақты нәтижесі. Өнімдеріміздің экспорттық географиясы да кеңеюде. Түркістан кәсіпкерлері Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен қатар, Түркия, Иран және Еуропа нарықтарына шығуда. Ендігі кезеңдегі негізгі міндет – экспорт көлемін ұлғайтумен қатар, оның құрылымын сапалық тұрғыдан өзгерту. Шикізат экспортын қысқартып, терең өңделген, жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін арттыру қажет. Бізде қажетті өндірістік база, ауыл шаруашылығы ресурстары және экспорттық нарықтарға шығу тәжірибесі қалыптасқан. Мемлекеттік органдар, даму институттары және бизнес арасындағы үйлесімді жұмыс арқылы Түркістан облысының экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға толық мүмкіндік бар. Басты мақсатымыз – Түркістанда өндірілген өнімнің ішкі нарықтағы ғана емес, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға шақырамын, – деді Қанат Қайыпбек.
Түркістан облысы – еліміздің агроэкспорттық әлеуетін қалыптастырып отырған жетекші өңірлердің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сиыр еті экспортының 80%-ы, қой еті экспортының 75%-ы облыс үлесіне тиесілі болды. Сондай-ақ Түркістан облысы жеміс-көкөніс өнімдерінің экспорты бойынша республикада бірінші орында. Түркістан облысынан уран, мақта және мақта талшығы, тоңазытқыш, өсімдік майы, сусындар, балық өнімдері, трансформаторлық жабдықтар, жиһаз және басқа да өңделген өнімдер сыртқы нарықтарға шығарылуда.
Кеңес барысында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Калигазин Түркістан облысы өндірушілерінің өткізу арналарын кеңейту және экспорттық ілгерілетудің практикалық тетіктеріне тоқталып, осы бағытта Ұлттық палата тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
– Бүгінгі таңда отандық өндіруші үшін сапалы өнім шығару ғана жеткіліксіз. Өнімнің нарықтағы танымалдығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрақты жеткізілімді жолға қою, заманауи қаптама, тиімді логистика және сауда серіктестерінің талаптарына сәйкестік маңызды. Сондықтан біз өндірушіні ішкі нарықтағы өткізу арналарынан бастап тұрақты экспортқа дейін жеткізетін нақты әрі біртұтас маршрут қалыптастыруға басымдық береміз, – деді Аслан Калигазин.
«Атамекен» ҰКП тарапынан Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» брендімен отандық өнімдерді қолдау және ілгерілету жөніндегі кешенді бағдарлама жобасы әзірленген. Жоба ішкі нарыққа шығу, өнім сапасын стандарттау, ұлттық брендті ілгерілету және экспортты қолдау бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар импорт үшін маңызды тауарлар, шикізат пен жиынтықтауыштарға талдау жүргізіліп, оларды жергілікті жерде өндіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Отандық өнім экспортына кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қарау, сондай-ақ маркетплейстер мен логистикалық серіктестер арқылы жаңа өткізу арналарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Басты міндет – кәсіпкер үшін қолдау шараларын жекелеген әрі бір-бірінен бөлек құралдар ретінде емес, нақты нәтижеге жеткізетін бірыңғай жүйе ретінде қалыптастыру. Бұл ретте «ҚазСтандарт» өнімнің стандарттар мен белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етсе, QazTrade экспорттық өнімдерді ілгерілетуге және перспективалы нарықтарды анықтауға бағытталған қолдау көрсетеді. «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық тәуекелдерді сақтандыру құралдарын ұсынады, ал Қазақстанның Даму Банкі ірі инвестициялық және экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға қатысады.
Ал «Атамекен» ҰКП-ның міндеті – кәсіпкерді қажетті қолдау құралдарымен, өткізу арналарымен және сыртқы нарықтармен байланыстырып, осы процесті сүйемелдеу.
Іс-шара барысында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысының міндетін атқарушв Қанат Шонбасов, Қазақстанның Даму Банкі АҚ басқарушы директоры Нұрлан Қожағұлов, «KazakhExport» ЭКА АҚ басқарушы директоры Елена Абилова, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ Бас директорының орынбасары Әли Умаров, сондай-ақ QazIndustry және «ҚазСтандарт» өкілдері өз бағыттары бойынша баяндама жасады.
Кеңестің келесі бөлімі қазақстандық өнімдерді ірі сауда желілері мен электрондық коммерция алаңдары арқылы өткізу мүмкіндіктеріне арналды. Magnum E-commerce, «Скиф Трейд» ЖШС (SMALL) және Wildberries өкілдері кәсіпкерлерге өздерінің сауда платформалары мен өткізу арналарына шығу мүмкіндіктерін таныстырды.
Кеңестің қорытынды бөлімінде кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелері талқыланды. Өңір экспорттаушылары тарапынан шекаралық өткізу пункттеріндегі рәсімдерді жеделдету, жылдам бұзылатын өнімдерді тасымалдайтын рефрижераторлық көліктерге басымдық беру, электрондық кезек тетіктерін жетілдіру, экспорттық тәуекелдерді сақтандыру және шетелдік нарықтарға шығуды қаржылық әрі сервистік қолдау мәселелері көтерілді.
Кәсіпкерлердің сұрақтарына Қазақстанның Даму Банкі, QazTrade, «KazakhExport», «ҚазСтандарт» және QazIndustry өкілдері жауап беріп, қолданыстағы қолдау құралдары мен оларды пайдалану тәртібін түсіндірді.
Түркістан облысы үшін кәсіпорындарды экспортқа дайындаудың нақты алгоритмін қалыптастыру ұсынылды.
«MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесінің қорытындысы бойынша кәсіпкерлер мен экспорттаушылардың ұсыныстарын ескере отырып, отандық өнімнің өткізу нарықтарын кеңейту, экспорттық кедергілерді азайту және өңір кәсіпорындарын сыртқы нарықтарға жүйелі түрде шығару бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Басты мақсат – Түркістанда өндірілген өнімнің нарықтағы үлесін арттырып қана қоймай, «Made in Turkistan» брендімен бәсекеге қабілетті өнімдерді жаңа нарықтарға шығару және өңір кәсіпорындарының тұрақты экспорттық әлеуетін қалыптастыру.

