1 шілде – Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай Түркістан қаласындағы «Khanshayim Plaza» кешенінде «ӘDILET» партиясы жастарының ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция: жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер» атты ақпараттық акция ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратын Жаңа Конституциясы қабылданған болатын. Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам қалыптастыру және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған негізгі қағидаттар айқындалған.
Акцияға партия мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға Жаңа Конституцияның негізгі нормалары мен ел дамуындағы маңызы түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар тұрғындармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, Конституцияның қоғамдағы рөлі туралы ақпараттық материалдар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституцияның қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру.

