HomeӘлемдеҚасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды АҚОРДА.

 

Ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай бестігінен» бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.

 

ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді.

 

Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады.

 

Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған.

 

ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі.

 

Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады.

 

Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады.

 

Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. «Үш зұлым күшпен» – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр.

 

Күш-жігер жұмылдыру нәтижесінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалды. Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отырмыз.

 

Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 

Қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады.

 

Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн.

 

Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді.

 

Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.

 

Ұқсас жазбалар