Жетісайда «Мектепке жол» акциясы аясында 750-ге жуық балаға демеушілік көмек көрсетілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Жетісай ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге бағытталды.
Жетісай қаласындағы орталық саябақ аумағында өткен акцияға 750-ге жуық бүлдіршінге демеушілік жасалып, мектепке қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді.
Аталған шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгежиева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев пен қала әкімі Нұрлыбек Бахтияров, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева мен кәсіпкерлер арнайы қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Жұртшылыққа акцияның мән-маңызын түсіндірді.
Ата-аналар мен тұғындардың қатысуымен өткен жәрмеңкеде облыс және аудан аумағындағы мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілері мен сатушылары, кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттарды сатушы кәсіпкерлер сабаққа қажетті оқу құралдарын, кітап-дәптерлер мен қалам-сөмкелерді, мектеп формаларын базар бағасынан 30 пайызға дейін төмен бағада ұсынды.
Жәрмеңкеде аудан өнерпаздары келушілерге әннен шашу шашып, концерттік бағдарламаларын ұсынды.

