HomeЖаңалықТүркістан облысында экологиялық қауіпсіз әдіспен 800 тоннадан астам табиғи уран өндірілді

Түркістан облысында экологиялық қауіпсіз әдіспен 800 тоннадан астам табиғи уран өндірілді

Түркістан облысында экологиялық қауіпсіз әдіспен 800 тоннадан астам табиғи уран өндірілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы – Қазақстан әлемдегі жетекші уран өндіруші елдердің бірі ретінде атом өнеркәсібіндегі стратегиялық әлеуетін тұрақты түрде нығайтып келеді. Елдегі уран өндірісінің толық технологиялық тізбегі – кен өндіруден бастап атом энергетикасына қажетті өнім шығаруға дейін – халықаралық талаптарға сай жүзеге асырылуда.

 

Түркістан облысындағы «Батыс Мыңқұдық» кенішінде табиғи уранды өндірудің ең тиімді әрі экологиялық қауіпсіз тәсілдерінің бірі – жерасты ұңғымалық шаймалау әдісі қолданылады. Бұл технология дәстүрлі ашық карьер қазуды қажет етпейді: арнайы ерітінді шамамен 350 метр тереңдікке жіберіліп, тау жынысынан уранды ерітіп, жер бетіне шығарады. Нәтижесінде жер бедері сақталып, қоршаған ортаға әсер барынша азаяды.

 

Кәсіпорында өндірістік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау басты басымдықтардың бірі болып табылады. Заманауи технологиялық шешімдер өндіріс процесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, халықаралық экологиялық стандарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

 

«Жерасты ұңғымалық шаймалау – бүгінгі таңда ең тиімді әрі экологиялық қауіпсіз әдістердің бірі. Бұл технология Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен қолданылады», – дейді кеніштің геология-геотехнологиялық қызметі бастығының орынбасары Айгерім Дүкенбаева.

Өткен жылы «Батыс Мыңқұдық» кенішінде 800 тоннадан астам табиғи уран өндірілді. Өндірілген шикізаттан уранның шала тотығы-тотығы (U₃O₈) дайындалып, атом энергетикасы саласына арналған экспорттық өнім ретінде Азия, Еуропа және Америка елдеріне жөнелтіледі.

 

Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша жаһандық көшбасшылық орнын сақтай отырып, қауіпсіздік, технологиялық тиімділік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарына негізделген тұрақты өндірісті дамыту бағытын жалғастырып келеді.

Ұқсас жазбалар