Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар берілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
2026 жылы Түркістан облысында халықтың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантпен 1450 азаматты қамту жоспарланған.
Гранттарды беру екі лек бойынша жүзеге асырылады. Оның алғашқы легі 2026 жылдың 24 маусымы мен 7 шілдесі аралығында өткізілді.
Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған грантқа облыс бойынша 1542 азамат өтініш берген. Бизнес-жобаларды қорғау бойынша комиссия отырыстары 13-15 шілде күндері әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы ашық форматта ұйымдастырылды.
Комиссия отырыстарына 1405 үміткер қатысып, 137 азамат белгісіз себептермен қатыспады. Нәтижесінде комиссия шешімімен 729 азаматтың бизнес-жобасы қолдау тауып, грант иегері атанды.
Грант иегерлерінің қатарында 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 528 көпбалалы отбасы мүшесі, 119 мүгедектігі бар азамат, 53 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ана, 22 асыраушысынан айырылған азамат және 1 қандас мәртебесіне ие азамат бар.
Қайтарымсыз грант қаражаты өндіріс, техникалық қызмет көрсету, мал және құс шаруашылығы, көкөніс өсіру, қолөнер бұйымдарын өндіру, сондай-ақ тамақ өндірісі бағыттарындағы жаңа кәсіптерді ашуға және дамытуға бағытталуда.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды қолдау тетігі болып табылады.

