Отандық тауар өндірушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар құруға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде орнықты өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, ірі кәсіпорындарды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды.
Кепілдендірілген сұраныс: мемлекеттік сатып алулар отандық бизнесті қолдау құралына айналады
Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.
Отандық кәсіпорындар өз өнімдерін кепілді өткізуді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы алады. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады.
Қор инфрақұрылым мен энергетикада 62 басым жобаны жүзеге асырып, қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде.

