Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғары нәтижесін көрсетті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің спорт саласын жан-жақты қолдауының арқасында өңірде спорт инфрақұрылымы жаңарып, бұқаралық спорт кеңінен дамып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілді.
Өңірде халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсететін спортшыларды даярлау мақсатында 24 басым спорт түрі айқындалып, қаржыландыру жүйесі осы бағыттарға қайта бағдарланды. Бұл тәсіл спорт саласындағы қаражатты тиімді пайдаланып, нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуге мүмкіндік берді.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына енген Түркістан облысының спортшыларының саны 798-ге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 спортшыға артық.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысында облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы 876 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 281 алтын, 307 күміс және 288 қола медаль бар. Жүлделердің 795-і Қазақстан чемпионаттарында, 66-сы Азия чемпионаттарында, ал 15-і әлем чемпионаттарында еншіленді. Бұл көрсеткіштер Түркістан спортының жыл сайын қарқынды дамып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Азия ойындарына дайындық жұмыстары да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының 27 спортшысы жазғы Азия ойындарының лицензиясын жеңіп алса, тағы 5 спортшы Пара Азия ойындарының жолдамасына ие болды. Бұл алдағы дүбірлі додада өңір спортшыларының жоғары нәтиже көрсетуіне үлкен мүмкіндік береді.
Облыста спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Түркістан облысында бірқатар жаңа спорт нысандары пайдалануға беріледі. Жаңа кешендер тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, халықаралық талаптарға сай спортшылар даярлауға жол ашады. Ескек есу кешенінде Азия чемпионаты өтті.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда облыстағы 51 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 39 969 бала тұрақты түрде спортпен айналысады. Сонымен қатар спорт мекемелерінің қызмет тиімділігін арттыру мақсатында KPI жүйесі енгізіліп, ұйымдардың жұмысы нақты нәтижелер бойынша бағалануда.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 149 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 159 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бұл көрсеткіштер халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тиімділігін айқын көрсетеді.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жүргізіп отырған жүйелі жұмыстар мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижесінде Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік үштікке еніп, 3-орынды иеленді.
Түркістан облысында алдағы уақытта да халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшылардың санын арттыру, заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту, балалар және бұқаралық спортты кеңінен қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

