QULAGER.KZ. AI-Sana бағдарламасын іске асырудың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан университеттерінде жасанды интеллект саласында жүздеген қолданбалы жобаның әзірленуі. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде негізгі назар жасанды интеллект құзыреттерін қалыптастыруға және кадрлар даярлауға аударылса, бүгінде студенттер нақты салалық міндеттерді шешуге арналған өздерінің цифрлық шешімдерін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Бағдарламаның екінші кезеңі аясында еліміздің 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1 500-ден астам куратор білім алып жатыр. Осы уақыт ішінде бағдарлама қатысушылары ұлттық компаниялар мен экономиканың басым салаларындағы қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған 442 жасанды интеллект шешімін әзірледі. Бұл жобалар білім беру мен ғылымнан бастап денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы және өнеркәсіпке дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Жобалардың ең көп саны білім беру саласында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта оқыту сапасын арттыруға, білім беру үдерісін жекелендіруге және әкімшілік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған 188 шешім әзірленген. Бұл көрсеткіш жоғары оқу орындарының тек маман даярлайтын орталық қана емес, сонымен қатар өз технологиялық өнімдерін жасайтын алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Ең табысты жобалардың қатарында бүгінде тәжірибеде қолданылып, жоғары сұранысқа ие шешімдер де бар. Соның бірі – Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген AI-Talapker жобасы. Бұл – ҰБТ және жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес беретін AI-чат-боты. Бүгінгі таңда жүйе 69 мыңнан астам пайдаланушының өтінішін өңдеп, мамандарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, талапкерлер үшін ақпараттың қолжетімділігін арттырды.

