Қазақстандықтардың дербес деректерінің таралуы туралы ақпаратты енді азаматтардың өздеріне хабарлау міндетті болады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстанда алғаш рет жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздік және кибермәдениет негіздеріне оқытуға міндеттелді, ал цифрлық жүйелердің иелері олардың қорғалу деңгейіне жыл сайын аудит жүргізуге тиіс болады. Бұл және басқа да жаңашылдықтар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қабылданған Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заңда көзделген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Киберқауіпсіздік туралы» заң алғаш рет мемлекеттік органдар мен ұйымдардың цифрлық жүйелерін қорғаудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырып, елдің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жүйелі тәсілін енгізеді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі ретінде Еңбек кодексінде жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениет талаптарын сақтау жөніндегі міндеттері бекітілді.
«Бұл норма әрбір қызметкердің өзінің цифрлық қауіпсіздігін қорғауға қажетті базалық білім мен дағдыларға ие болуына, сондай-ақ ақпараттық жүйелер мен қызметтік деректерді қауіпсіз пайдалануға бағытталған. Жұмыс берушілер ішкі ережелерді бекітіп, қызметкерлерді оқытуды ұйымдастырады», – деді Досжан Мұсалиев.

