Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын аралап, жобалардың орындалу қарқыны мен сапасын бақылады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Шаһар басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысты. Бүгінде 5 қабатты 22 тұрғын үйдің 13-нің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 9 тұрғын үйді биыл “Отбасы банк” арқылы тұрғындарға тапсыру жоспарланған. Жалпы аумағы 7,74 гектарды құрайтын тұрғын үй кешенінде 880 пәтер бар.
Сонымен қатар, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті ойын және спорт алаңдары, автотұрақтар мен өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандары қарастырылған.
Жұмыс сапары барысында қаланың сәулеттік келбетін айқындайтын жаңа жобалардың бірі – Рәміздер алаңының құрылысы да таныстырылды. Жаңа қала аумағында бой көтеретін бұл нысан өңірдің сәулеттік келбетін толықтыра түспек. Осыған байланысты қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға барлық нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтап, пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

